Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:00

Алыпсатар Қазақстанның өтірік экспорты

1
Фото: Жас Алаш коллаж

Үкімет Қазақстан экспортында өңделген өнімдер көбейіп жатқандай етіп көрсеткісі келеді.

Мәселен, Сауда және интеграция министрлігінің деректері бойынша 2024 жылы Қазақстан экспортының шамамен 35 пайызын өңделген өнімдер құраған, бұл 2014 жылмен салыстырғанда екі еседей артық. Мұндай өсім әсіресе Орталық Азия, Ресей және Қытай бағыттарында байқалады. Ресми деректер бойынша 2014 жылы Қазақстан экспортындағы шикізаттың үлесі 77 пайыз болса, қазір бұл көрсеткіш 65 пайызға төмендеген.

Осындай деректерді ұсыну арқылы үкімет экспорттың құрылымы әртараптанып, экспорттың еншісіндегі өңделген өнімдердің көбейіп келе жатқанын дәлелдегісі келеді. Алайда сала мамандары экспорттың әртараптануы тек қағаз жүзінде қалып жатқанын айтады. Мысалы, 2014 жылы шикізат экспорты 61 млрд доллар болса, 2024 жылы 53,1 млрд долларға дейін, яғни, 13 пайызға төмендеген. Мамандардың айтуынша, экспортқа шыққан шикізат үлесінің төмендеуі өңделген тауарлар экспортының ұлғаюынан емес. Оның нақты себебі шикізат бойынша әлемдік бағаның төмендеуі, логистикалық дәліздердің өзгеруі сияқты сыртқы факторлардың әсерінен қысқарған.

Жалпы алғанда, «өңдеу өсімін» дұрыс түсіну үшін тауарлық топтардың нақты құрамына талдау жасау қажет. Ресми статистикада өңделген тауарларға жартылай фабрикаттар мен дайын өнімдер кіреді. Бұл топқа сонымен қатар минималды өңдеуден өткен өнімдер, яғни, «шикізат текстес» өнімдер мен реэкспорттық тауарлар (компьютер, телефон, ұшақ, іштен жанатын қозғалтқыш және т.б.) да енгізіледі. Мысалы, 2024 жылы Қазақстанның негізгі «өңделген» экспорттық тауарларының қатарында табиғи уран, катодты мыс, феррохром, мырыш, күміс, алюминий және тағы басқа өнімдер болған. Бұл дегеніміз, «өңделген экспорттың» басым бөлігі іс жүзінде өңдеудің төмен деңгейіне ие, шикізатқа жақын өнімдерден тұрады деген сөз. Мұндай тауарлардың үлесі Қазақстанның ресми «өңделген экспортының» шамамен 52 пайызын құрайды, яғни, 28,6 млрд доллардың 14,9 млрд долларын қамтиды.

Сондай-ақ статистикалық деректерден байқағанымыз, бізде реэкспорт та «өңдеу» ретінде көрсетіледі. Реэкспорт дегеніміз – шетелден әкелінген импортталған тауарды сол күйінде немесе аз ғана өзгеріспен (қайта өңдеусіз) басқа елге қайта экспорттау процесі. Яғни, ел тауарды өзі өндірмейді, тек аралық буын ретінде сатып алып, басқа нарыққа өткізеді. Мысалы, 2024 жылы Қазақстан, ресми мәліметтер бойынша мыналарды «экспорттаған»: 20 ұшақ – 887 млн доллар, 1,45 млн смартфон – 390 млн доллар, 25 кН-нан жоғары тарту күшіне ие 22 турбореактивті қозғалтқыш – 159 млн доллар, 117 мың түрлі-түсті монитор – 47,3 млн доллар және т.б. Мұның барлығы Қазақстанда шығарылмайды, бар болғаны реэкспорттар.

Біздегі экспорттың құрылымының әртараптануына Ресейге қарсы салынған санкциялар да әсер ете бастаған. Бұрын тек Ресей арқылы сыртқа шыққан тауарлар енді Қазақстан мен Орта Азия арқылы саудалана бастады. Осылайша, техника экспорты «қағаз жүзінде өсе» бастады. Дегенмен бұл елдегі нақты өндіріс өсімін көрсетпейді, қазақстандық компаниялар тек басқа елдерде өндірілген өнімдерді қайта жөнелтуші ретінде әрекет етеді. Яғни, алыпсатарлық, делдалдық сияқты мәліш сауда.

Алыпсатарлық экспорт емес

Қаржыгер Арман Мусиннің сөзіне сүйенсек, ақиқатқа жүгініп, статистикадағы реэкспорт пен «шикізат текстес» экспортты алып тастасақ, өңдеуші өнім экспортының нақты көлемі 2024 жылы ресми жарияланған 28,6 млрд доллар орнына 10,8 млрд доллар болып қалады. Осыған сәйкес, үлес те шамамен үкімет көрсетіп отырған 35 пайыздан 13 пайызға дейін, үш есе төмендеп сала береді. 2014 жылдан бері өңделген экспорт бар болғаны 1,8 млрд долларға немесе 20 пайызға өскен. (2014 жылы 9,0 млрд доллар болған). Айтарлықтай серпіліс тек 2022 жылы байқалған. 2021 жылы мұндай экспорт 7,8 млрд доллар болса, 2022 жылы 10,9 млрд долларға жеткен. Алайда бұл өсім өнеркәсіптік серпілістен емес, сыртқы сауданың Қазақстан арқылы қайта бағытталуына байланысты. Қысқа мерзімде мұндай сауда кейбір компанияларға пайда әкелгенімен, ол жергілікті өндірісті дамытуға және экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етпейді.

«Негізінде 2014 жылдан бері «шикізат текстес» өнімдерді қоса есептегенде экспорт құрылымы әртараптанбаған, үкімет айтып жүргендей, айтарлықтай өзгермеген. Қазақстандағы терең өңдеу көп жағдайда бәсекеге қабілетсіз. Мысалы, Қазақстан Қытайдан тұрмыстық техниканы әкеліп, оны Ресейге қайта сатады. Рас, реэкспорт елге валюталық табыс әкеледі. Логистикалық және сауда хабыретінде елдің рөлін күшейтеді. Кедендік, қоймалық және көлік қызметтері арқылы жұмыс орындарын арттырады. Реэкспорт – экономиканың дамуына, әсіресе сауда және көлік салаларына оң әсерін тигізеді. Бірақ бұл өндірістің дамуын тежейді. Жаңа өндіріс орындары ашылмайды. Технологиялық даму бәсеңдейді, экономиканың нақты секторы (өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы) аз қарқынмен дамиды», – дейді қаржыгер Арман Мусин.

Ал экономика ғылымының докторы, профессор Атамұрат Шәменов реэкспорт экономикалық тәуелділікті күшейтеді дейді. Егер жеткізуші ел экспортты шектесе немесе бағаны көтерсе Қазақстанның табысы да бірден төмендейді. Бұл тәуелділік әсіресе геосаяси немесе санкциялық жағдайда қауіпті. Бұл бір. Екінші, мұндай саудада бюджетке түсетін пайда аз. Реэкспорт кезінде ел көбіне тек сауда делдалының маржасын алады. Мұндай табыс көлемі өңделген өнім экспортына қарағанда әлдеқайда аз. Кедендік жеңілдіктер мен салықтық артықшылықтар бюджетке түсетін қаржыны азайтады. Тағы бір кемшілігі – реэкспорт кезінде сауда теңгерімін бұрмалайды. Реэкспорт жалпы экспорт көлемін көбейтіп көрсетеді, бірақ бұл нақты өндіріс көлемінің өсуін білдірмейді. Нәтижесінде, статистика ел экономикасының шынайы жағдайын толық көрсете алмайды. Және бір кемшілігі – жергілікті кәсіпорындарға бәсеке тудырады. Реэкспорт арқылы шетелдік тауарлар арзан бағамен ішкі нарыққа еніп, отандық өндірушілердің өнімдерін ығыстырып шығарады. Бұл әсіресе шағын және орта бизнесті қиын жағдайға түсіреді.

Ғалымның ойынша, «бұрын өзімізден шығарып қайтеміз, сырттан тасып сата бермейміз бе» деген шенеуніктер де болған. Ал қазір соның зардабын көріп отырмыз.

«Үкімет өңделген өнімдердің экспорты көбейді деп есеп береді. Ал халықтың дастарқаны экспорттың үлесін арттыру арқылы толмайды. Әр елдің басты мақсаты – елдің азық-түлік қауіпсіздігін сақтау. Біліп отырсыз, осы күнге дейін Қазақстаннан экспортқа шығып жатқан өнім – бидай, аздаған ұн және ет. Терең өнделген өнімдердің экспортталып жатқанын естімейміз. Мысалы, Италияға пицца жасауға сапалы әрі дәмді бидайдан жасалған дайын жайма неге шығармасқа?! Қазы, шұжық Францияға неге жөнелтілмейді? Емдік қасиеті бар қымыз, шұбат неге Еуропа елдеріне жетпейді? Оның орнына Алматыда Германиядан әкелінетін бір бөлкесі 1 500 теңге тұратын нан сатылуда. Міне, өңделген өнімді экспортқа шығару саясатын ұстанғанда бізге де өзге елдер тәрізді ең соңғы дайын өнімге дейін жұмыс істеуге әзір болу қажет. Бізде кезінде қағаз жүзінде науқаншылдықпен құрылған кооперативтер өміршең болмай шықты. Ауыл шаруашылығына қатысты өнімдерді көбейтейік десек, малдың бәрі жекенің қолында, жердің көбі латифундистардың иелігінде», – дейді экономист-ғалым.

Экспорттың өтірігін төменгі жалақы ашады

Маман айтқан тағы бір мәселе – теңгенің тағдыры. Реэкспорт теңгенің құнын ұстап тұра алмайды. «Теңгені нығайтатын тек өндіріс, өңделген өнім шығару» дейді ғалым. Ал әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекованың пікіріне сүйенсек, қазір бізге шикізаттық сауда салығынан түсетін қаржыға қызығып, бұл саланы жетекшілікке итермелеудің қажеті жоқ.

«Экспортты әртараптандырмай, халықтың жағдайы көтерілмейді. Мысалы, қазір үкімет ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге өсіре алмай отыр. Негізінде ол өсуі керек еді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі келер жылдан бастап ең төменгі жалақыны есептеу әдісін өзгертеміз деді. Сол жаңа тәсіл бойынша ең төменгі жалақы елдегі медиандық жалақының 45-50 пайызы шамасында болуы керек. Қазір медиандық жалақы кейбір аймақтардың табыс табу деңгейіне байланысты 300 мың теңгеден асып кетті. 300 мың теңгенің 40 пайызы 120 мың теңге деп алатын болсақ, ЕТЖ қазір 120 мың теңгенің шамасында болуы керек. Бірақ үкімет еңбек өнімділігінің артпағанын, өндірістің өспегенін айтып, ЕТЖ-ны өсірмеді. ЕТЖ – бұл елдің «базалық әлеуметтік көрсеткіші». Ең төменгі жалақы зейнетақы, жәрдемақы, айыппұл, салық есептеу сияқты көптеген жүйеге байланысты. Сондықтан оны өзгертсе, бүкіл бюджетке салмақ түседі. Егер экономикамыз әртараптанып, экспорттық сауда шынымен дамып, өңделген өнім сыртқы саудаға көптеп шыға бастаған болса, өндірістің қабілеті артып, еңбек өнімділігі өсер еді. Мұндайда ЕТЖ-ны өсіруде де мәселе болмайтын еді», – дейді Айсұлу Молдабекова.

Мысал үшін айтсақ, Германияның экономикасы – әлемдегі ең әртараптанған экспорттық экономика. Бұл елдің экспорт құрамына: автокөлік, машина жасау, химия, фармацевтика, электроника және азық-түлік өнімдері кіреді. Германияда барлық сала жалпы экспорттың 20 пайызын қамтып отырады. Бұл экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Оңтүстік Корея1960 жылдары ауыл шаруашылығына тәуелді ел болса, қазір жоғары технологиялар еліне айналды. Экспорттың негізгі бағыттары: электроника, кеме жасау, автомобиль, мұнай-химия және биотехнология. Қазақстанның министрлері жиі мысал ететін Сингапур – табиғи ресурсы жоқ, бірақжоғары технологиялы өнім арқылы әлемдік сауда хабына айналған. Экспорт салалары: электроника, мұнай-химия, фармацевтика, қаржы және логистика. Әртараптандыру Сингапурды Азиядағы ең бай елдердің біріне айналдырды.

Ал Қазақстан әзірге экспортты әртараптандыруға қатысты бәсекеге бәс тіге алмай тұр. Бұл ретте үкімет басшысы Олжас Бектенов «экономиканы әртараптандыру мәселесі бірінші кезекте шикізаттық емес өңделген экспорт көлемін арттыруға тікелей байланысты» дегенді жиі айтады. Тіпті 2025 жылы өңделген өнімдер мен қызметтер экспор­тының көлемін 41 млрд долларға дейін жеткізу қажет екені де айтылған. Тіпті ауыл шаруашылығы саласында 2026 жылға қарай өңделген экспортты екі есеге арттыру міндеті де қойылды. Сауда министрлігі экспорттық позициялардың саны артқанын, дайын өніммен жұмыс жүргізіп жатқан export-компаниялардың көбейгенін айтып жүр. Алайда ең соңғы дайын өнімге дейін өңделген тауарларымызбен әлі де мақтана алмай жүрміз. Тіпті ол өнімдеріміз өзіміздің ішкі нарықты қамти алмай жүргені де жасырын емес. Ал үкімет өңделген өнімнің экспортын 41 млрд долларға «жеткізу» үшін қолына ілінгеннің бәрін тізімге қосып жатқанын жоғарыда айттық.

Қайбір жылы ауыл шаруашылығын басқарған Өмірзақ Шөкеев «Қазақстанның ет экспортының әлеуетін 60 мың тоннаға жеткіземін» деді. Осы статистиканың соңынан жүгірген Шөкеев қызды-қыздымен «шошқаның етін де Қытай нарығына шығару керек» деп салған. Шөкеевтен кейін агросекторды басқарған Сапархан Омаров: «Қазақстан-2025 жылға қарай тек қана сиыр еті экспортынан 370 млн доллар табыс түсіреді» деп соққан. Сөйткен 2025 те келіп жетті, Ауыл шаруашылығы министрлігі Үкіметке елдегі ет бағасын тұрақтандыру үшін сиыр етін экспорттауға шектеу қоюды ұсынды...

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

Тегтер: