Әлиханның атын жамылып...
Газетіміздің өткен нөмірлерінің бірінде Павлодар қаласындағы Әлихан Бөкейхан атымен ашылғалы отырған лицейдің айналасында туындаған дау туралы жазған едік.
Жаңа шағын ауданның кейбір тұрғындары лицейдің таза қазақ тілінде білім беруіне қарсылық танытып, аралас мектеп болуын талап етіп отыр. Енді бұл оқу орнына қатысты тағы да түйткіл туындады.
Сарыарқа шағын ауданында салынған Әлихан Бөкейхан атындағы мектеп облыстағы қазақ тіліндегі алғашқы лицей. Бұған дейін Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мектептің таза мемлекеттік тілде білім беретінін айтқанмен, кейбір қалалықтар бұған наразы. Тіпті президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жазып, мектеп орыс тілінде де оқытуы тиіс екенін көрсетті. «Талабымыз орындалмаса, митингіге шығамыз» дегенге саятын қоқан-лоққы да көрсетті. Әзірше, бұл мәселенің тоқетері белгісіз.
Бүгін қаузалатын тақырып осы мектеп төңірегінде болғанмен, оның оқытуына емес, көркемделуіне тікелей қатысты болмақ. Атап айтқанда, жоспар бойынша Әлихан Бөкейхан атындағы мектептің алдына Алаш көсемінің бюсті қойылуы тиіс еді. Бұл міндет облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына жүктелді. Ал бюсті астаналық скульптор дайындайтын болды. Алайда басқарма басшысы Самал Бегалинова жұмысты еш қиындықсыз қабылдап алуы үшін шеберден 1 млн теңге талап еткен. Бұрынғы күйеуімен бірге 9 маусымда бас қалаға барған кезде бұл соманы толықтай алған. Ал арада ұзақ уақыт өтпестен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі шенеунікті ұстап, сотқа дейінгі тергеу ісін бастады.
Самал Балғабайқызы тергеушімен тілдесу кезінде бастапқыда парадан бас тартқанымен, Нұр-Сұлтан қаласынан пәтер алу үшін бастапқы жарна ретінде ақша керек болып, скульптордың қаржысын алуға келіскенін айтқан. Бірақ Павлодар қалалық №2 сотында өткен отырыс барысында сөз алудан бас тартты. Ал бұрынғы күйеуі ақшаның пара екенін білмегенін айтып, ақталып шықты. Ол сотта тек куәгер ретінде болды.
Куәгерлерді тыңдап, заттай, басқа да айғақтарды назарға алған Павлодар қалалық №2 сотының судьясы шенеунікті үш жылға бас бостандығынан айыру туралы жаза тағайындады. Бірақ бұл жаза тек бес жылдан соң күшіне енеді. Себебі Самал Бегалинова 12 және 4 жасар балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отыр. Сондықтан алдағы бес жыл бостандықта жүреді. Ал мемлекеттік қызметпен біржола қош айтысады.
Бес жылдан соң да темір тордың арғы жағына тоғытылуы неғайбыл. Себебі заңнамада бес жылдан соң сот сотталушының тәртібіне қарай оның жазасын жеңілдетуі мүмкін деп анық көрсетілген.
Басқа-басқа емес, дәл Әлихан Бөкейханның бюсті үшін шенеуніктің пара алып, құжаттарға көз жұма қол қоямын деуі – өзекті өртейтін жайт. Көзін ақша байлағанда ұлылардың киесі ұратынын ұмыт қалдырса керек.