Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:07, 14 Мамыр 2024

Әлиханның сөзін Қасымбек қаперіне ала ма?

Астана
Фото: obk.kz

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің және қалалық мәслихат депутаттарының назарына!

Астана қаласының әкімдігінің хабарламасына сай (халық санының өсуіне және аумақтың қала құрылысы инфрақұрылымының белсенді дамуына байланысты, сондай-ақ әкімшілік-аумақтық басқаруды оңтайландыру мақсатында) Астана қаласында Алматы ауданын қайта ұйымдастыру туралы шешім қабылданған. Осыған байланысты Алматы ауданын екі бөлікке бөлу көзделіп отыр. Келешекте Алматы ауданы өзінің тарихи атауын сақтайтыны заңды, ал екінші ауданның атауы туралы ұсынысымызды айтсақ. 

Әуелі Астана қаласының ықылым заманнан бергі тарихына көз жүгіртейік. Белгілі ғалым Ж.Артықбаевтың зерттеулеріне қарағанда, осы орталық қаламыз орналасқан аумақта Қараөткел атты елді мекен ерте замандардан бері Ұлы даланың ірі сауда орта­лықтарының бірі болған. Оны Қараөткел аумағындағы ерте түрік елдерінің толып жатқан қорған обалары мен қалалық қоныстары айғақтайды. Қазақтың ауыз әдебиетінде Қараөткел атауы жиі кезігеді. Атақты Ғазиз ақын: «Атандым Ғазиз ақын бала жастан, Ақын жоқ Қараөткелде менен асқан» деп шырқаған. Қараөткел атауы, саналы өмірін қазақ тарихы мен өмір-тірлігін зерттеуге арнаған, орыстың белгілі ғалымы Г.Потанин еңбектерінде де кездеседі. Алаш көсемі Ә.Бөкейхан Г.Потанинге арнаған еңбегінде былай деп жазып кеткен: «Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұлын, қызын оқытсақ, «Қозы Көрпеш-Баянды» шығарған, Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау дейтін Григорий Николаевич еді» деп, оған жоғары баға берген.

Ертедегі Ақмола деп аталып жүрген қаланың Орталық универмагі, кейін «Сине Темпоре» сауда орталығы, ал қазір «Іkomek» орталығы орналасқан ғимараттың іргетасында Керуен сарай, ХІХ ғасырдың барлаушы Ресей офицерлері «Гостинный двор» деп атаған құрылыс ғимараты орын тепкен. Ежелден Қараөткел сауда орталығы болған. Ертедегі Қазан, Астрахань, Еуро­падан дүние-заттар тасыған керуендер қазіргі Кене­сары көшесінің бойында Түркіс­таннан келген керуендермен тоғысады да, алмасу, алып-саттық сауда қызады. Кенесары көшесі ол кез­де Үлкен базар көшесі аталған. Сондықтан аталған Керуен сарай ерте заманда салынғаны анық. Қалың жұртқа белгілі көпес Қосшығұловтар 1890 жылы Қара­өткелдің тура ортасында қа­зына қаржысына «Керуен сарай», орысша «Гостинный дворды» қайтадан қалпына келтірген. 1864 жылғы санақ бойын­ша Қараөткелде 4 777 адам өмір сүрген. Осы кезеңде қала 25 шаршы шақырым аймақты алып жатқан.

Қорытып айтар болсақ, астанамыздың тарихи түп-тамыры ежелгі заманнан жалғасып келе жатқанын осы және кейінгі ұрпақтар біле жүруі үшін, еліміздің кең байтақ жерінде бұрындары орныққан киелі елді мекендердің атаулары ұмытылмас үшін, тарихи мекендердің атауларының жалғастығын үзбеу үшін – Астана қаласының жаңа ауданын «Қараөткел» ауданы деп аталуын қалың жұртшылықтың қолдауын өтінеміз.

Нақыпбек Садуақастегі,

заңгер-құқықтанушы, публицист

Тегтер: