Әлия Назарбаеваның рейдерлік ісі

Жақында кәсіпкер Нұрлан Бимурзин Әлия Назарбаеваның рейдерлік ісі бойынша Ұлыбритания мен Швейцарияға арыз жазғанын мәлімдеді.
Себебі былтыр «2003 жылы кәсібімізді Назарбаевтың кенже қызы тартып алды» деп мәлімдеме жасаған Нұрлан Бимурзин мен Медғат Қалиевтің арызын прокуратура қабылдамай қойған. «Қазақстаннан әділдік таппадық» деген кәсіпкерлер енді халықаралық сотқа үміт артып отыр. Бұдан бөлек, екі кәсіпкер АҚШ әділет министрлігіне де арыз жолдаған. Оларға «арызыңыз тіркелді, көп өтпей қаралады» деген жауап та келген. «Жас Алаш» Нұрлан Бимурзинмен сөйлесіп, істің қалай жүріп жатқанын анықтап көрді.

«Кенже қыздың» 23 жыл бұрынғы еркелігі
2000 жылдары Серік Бимурзин мен серіктесі Медғат Қалиев және Серік Бимурзиннің ұлы Нұрлан Бимурзин ТПК «Азия» компаниясын ашқан. Бұл кәсіпорын мұнай өнімдерін сатумен айналысқан. Компания алдымен кәсібін шағын көтерме саудадан бастайды. Ірі нарыққа өту үшін кәсіпкерлер «Темір банктен» несие алады. Осылай бизнес көлемін кеңейтіп, жанармай құю бекеттерін көбейте бастаған. Арадан екі жыл өткенде аталған компанияның иелігінде 90-ға жуық жанармай құю бекеті мен 7 мұнай базасы болған. Осылайша, «Азияның» аты мен өрлеп жатқан ісі Қазақстан бойынша таныла бастайды. Кәсіпкерлердің ісі жүріп тұрған кезде Алматыдағы бірнеше жанармай құю бекетіне аяқ астынан қаржы полициясынан тексеру келеді. Олар ешқандай құжатсыз жанармай құю бекеттерінің есігін жауып, мөрлеп тастайды. Өздерін «Рахат Әлиевтен келдік» деп таныстырғандар «жұмыс істеймін десеңдер, әр орынға ай сайын 50 мың доллардан төлейсіңдер!» деп талап қояды. Кәсіпкерлер бұл талапқа бағынып, айына сұраған сомасын беріп тұрған. Кейіннен олардың тәбеті ай сайын өсе береді. Арадан көп өтпей, банкир Берік Сарин Бимурзиндерге хабарласып, «сендердің мәселелеріңнен Әлия Назарбаева хабардар, сөйлескісі келеді» деген. Кәсіпкерлер Назарбаеваның кенже қызымен Алматыдағы Hаyat қонақүйінде кездеседі. Назарбаева бұл істен хабары барын, тез арада шешіп беретінін айтқан. Есесіне, компанияның 50 пайыз акциясын беруді сұрайды. «Бұл президент қызы тарапынан жасалған ұсыныс емес, нақты ультиматум еді. Себебі ол бізге менімен бірігіп жұмыс істемесеңдер, басқалармен де істей алмайсыңдар деген емеурін білдірді» дейді Нұрлан Бимурзин. Кәсіпкерлер Назарбаеваның талабына амалсыз көнген. Сөйтіп, 2002 жылы 4 қыркүйекте Алматыдағы Төле би-Панфилов қиылысындағы Әлия Назарбаеваның кеңсесіне келеді. Ол жерде кәсіпкерлерді құжаттарды дайындап Валентина Рогова (Игор Роговтың әйелі, ол кезде Рогов әділет министрі болатын) мен Алина Назарбаева күтіп алады. Медғат Қалиев пен Нұрлан Бимурзин барлық құжаттарға қол қояды. Нәтижесінде компанияның 50 пайыз акциясына Әлия Назарбаева ие болса, қалған 50 пайызын теңдей Медғат Қалиев пен Нұрлан Бимурзин бөліп алады.

Кәсіпкер Нұрлан Бимурзиннің айтуынша, экс-президенттің кіші қызы ТПК «Азияның» 50 пайыз акциясын алғаны үшін бір тиын да төлемеген.
«Қоғамды осы компанияны құру үшін қаржыны қайдан алғанымыз қызықтыратыны анық. Мұны бақылайтын кез келген мемлекеттік орган біздің әрбір активіміздің несиеге алынғанымызды растай алады. Біз кәсібімізді бірде-бір жанармай құю бекетін жекешелендіру арқылы алмадық. Бәрін нарықтан немесе жеке адамдардан банк арқылы сатып алдық. Әлиямен кездесуден кейін бұл жағдайды көңілге алмай, әрі қарай жұмысты жалғастыруға тырыстық. Назарбаевтың қызы компания акционері болмай тұрып, біздің компанияда 90-ға жуық жанармай құю бекеті мен 7 мұнай базасы болды. Оның компанияға құрылтайшы болып келгенінен кейін біз Астанада бір ғана мұнай базасы мен үш жанармай құю станциясын сатып алдық. Бірақ ол келіссөздерге Назарбаева қатысқан жоқ. Оған қаражатты өзіміз таптық, жартысын «Халық» банктен несиеге алдық. Біз сөзбен айтқанда, Назарбаева компанияның дамуы үшін саусағын да қимылдатқан жоқ», – дейді Нұрлан Бимурзин.

Бұл компания «мне нужнее»
Бұдан кейін де компанияның табысы көбейе берген. Арадан көп өтпей, 2003 жылы ресейлік бизнес өкілдерінен компанияны 170 млн долларға және NURBank топ-менеджерлерінен 160 млн долларға сатып алуға ұсыныс түскен. Бірақ кәсіпкерлер екеуінен де бас тартқан. Директорлар кеңесінің жиналысы кезінде де кәсіпкерлер Әлия Назарбаеваға компанияны басынан бастап өздері құрғасын әрі қарай дамытқысы келетінін айтқан. Назарбаева да Бимурзиндердің бұл сөзіне келіскендей сыңай танытқан.
«Әлияның миында компанияны 170 млн долларға сатуға болады екен деген ой кетпей тұрып алған сияқты. Өйткені ол көп өтпей бізді қайтадан жинады. Біз кеңсе табалдырығынан аттамай тұрып-ақ қалған акцияларды өзінің атына жазып беруін сұрады. Оның сөзіне таңғалып, компанияны өзіміз құрғанымызды, оның бір тиын да салмағанын айттық. «Бұл компания керек, бізге де бірдеңе қалдыр» дегенімізде, ол «мне нужнее» деген бір ғана сөз айтты. Қысқа әрі нақты жауабынан бізге бір тиын да қалдырмайтынын түсіндік те, 50 пайыз акцияны сатып алуға тырыстық. Әлия 70 млн доллар сұрады. Бірақ бірнеше банкке барғанымызбен, олар несие беруден бас тартты», – дейді Нұрлан Бимурзин.
Көп өтпей кәсіпкерлерге қысым күшейген. Медғат Қалиевтің үйін әлдекімдер торуылдап, терезесін шағып кеткен. Серік Бимурзинді Байтұрсынұлы мен Абай көшелерінің қиылысында арнайы жасақ тоқтатып алып кеткен. Кеңсеге әкеліп, оған «екі ұлың өсіп келе жатыр, олардың әкесіз өскенін қаламайтын шығарсың» деген. Серік Бимурзин бірден «отбасыма тиіспеңдер, кез келген құжатқа қол қойып беремін» деп келіскен. Осылайша, Медғат Қалиев те, Бимурзиндер де 2003 жылы 13 қарашада қалған акцияларды Назарбаевтың қызының атына өткізіп берген. Құжаттарға қол қоюға Әлия Назарбаеваның өзі келмеген, Валентина Рогова ғана келіп, компанияның 25 пайыз акциясын Нұрлан Бимурзиннен 18 125 теңгеге сатып алған. Бірақ бұл ақшаның өзін де бермеген. Кейіннен Назарбаева компанияға мұнай өнімдерін сатудан хабары жоқ адамды басшы етіп тағайындаған. Осылайша, компанияның табысы құлай бастағасын активтерін 7 млрд теңгеге қытайлық Sino Oil-ға сатып жібереді. Нұрлан Бимурзинде ТПК «Азияны» Назарбаева 7 млрд 126 млн теңгеге сатқаны туралы құжаттар бар. Бұл сома сол жылғы теңгенің доллар бағамы бойынша шамамен 50 млн долларды құраған.
«Біздің активтеріміздің бағасы ол кезде 160-170 млн доллар болғанда, Назарбаева 50 млн-ға қытай компаниясына сатушы ма еді? Әрине, жоқ. Демек, бұл жерден қандайда бір қаржылық схемалар, айла-шарғылар, ақша жылыстату болғанын болжауға болады. Сонымен, барлық активтер Sino Oil компаниясына сатылды (Біз Қытай елшілігіне «Азия» компаниясын қытай компаниясы заңсыз алғаны туралы хат дайындап жатырмыз). Содан кейін Sino Oil өзінің барлық жанармай құю бекеттерін «ҚазМұнайГаз» компаниясына сатады. Ал «ҚазМұнайГаз» біраз уақыттан кейін барлық жанармай құю станцияларын, соның ішінде біздікін де «ПетроРитейл» компаниясына сатқан. Бұл компанияның тең құрылтайшылары олигархтар – Данияр Абулғазин мен Бауыржан Тойбазаров. Иә, Тимур Құлыбаев ресми түрде жоқ, бірақ олардың бір-бірімен бизнес серіктес екені жасырын емес. Ал бүгінде «ПетроРитейл» компаниясының барлық жанармай құю станциялары Qazaq Oil атымен танымал. Ал оның әрбір төртінші немесе бесінші жанармай құю стансалары біздің бұрынғы жанармай құю бекеттеріміз саналады», – дейді кәсіпкер.
Былтыр 28 ақпанда кәсіпкерлер Астанада баспасөз жиынын өткізіп, құны 170 миллион доллар болатын ірі бизнесін «кіші қыз» күштеп тартып алғанын мәлімдеді. 20 жыл бойы экс-президенттің ықпалынан ығып, тілін тістеп келген Нұрлан Бимурзин мен Медғат Қалиев ашық айқасқа шығуға осылайша бел буған. Кәсіпкерлер 2024 жылдың 19 ақпанында бас прокуратураға арыз түсірген. Бірақ істі прокуратура «дәлелдерің жеткіліксіз» деп тергемей істі жауып тастаған. Мәжіліс мінберінен депутаттар сауал жолдағанымен де іс аяқсыз қалған. Сондықтан кәсіпкерлер халықаралық сотқа шағымдануға мәжбүр болған.

«Большой кландар» судан құрғақ шығып кете береді
Қалай болғанда да Қазақстанда кәсіпкерлерге рейдерлік қысым жасайтындар бар екені жасырын емес. «Жас Алаш» Әнипа Назарбаеваның және басқа да шенеуніктердің рейдерлік істері туралы бірнеше рет жазған болатын. Еліміздегі «большой клан» атанып жүргендердің бірнеше кәсіпкер арыз берсе де судан құрғақ шығып кетіп жатқан жағдайлар кездесіп жатыр. Ал Әлия Назарбаеваның ісіне келетін болсақ, заңгер Айыпхан Мұхамедиевтің айтуынша, істі тергемеген прокуратураның немесе полицияның үстінен арыз түсіруге болатын еді. Ол жерде келтірілген дәлелдер арқылы істі тергетуге де мүмкіндік болады.
«Қолданыстағы Қылмыстық кодекстің 71-бабында, ескіру мерзімінің өтуiне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату деген ереже бар болғандықтан, аталған азаматтардың арызы полиция басқармасымен тексеріліп, қараусыз қалдырылған болуы мүмкін. Алайда осы заңда сыбайлас жемқорлық қылмыстар, азаптаулар, қоғамдық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпке қарсы әрекеттер және де экономикалық қызмет саласында аса ауыр қылмыстар жасаған адамдарға ескiру мерзiмдерi қолданылмайды деп айтылған. Демек арызданушы адамдар ҚР Бас прокуратурасына өздеріне қатысты осындай қылмыстық әрекеттерді қандай да бір адамның тарапынан жасалғаны жайлы дәлелдейтін фактілері болса, ескiру мерзiмдерi қолданылмайды. Кім де болса қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Егер де полиция, прокуратура арызды негізсіз қабылдамаса, іс қозғамаса, бұл азаматтардың сотқа жүгінуге құқығы бар. Сотта іс қаралғанда бұл арыз бойынша әркім өзінің әрекетінің заңдылығын дәлелдеу мүмкіншілігіне ие болады», – дейді заңгер.

P.S. Назарбаевтарға қатысты рейдерлік іс кейінгі 3-4 жылда жиі айтыла бастады. Соның ішінде Әлия Назарбаеваның рейдерлік ісі былтырдан бері қоғам арасында қатты талқыланды. Әрине, Әлия Назарбаева бұл іске қатысты үнсіз қала алмай, былтыр екі кәсіпкерді «жала жапты» деп сотқа берді. Бірақ сот оның арызын да қабылдамады. Рогова да өзінің сүттен ақ, судан таза екенін айтып, БАҚ беттерінде хат жазды. Істің халықаралық деңгейге шыққанына қарағанда бұл іс жақын арада бітпейтінге ұқсайды. Бір қызығы, осындай жаңалықтармен қатар БАҚ-та Әлия Назарбаеваның Мәскеуге қоныс аударып жатқаны туралы жазылды. Оның Мәскеуге қоныс аударуы осы іспен байланысты ма, жоқ па, әзірге белгісіз.
Айтпақшы, біз Нұрлан Бимурзин мен Әлия Назарбаеваға қатысты арнайы репортаж дайындап жатырмыз. Алдағы күндері оны Jas Alash Youtube арнасынан көре аласыздар.
Тұрсынбек БАШАР