Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:45, 26 Наурыз 2025

Әлиевтің сәтсіз дебюті және капитанның 20 млн жалақысы

Әли Әлиев пен Асхат Тағыберген
Әли Әлиев пен Асхат Тағыберген

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатына іріктеу турнирі аясындағы алғашқы матчын өткізді. Өкініштісі, 22 наурыздан 23 наурызға қараған түні Кардифф қаласындағы Cardiff City стадионында Уэльс құрамасымен кездескен Әли Әлиев шәкірттері 3:1 есебімен жеңіліп қалды.

 

 

Әрине, ФИФА рейтингінде 29-орында тұрған (бізден 81 саты жоғары), құрамындағы ойыншылардың көбі Англия чемпионаттарында доп тебетін Уэльс құрамасы бұл ойында айқын фаворит болған. Бірақ осыдан бірер жыл бұрын сырт алаңда Финляндия, Словакия, Солтүстік Ирландия сияқты командаларды жеңгенімізді және құрама тізгінін жаңа бапкер ұстағанын ескеріп, жігіттер Ұлыбритания жерінде қайрат көрсете ме деп үміттенгеніміз рас.

Қазақстан мен Уэльс құрамасы бұған дейін бірде-бір мәрте кездеспеген. Өзара бейтаныс құрамалар. 2024 жылғы маусымдағы Ұлттар лигасында екі команда да В дивизионында бақ сынады. Бірақ нәтиже мүлде басқаша болды. Уэльс ойыншылары Түркия, Исландия және Черногория құрамасынан басып түсіп, өз тобында бірінші орын алды. Келер жылы олар А лигасында өнер көрсетеді. Ал ресейлік жаттықтырушы Станислав Черчесов тізгінін ұстаған Қазақстан құрамасы Норвегия, Аустрия және Словенияға қарсы 6 матчта жалғыз ұпай жинап, өз тобында соңғы орын алды әрі С дивизионына түсіп қалды.

Қазақстан құрамасы Ұлыбританияға аттанбас бұрын Түркияда Кюрасао футболшыларымен жолдастық кездесу өткізіп, 2:0 есебімен жеңіске жеткен. Бірақ бұл ойын жабық режимде, жасырын өткендіктен ФИФА статистикасына ене қоймайды. Яғни оны ресми жолдастық кездесу дегеннен гөрі, дене қыздыруға арналған қарапайым матч деген жөн.

Біздің футболшылар Түркияның Анталия қаласына 10 наурыздан бастап жиналған. Басқа елдер ФИФА күнтізбесіне дейін наурыз айында ішкі чемпионаттың 3 турын өткізеді. Ал Қазақстан футбол федерациясы елден ерек 2 тур ғана өткізіп, құрамаға дайындыққа көп уақыт қалдырды. Дәл осы шешімнің пайдалы болатынына сену қиын. Әдетте футболшылар дайындығына жаттығудан гөрі ресми матч көбірек оң әсер етеді. Ал чемпионатты тоқтатып қойып, өзге елге барып жаттығу жасау аса пайдалы шешім емес сияқты. Былтыр да дәл осылай ерте жиналып, 2 апта жаттығу өткізгенімізбен Грекия құрамасынан 5:0 есебімен жеңілген едік.

Енді Кардифф қаласындағы матчтың өзіне оралайық. Алаң иелері бұл ойынға көтеріңкі көңіл күймен, сеніммен шықты. Өйткені олар кейінгі 6 ресми кездесуде жеңіліс көрмеген. Ал біздің құраманың жағдайы керісінше болатын. Олар кейінгі 9 ресми матчтың сегізінде жеңіліп, бір-ақ мәрте тең ойнаған, жеңіс түгіл, гол соғудың өзін ұмыта бастаған.

Жаңа бапкер Әли Әлиев алаңдағы ойын схемасын қайта 5 қорғаушы (3 орталық қорғаушы) жүйесіне ауыстырды. Былтыр Черчесов шабуылдағы адам санын көбейтеміз деген желеумен 4 қорғаушы жүйесіне көшкен. Бұл команда шабуылын күшейткені былай тұрсын, керісінше, әлсіретіп жібергенін сол кезде жазған едік. Қапталдағы қорғаушыға көмектесе алатын жүйрік вингер немесе орталық қорғаушылардың жүгін жеңілдететін мықты тіреуші жартылай қорғаушысы жоқ Қазақстан құрамасына 4 қорғаушымен ойнау қиынға соғатыны елдің бәріне анық болды.

Бірақ Әлиев дұрыс тактика ұстанғанымен, негізгі құрам ойыншыларын таңдауда қателескен сияқты. Әсіресе орталық алаңды 35 және 34 жастағы Серікжан Мужиков пен Асхат Тағыбергенге тапсырғаны қате болды деген пікір айтылып жатыр. Оның үстіне биыл бірде-бір ресми матчта алаңға шықпаған Александр Марочкин, Марат Быстровқа сенім артқаны да түсініксіз шешім. Әрине, бұл шепте проблема бар екені рас. Әлібек Қасым жарақат алып қалды. Бірақ Әділбек Жұмаханов қосалқы құрам орындығын тоздырып жүрген «Астананың» екі қорғаушысына қарағанда сенімдірек еді. Сондай-ақ шабуыл шебіндегі Айбар Жақсылықовқа қатысты да сұрақ көп. «Қайсар» шабуылшысын аса бір сұрмерген ойыншы деуге келмейді. Ішкі чемпионатта ара-тұра ғана көзге түседі. Ұлттық құрамада 14 матчқа қатысқанымен, әлі бірде-бір гол соққан жоқ.

Негізгі құрамда шыққан ойыншылар: Александр Заруцкий, Ян Вороговский, Марат Быстров, Нұрәлі Әліп, Александр Марочкин, Еркін Тапалов, Асхат Тағыберген, Серікжан Мужиков, Максим Самородов, Ислам Чесноков, Айбар Жақсылықов.

Бас бапкердің ойыншы таңдаудағы сәтсіздігі 10 минут болмай жатып байқалды. Ойынның небәрі 9-минутында Дэниел Джеймс есеп ашты. Бұл голды біздің қорғаушы Марочкиннің атына да жазуға болар еді, баяу соққы соның аяғына тиіп, бағытын өзгертті де, қақпашы Заруцкийді шатастырып кетті. Бірақ ФИФА оны автогол ретінде тіркеген жоқ. Марочкин ұлттық құрамада бірде автогол соғып, бірде өз қақпамызға пенальти әкеліп жүретінін жанкүйер қауым жақсы біледі.

Осы гол соғылар тұста команда капитаны Асхат Тағыберген де үлкен қателік жібергенін айта кеткен жөн. Бұрыштамадан кейінгі қақпа алдындағы қарбалас сәтте Асхат не үшін екені белгісіз, аяғындағы допты бірден теуіп жібермей, бірер секунд аялдап қалды. Соны пайдаланған алаң иелері допты тартып алып, Джеймс соққы жасап үлгерді. Ал ол соққы Марочкиннің аяғына тиіп, Заруцкий қорғаған қақпаға еніп кетті.

Ойынның 23-минутында қарсылас қорғаушысының қолына доп тиіп, біздің пайдамызға пенальти белгіленді. Нүктеге келген Тағыберген сенімсіздеу болса да гол соғып, есепті теңестірді. Алғашқы 45 минуттан кейін Уэльс құрамасының біз ойлағандай мықты ұжым емес екенін, сәтін салса, ұтуға болатынын аңғарғандай болдық.

Бірақ екінші тайм мүлде басқаша болды. Алаң қожайындары төреші ысқырығы естілген бетте шабуылға лап қойып, 47-минутта есепте тағы алға шықты. Гол тағы да бұрыштамадан кейін соғылды. Бірақ бұл жолы қорғаушы Бэн Дэвис әуелеп келген допқа бірінші жетіп, ешқандай талас-тартыссыз гол соқты. Осы тұста қақпашы Заруцкий өте сәтсіз қимылдап, үлкен қателік жібергенін айта кеткен жөн. Есеп 2:1 болды.

Осы голдан кейін біздің құраманың сағы сынып қалғандай көрінді. Есепті теңестіруге немесе жеңісті жұлып әкетуге деген жігерді байқамадық. Керісінше, үшінші голды өткізіп алмасақ болды дегендей нарау қимылдап жүрді. Өз жарты алаңымыздан көп шықпай, қарсыластың шабуылын ортаңғы шеңбердің тұсынан ғана тосып алып отырды. Жоғары прессинг жасап, Уэльс ойыншыларының аяғындағы допқа таласуға ешкім асыққан жоқ.

Әлиев алғашқы жүрісті 62-минутта жасады. Нашар өнер көрсетіп жатқан Мужиковтың орнына Польша чемпионатында доп теуіп жүрген Георгий Жуковты шығарды. Бірақ бұдан ойын мәнері аса өзгере қойған жоқ. Ал 74-минутта алаңға 16 жастағы жас шабуылшы Дастан Сәтбаев пен Түркияда өнер көрсететін Абат Айымбетов шықты. Осыдан кейін Қазақстан құрамасының шабуылы сәл ширап, қарсылас қақпасына қарай бірнеше ұмтылыс жасалды. Бірақ аса қауіпті шабуыл бола қойған жоқ. 86-минутта Чесноковты Ғалымжан Кенжебек алмастырды.

Біздің ойымызша, Әлиев ойыншы алмастыруда да аса көрегенділік таныта алған жоқ. Әрине, алаңға шығарған ойыншылары дұрыс. Бірақ бәрі сәл кешігіп қалды. Мысалы, Жуковты екінші таймның басынан бастап, ал шабуылшыларда 65-минуттан бастап шығара беру керек еді. Словакияда бақ сынап жүрген Ғалымжан мен Дастан ойынға жылдамдық қосар еді, ал Абаттың мұндай матчтарда гол соғып кете алатынын жақсы білеміз. Данияға, Солтүстік Ирландияға қарсы ойында джокер ретінде көзге түсіп, жеңіс голын соққан.

Біз шабуылға шығуға қорқып, қорғаныстың қамын күйіттеп жүргенде Уэльс футболшылары матч нүктесін сәтті қоя білді. Кездесудің 91-минутында Рабби Матондо біздің қақпаға үшінші голды соқты. Осылайша, матч 3:1 есебімен аяқталды. Әлем чемпионатына іріктеу турнирін сәтсіз бастадық. Сондай-ақ алты ойынға созылған голсыз серияны бұзып, қарсылас қақпасынан саңлау таптық.

Қазақстан құрамасы келесі кездесуін газет беттеліп жатқанда, 25 наурыздан 26 наурызға қараған түні Лихтенштейнге қарсы өткізеді. Матч Вадуц қаласындағы Rheinpark стадионында өтеді. Бұл ойында біздің футболшылар жеңіске жетуге міндетті. Небәрі 39 мың тұрғыны бар алақандай елдің құрамасын жеңе алмасақ, футболға мемлекет бюджетінен бөлінген миллиардтаған қаржының желге ұшқаны емес пе?..

Лихтенштейн құрамасы ФИФА рейтингінде 204-орында тұр. Құрамындағы ойыншылардың трансферлік құны 950 еуро ғана. Салыстыру үшін айтсақ, Қазақстан командасының қорғаушысы Нұралы Әліп қарсылас құрамадан 4 есеге жуық қымбатқа бағаланып отыр. Ал біздің құраманың жалпы трансферлік құны – 13,4 миллион еуро. Яғни Лихтенштейннен 13 есе жоғары. Демек бұл матчта біздің команда фаворит саналады. Енді соны алаңда дәлелдеу қажет.

Шымкенттен шыққан дау

Уэльс құрамасына қарсы матчта команда капитаны Асхат Тағыберген сәтсіздеу ойнағанын айттық. Әсіресе бірінші гол Асхаттың қателігінен кейін соғылды. Үшінші гол да да Тағыберген допты дұрыс тоқтата алмай, қарсыластың қарымта шабуылға шығуына мүмкіндік беріп қойды. Оның сенімсіз ойынына алдымен жасы ұлғайып, шеберлігі төмендегені әсер етсе, екінші жағынан Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков бастап берген ақпараттық шабуыл себеп болды.

Мегаполис әкімі жергілікті тұрғындармен кездесуде «Ордабасы» футбол клубының жағдайы туралы айтып, команда капитаны Тағыбергенді сынға алды.

«Бізге бұрынғы басшылықтан қиын жағдайдағы команда қалды. Ойыншылардың орташа жалақысы – 15 миллион теңге. Екі жылға келісімшартқа отырған. УЕФА-ға тіркеп қойған. Біз оны тоқтатсақ, онда соңына дейін гонорарын төлеп беруіміз керек. Ештеңе істей алмаймыз. Бәрімен сөйлесіп, біртіндеп кетіріп жатырмыз. Ашығын айтайын, Асхат Тағыберген сияқты ойыншылар қазір ойнай алмайды да, кетпейді де, отыр. 20 миллион теңге жалақы алады. Мен ештеңе істей алмаймын. Тоқтатсам, соңына дейін төлеп беруім керек», – деген еді Сыздықбеков.

Әдетте футболшылардың жалақысы коммерциялық құпия ретінде қаралып, жарияланбайды. Бірақ Шымкент әкімі көп гонорар алатын ойыншылардың атын атауға бел буыпты. Бірақ кімнің атын, қашан атау керек екенін дұрыс бағамдамаған. Егер айтқысы келсе, «Ордабасы» сапында Асхаттан көп немесе шамалас гонорар алатын легионерлер бар екені анық. Солар жайлы айтпай, дәл құрама ойыны алдында капитанды қоғам талқысына тастап бергені дұрыс болмады.

Әрине, біз де футболға бөлінген мол қаржының есебі ашық болғанын, ақшаның дұрыс жұмсалғанын қолдаймыз. Бірақ оны Сыздықбеков сияқты орта жолдан бастамау керек. Жұмысты жүйелеп, бюджеттен бөлінген әр тиынға есеп берем десе, ешкім қарсы болмас еді. Ал түсінен шошып оянғандай, аяқ астынан футболды тазартуға Тағыберген кінәлі дегені ақылға қонбайды. Мысалы, биыл «Ордабасыға» 3,46 млрд теңге бөлінді деген ақпарат бар. Шымкент әкімі шын ашық болса, осы қаржының есебін толық жарияласын.

Қуаныш Қаппас