Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:30, 08 Ақпан 2022

Әлия Назарбаеваның тағы бір компаниясы шеттетілді

None
None

Осыған дейін экс-президенттің кіші қызы Әлия Назарбаеваның қатысы бар «Оператор РОП» компаниясы утилизациялық алымның қаражатын өз қалтасына басып отыр деп, жапа-тармағай шуладық.

Қаңтарда президент Қасым-Жомарт Тоқаев аталған компанияны бұл міндеттен шеттетті. Бірақ Әлия ханым мұнымен ғана шектеліп қалды ма? Оның сіз бен біз ғаламтор арқылы сатып алатын пойыз билетінің құнынан комиссия ұстап қалып пайда көріп келген«Instant Payments» («Инстант Пейментс») деп аталатын компанияға да қатысы бар боп шықты. Енді «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы бұл серіктестікпен электронды билеттерді сату туралы келісімшартты мерзімінен бұрын үзгенін хабарлап отыр. Бірақ «Инстант Пейментс» серіктесі «Қазақтелеком» байланыс операторының қызметтерінен де құр алақан қалмаған.   

Жалпы, «Қазақстан теміржолы» мен «Қазақтелеком» акционерлік қоғамдарынан (АҚ) бөлек, «Инстант Пейментс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне Qiwi, Amadeus, «Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Қазақстан банкаралық есеп айырысу орталығы» серіктес боп келеді екен. 2011 жылы құрылған бұл серіктестіктің құрылтайшысы құжатта Әлия Назарбаева деп көрсетілген. «ORDA» сайтының есептеуінше, ҚТЖ пойызға онлайн сатқан әрбір билеттен осы делдалдық қызмет көрсететін «Инстант Пейментс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 12-18 теңге комиссия төлеп тұрған. Ал билеттер – Aviata, ChocoTravel, Tickets.kz сияқты электрондық алаңшаларда сатылса, Назарбаеваның компаниясы одан тағы қосымша – 44,8 теңге алып отырады. Яғни, онлайн төлемнің екі комиссиясын біріне бірін қосқанда – 56,8-62,8 теңгеге өсіп кетеді. Бұл сомманы ақпан айынан бастап – 67 теңгеге дейін көтергісі де келіпті. Олай болса, бұл пойыз билетінің қымбаттауына алып келіп, жолаушылардың қалтасына салмақ түсіретін еді. Алайда 2014 жылы ҚТЖ-мен арадағы 2023 жылға дейінгі келісімнің күші жойылмақ.  

2015 жылдан бері «Қазақтелекомның» қызметтерінің онлайн төлемдері үшін де бұл компания 2 пайыз комиссия ұстап келген. Сол жылдың ақпан айынан бастап төлем терминалдарын басқаратын тағы бір «Orion Pro» деп аталатын компания пайда болған. Оған «Қазақтелеком» төлем қабылдайтын терминалдар арқылы өзіне онлайн келіп түскен әрбір ақша аударымдарынан 3% комиссия төлеп отырады. Негізі ол 2020 жылы жұмысын тоқтатуы тиіс екен, алайда мұнысы нақты белгісіз. Ең қызығы, бұл ЖШС-нің де иесі елбасының қызы деген болжам бар. Өйткені жоғарыдай айтқан «Инстант Пейментс» пен осы «Orion Pro» ЖШС-інің атқаратын қызметі де, серіктес компаниялары да, Алматыдағы мекен-жайлары да бір.

Бұдан бөлек, Әлия Назарбаева Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы президиумының төрағасы әрі былтыр «Жасыл ел» еңбек жасақтары кеңесінің төрағасы атанған және экологиялық қауіптердің алдын алу, «жасыл болашақ» мәселесіне ерекше көңіл бөле бастаған. Ал «Жасыл ел» жобасына республикалық бюджеттен қыруар ақша жұмсалады, мысалы, 2018 жылдың өзінде ғана миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінген. Оның үстіне, 2021-2025 жылдарға арналған «Жасыл Қазақстан» атты жаңа ұлттық жобасы аясында «жасыл энергия», «жасыл экономикаға» бет бұру мәселелері өзекті тақырыпқа айналып, жоба үшін  жалпы алғанда – 1,4 трлн теңге бөлу жоспарланып отыр.

Тегтер: