Әлия Назарбаеваға қатысы бар деген «Оператор РОП» ісі бойынша мемлекетке бір миллиард теңге өндірілді

2025 жылғы 8 сәуірде жарияланған ақпаратқа сәйкес, прокуратура мемлекет пайдасына 1,9 миллиард теңге көлеміндегі активтерді қайтарды. Бұл сомаға «Оператор РОП» ісі аясындағы қаражаттар мен LRT жобасы бойынша қарыздар да кіреді.
Бастапқыда прокуратура мәлімдемесінде «Оператор РОП» компаниясының 2023 жылы сотталған қызметкерлерінен бір миллиард теңге өндірілгені туралы айтылған еді. Дегенмен, бұл ақпарат кейін ресми хабарлама мәтінінен алынып тасталды.
«Мемлекет пайдасына шығарылған сот актілерінің орындалуына талдау жүргізілді. 2023 жылы сотталған ‘Оператор РОП’ ЖШС қызметкерлерінен мемлекет пайдасына бір миллиард теңге көлемінде тәркіленген ақша қаражаты өндірілді», — делінген еді бастапқы нұсқада.
Соған қарамастан, Astana LRT жобасына қатысты берешектер жайлы мәлімет өзгеріссіз қалды. Прокуратура мәліметінше, сот шешімдері негізінде мемлекет пен City Transportation Systems (бұрынғы «Астана LRT») пайдасына мүліктер қайтарылған. Аталған кәсіпорынның құрылтайшысы ретінде елордалық әкімдік көрсетілген.
«Мемлекетке 40 жылжымайтын мүлік нысаны — 39 коммерциялық үй-жай және теміржол желісі бар, аумағы 12,8 гектар болатын жер телімі берілді. Бұл мүліктердің жалпы құны 920 миллион теңгені құрайды. Қазіргі таңда тағы 615 миллион теңгеге бағаланатын 37 нысанның берілу үдерісі жүріп жатыр», — делінген прокуратура хабарламасында.
«Оператор РОП» ісі және Алия Назарбаевамен байланысы
«Оператор РОП» компаниясы бұрын экс-президенттің кіші қызы — Әлия Назарбаевамен байланыстырылып келген. 2023 жылы бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша қозғалған қылмыстық іс бойынша компания басшылығы мен сол кездегі Экология вице-министрі Ахметжан Примкұлов сотталған еді.