Алика Мұхамадиева ісі бойынша прокурор 4,5 жыл түрме жазасын сұрады

Қарағандыда қоғам назарындағы Алика Мұхамадиева ісі бойынша сот отырысы өтіп жатыр.
Мемлекеттік айыптаушы айыпталушыға 4,5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды ұсынды.
Прокурордың айтуынша, Мұхамадиева өз кінәсін мойындағанымен, іс қоғамда үлкен резонанс тудырған. Сондықтан жазаны нақты түрдегі бас бостандығынан айыру қажет деп санайды.
Айыпталушы сотта тағы да жұртшылықтан кешірім сұрап, өкінетінін жеткізді.
Айта кетейік, 2025 жылдың жазында Алика Мұхамадиеваның Threads әлеуметтік желісіндегі жазбалары қазақстандықтарға тіл тигізді деген шағымдардан кейін ол тергелді. Шілде айында ол қамауға алынып, іс материалдары тергеу органдарына берілді.
Кәсіпкер бұған дейін кінәсін ішінара мойындап, айтқан сөздері контекстен жұлынып алынғанын мәлімдеді. Ол кешірім сұрап, ешкімнің сезіміне тию ниеті болмағанын атап өтті.
Кейін Мұхамадиева екі айға қамауға алынып, қазан айында іс сотқа жіберілді.