Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:21, 08 Наурыз 2023

Алименттен бас тарту, балаңнан бас тарту

None
None

Соңғы кездері елімізде ажырасушылар санының артуы, алиментке қатысты мәселелерді де ушықтырып жіберді.

Өндірілмеген алименттердің саны артып, осыған қатысты сот істерін де көбейтті. Сондықтан мемлекет тарапынан қазіргі таңда әкелердің жауапкершілігін арттыру, алимент тағайындау ісін оңтайландыру секілді жұмыстар қолға алынды.

Рас, алимент ешқашан әкенің орнын толтыра алмайды. Ол – баланың күнделікті қажеттілігін өтеу үшін ғана қажет қаржы. Алайда көп жағдайда ажырасқан ерлі-зайыптылар баланы желеу етіп, алиментті үлкен мәселе айналдырып, бітіспес жауға айналуды әдетке айналдырды. Жауапкершілікті сезіне тұра ұл-қызына алимент төлеуден жалтаратын, төлесе де, түрлі айла-амалдарды пайдаланып, азырақ қаржы аударуды мақсат ететін, табысын азайтып көрсететін, астына қымбат көлік мініп жүрсе де алимент төлеуді міндет ретінде сезіне қоймайтындар жетерлік.

Сондықтан бүгінгі күні алимент төлеу ісі еліміздегі күрделі мәселелердің біріне айналды. Өйткені алимент – ажырасу деректерінің көптігін, отбасылық құндылықтың әлсірегенін айғақтайтын дерек деуге болады. Қазіргі таңда Қазақстанда тіркелген әрбір үшінші неке ажырасумен аяқталады екен. Соның кесірінен, еліміз әлемде некелік одақтың әлсіздігі, ажырасудың көптігі бойынша алдыңғы шептен көрініп келеді.

 Алимент сонымен қатар, сот жүктемесін де арттырып отырғаны рас. Өйткені ажырасу ерлі-зайыптылардың некесін бұзумен шектелмейді. Мұның соңы алимент өндіру, баланың кіммен тұратынын анықтау, баламен кездесу уақытын белгілеу секілді бірнеше сот отырысына ұласады. Соның ішінде алимент өндіру бойынша шығарылған сот шешімдерінің орындала бермейтінін айта кеткеніміз жөн. Әрине, сот шешімін алғаннан кейін алиментті өндіру бойынша жеке сот орындаушылар өте өнімді жұмыс жүргізеді.

Алайда, бала-шағасының ертеңін ойламайтын азаматтар тапқан-таянғанын туыстарының атына жазуды әдетке айналдырған. Басында үйі, астында көлігі бар азаматтардың қарызы жиналып қалса да, мәжбүрлеп берешегін өндірте алмаудың қиындығы осында. Кейбір азаматтар ұрпағына аз алимент төлеу үшін жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, табысын өте төмен етіп көрсетеді. Қазір бұл елімізде өте жиі кездесетін мәселелердің бірі деуге болады. Кейбірі жартылай жүктемемен жұмыс істеп, бала-шағасына өте аз алимент төлеуді мақсат етеді. Ал бүгінгідей нарықтық заманда болмашы қаржы баланың тамағына жетпей жатады. Осылайша нағыз денесі толысып, сүйегі қатаятын жаста балалар қажетті дәруменсіз, өзі қалаған тағамдарды тұтынбай ер жетеді. Әке қамқорлығын сезінбеген баланың да күйі белгілі. Демек, алименттен қашқан әке өз баласының денсаулығынан, болашағынан ақша үнемдеген болып шықпай ма? Сондықтан алимент төлеуден жалтарып жүрген әкелерге түсіндіріп, жауаптылығын көтеруге барынша тырысу қажет.

Тегтер: