Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:00

Әлқуат Нұрмағамбетов, сейсмолог: Таулар ойпат болып, өзендер теріс ағады – 12 баллдық жер сілкінісі туралы мифке жауап

Әлқуат Нұрмағамбетов
Әлқуат Нұрмағамбетов. Фото: Жас Алаш коллаж

Жыл басынан бері бірнеше рет жер сілкініп, Алматы облысы мен қала халқын шошытты. 5 қарашадағы жер сілкінісі қоғамды тағы да әбігерге түсірді.

 Қазір де күші әлсіз жер сілкінісі болып жатыр. Алматыда жер сілкінісі неге жиілеп кетті? Бұл кейбір ғалымдар айтып жүргендей, алдағы жойқын жер сілкінісінің белгісі ме? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын білу мақсатында Jas Alash Yuotube арнасы ҚР Ұлттық ғылым академиясының сейсмология институтының негізін қалаушы, профессор Әлқуат Нұрмағамбетовті студияға арнайы шақырып, жер сілкінісі туралы сұхбаттасты. Сол сұхбатты қысқартып, газет оқырмандарына ұсындық. 

– Алматыда жер сілкінісі неге жиі қайталанып кетті? Бұл кейбір сейсмолог ғалымдар айтып жүргендей, алда болатын жойқын жер сілкінісінің белгісі болуы мүмкін бе?

Кейінгі кезде ондай сұрақтар туындап жүр. Негізінде бұл сұрақтардың туындауына өзің айтып кеткендей, жыл басында екі дүркін 5 балдық жер сілкінісі себеп және осы қарашаның 25-інде болу керек Жаркент аумағында 4 балдық жер сілкінісі болды. Сосын бірнеше афтершоктар қалада сезіліп жүр. Осының бәрі тұрғын халықтың арасында әртүрлі әңгіменің тууына себеп болып жатыр. Енді ғылыми түрде қарасақ, үш жер сілкінісі де үш аймақта болды, яғни бұлардың бір-біріне қатысы аз. Біріншісі, 25 қаңтарда Қытай мен Қырғызстанның шекарасында. Екіншісі, Алматыға жақын орналасқан Іле Алатауында, үшіншісі, Алматыдан солтүстік-шығыстағы Жоңғар Алатауында болды. Біріншіден, қарапайым халық жер сілкінісі қай жерде болды, қалай болды, Алматыға қалай жетті дегендерді ойланбайды. Дегенмен ғылыми түрде қарасақ, үшеуі үш өлкеде. Әрбір өлкенің өзіндік сейсмикалық тарихы бар. Әрбір өлкенің өзіндік ерекшелігі бар. Сондықтан бұл жер сілкіністері келешек жойқын жер сілкінісінің белгісі деп айту қиындау. Ал үшеуі үш жерде болуы табиғаттың біздің халыққа Алматының қай жерде орналасқанын ескертуі деп ойлаймын. Екіншіден, жалпы Алматыда жиі жер сілкінісі болады. Оның басты себебі – қаланың географиялық тұрғыдан қайда орналасқанын ұмытпағанымыз жөн. Алматының оңтүстік жағында батыстан шығысқа қарай созылып жатқан Іле Алатауы бар, оның ар жағында Күнгей Алатауы. Батыста Қырғыз Алатауы, солтүстік-шығыста Жоңғар Алатауы, Алтын-Емел тауы, Іле-Шу таулары бар. Осының бәрі Алматыны қоршап тұр. Ал оның қойнауында қарқынды тектоникалық процестер жүріп жатыр. Оның бәрі жер сілкінісі болып білінеді. Сондықтан жер сілкінісі болған, болып та жатыр, келешекте болады да. Іле-Күнгей Алатауының қарқындылығы жоғары. Өйткені бұл жерде үш дүркін апатты жер сілкініс болған. Олар әлемдік апатты жер сілкіністерінің қатарына кіреді. Сондықтан Алматының тұрған жері өте қауіпті. Дегенмен де сол қауіпті халық білген жөн.

жер сілкінісі
Фото: ЖИ

– «Алматының айналасында бірнеше рет жер сілкінісі болды» деп айтып жатырсыз. Бұлардың алдағы уақытта қайталану заңдылығы бар ма?

– Бұл сұрақ маңызды. Бұл сұрақты сен ғана қойып жатқан жоқсың, қазір халықтың көкейінде де тұр. Өйткені жаңа айтып өткенімдей, Алматы тарихта үш рет қираған қала. Екі рет толығымен қирады. Ал қазір «осы жер сілкінісі 100 жылдан кейін қайталанады, 150 жылдан кейін қайталанады» деген әңгіме шығып жүр. БАҚ-та көп жазды. Әркім сұхбат беріп жатыр. Оның ішінде бұл салаға қатысы жоқ адамдар да айтады екен. Бұл сұрағыңа былай жауап берейін: Негізі табиғатта болған ірі жер сілкінісі міндетті түрде сол аумақта қайталанады. Бұл табиғи нәрсе. Оны көпшілік те біледі. Олай деп айтуға қандай негіз бар? Мысалы, Түркияда 9 балдық жер сілкінісі болды. Ол бір сәтте қаншама жерді сілкіндірді. Қаншама энергия бір мезетте жер қойнауынан бөлініп шықты. Ал сондай энергия жер қойнауында бір күнде жиналмайды. Оған ондаған-жүздеген жылдар керек. Жер сілкінісінде жер қойнауында жиналған энергия бірден шықпайды. Алдымен 70 пайыздай энергия, кейіннен қалғаны шығады. Мұны «афтершок» деп атайды. Сосын барып жер қыртысы бастапқы қалпына келеді. Қайтадан сол жерге энергия жиналады. Дәл сол жерде болмаса да блоктың басқа бөлігінде болуы мүмкін. Өйткені 50-100 немесе 200 шақырым тереңдікте болып жатқан тектоникалық процестер тоқтамайды. Сол блоктағы ақырындап жиналып жатқан энергияны бақылауымыз керек. Уақыт келгенде қайтадан апатты жер сілкінісі болады. Міне, осы екі аралықты қалай болжауға болады? Әңгіме осында. Бүгінгі таңда жер сілкінісі 50 жылда немесе 200 жылда қайталанады деп нақты айту мүмкін емес. Бірақ ол міндетті түрде қайталанады. Олай айту үшін бізге статистика қажет. Мысалы, апатты 50 жер сілкінісі болды. Бірі – 10 жылда, екіншісі – 50 жылда деп солардың орташа аралығын шығаруға болады. Бірақ ондай статистика әлемде жоқ. Тек жер планетасында ғана бар. Соларды қарап, талдап отырсақ, ірі жер сілкіністері бір аймақта 80 жылдан 200 жыл аралығында қайталанады екен. Кейінгі уақытта БАҚ-та 80-200 жыл аралығында жер сілкінісі қайталанады екен деп жазылып жүргендер осыған байланысты. Бірақ бұл да нақты емес. Тек қана болжам бар. Оны анықтау үшін ғылым керек, іргелі ғылымның жұмысы қажет.

– «Жер сілкінісін анықтау үшін іргелі ғылым керек, статистика қажет» деп айтып қалдыңыз. Ал еліміздегі сейсмикалық институтқа мына жер сілкіністерінен кейін көп сын айтылып жатыр. Отандық сейсмология саласы күйзелістен шығып, жер сілкінісі кезінде шетелдік мамандарды сөзге тартпау үшін сейсмология саласына қандай өзгерістер қажет?

– Бұл сұрағыңның да жаны бар. Негізінде сейсмикалық қауіпсіздік деген бар. Ол ұлттық қауіпсіздіктің бір құрамдас бөлігі. Сейсмикалық қауіпсіздік қазіргі таңдағы ғылымның дамуымен тікелей байланысты. Сейсмология институты бірнеше күйзелістен өтті. 1976 жылы институт құрылды. Сөйтіп арнайы қаулы қабылданды. Оның қазір 50 жылдық тарихы бар. Құрылғаннан бері бірнеше күйзелістен өтті. Алдымен ғылым академиясында болды, академия тарағасын ғылым комитетінде болды. Одан кейін Сәтбаев университетінде болды. Біраз уақыттан соң ғылым комитетіне қайтып келді. Қазір ТЖМ құрамында. Әрбір күйзеліс бәрібір өз таңбасын қалдырады. Сөйтіп сейсмология бағытындағы ғылымның дамуы онша жақсы емес. Оны ашық айту керек. Әсіресе іргелі ғылым жағы ақсап қалды. Өйткені біз сияқты қарттардың көбі дүниеден өтті. Қалғандары зейнетте, қарқынды жұмыс істей алмайды. Жастар болса ғылымға кіре алмай жүр. Мамандар жетпейді. Осының бәрі бұл саладағы ғылымның дамуына үлкен кедергі болып тұр. Оның бер жағында екі жыл бұрын Төтенше жағдайлар министрлігіне институтты «күмп» еткізіп бере салды. Келешегін ешкім ойламады. Ал ТЖМ ғылыми мекеме емес. Мұнда сейсмология жайында ғылымды басқаратын адам жоқ. Сондықтан институтты оларға бере салғанын құптап отырған жоқпын. Қазіргі таңда бұл саладағы ғылымға білікті мамандардан комиссия құру керек. Солар ғылымның нақты деңгейін анықтауы қажет. Бұл бәрін орнынан алып, қырып-жою емес, сейсмология ғылымының деңгейін білу ғана. Сөйтіп барып шешім шығару қажет. Бұл салада ойланбай шешім шығаруға болмайды. Сондықтан ел басқарып отырған адамдар біраз ойлануы қажет.

– Алматыға біраз тоқталдыңыз. Жалпы Қазақстанның сейсмикалық қауіпті аймақтары туралы айта кетсеңіз.

– Еліміздің жалпы ауданы 2,7 млн шаршы шақырым. Соның 40 пайызында күші 6-9 балдық жер сілкінісі болу ықтималдығы бар. Әрине, барлық жерде бірдей емес. Әсіресе елдің оңтүстігінде Іле, Күнгей, Теріскей Алатауының қарқындылығы жоғары. Оңтүстікте орналасқан Жамбыл, Шымкент аймақтарындағы Қырғыз бен Талас Алатауының да қауіптілігі жоғары. Өткен ғасырдың 40-50 жылдарындағы шыққан жер сілкінісі туралы ғылыми әдебиеттерде күшті жер сілкіністері таулы аймақтарда болады деп жазылған. Ол дұрыс. Сол кездері апатты жер сілкіністер таулы жерде болатын. Жазық жерлерде бұндай жер сілкінісі кездеспейтін. Кейінгі кезде жер қойнауына түсетін әсер көбейіп кетті. Ірі мұнайлы аймақтарымызда мұнай, газ шығады. Бұрын он шақты ұңғыма болса, қазір олардың саны жүздеген. Күні-түні істеп тұр. Орталық Қазақстанда шахталар бар. Шығыс Қазақстанда да тау-кен орындары бар. Осының бәрі жер қойнауына үлкен әсер етеді. Сөйтіп сол аймақтардың тепе-теңдігін бұзады. Әрбір жердің тепе-теңдігі болады. Қазақ «таудың да түбірі бар» деп айтады. Рас, таудың түбірі бар. Ғылым оны дәлелдеді. Сол түбірдің арқасында ол тепе-теңдігін сақтап тұр. Міне, сол тепе-теңдік бұзылғасын табиғат кері әсерін білдіреді. Сөйтіп қазір «техногендік жер сілкіністері» деген ұғым пайда болды. Соның бәрі жер қойнауына сыртқы әсердің кесірінен болып отыр. Кеше ғана Маңғыстау облысы мен Атырау облысында жер сілкініпті. Жылда сол жерлерде 4-5 балға дейін жер сілкінеді. Міне, осының салдарынан табиғи жер сілкінісінен бөлек, елімізде сейсмикалық қауіпті аймақ үлкейді. Сонда шамамен есептеген сейсмикалық қауіптілік Қазақстанда 40 пайыздай, оның бір бөлігі табиғи жер сілкініс болса, екіншісі өзіміздің қолдан жасап жатқан жер сілкіністері. Тек қана Солтүстік Қазақстан аймағын қазір тыныш аймақ деп атасақ болады.

– Жер сілкінісі жайлы әңгіме болғанда, тектоникалық жарылым деген сөз жиі айтылады. Тектоникалық жарылым дегеніміз не және оның жерасты дүмпуімен байланысы туралы не айтасыз?

– Аталарымыз «жер жеті қабат» деп айтушы еді. Қазір ғылым шынында да жердің жеті қабаты барын дәлелдеді. Соның ең беткі қабаты «жер қыртысы» деп аталады. Оның қалыңдығы 40-50 шақырымға жетеді. Бұл қабат шынының шытынап сынғанындай әртүрлі блокқа бөлінеді. Жер қыртысы жалпы 27 ірі тақталарға бөлінген. Мысалы, біз тұратын Еуразиялық тақта, Тынық мұхиттық тақта, Америкалық тақта дейтін түрлері бар. Ал әрбір тақта ірілі-кішілі блоктарға бөлінеді. Сол блоктардың арасын «жарылым» деп атайды. Тақталар да, блоктар да үнемі қозғалып тұрады. Ал жарылымның барлығын жер сілкінісімен байланысты деп айтуға болмайды. Оның ішінде ұзындығы жүздеген шақырымға баратын немесе тереңдігі жағынан жарылымдар бірнеше түрге бөлінеді. Аймақтық жарылым дейді, жергілікті жарылым, планетааралық жарылым дегендер бар. Міне, осылар жер сілкінісіне тікелей байланысты. Алматыдағы ірі жер сілкіністері – 1911 жылғы Кемін жер сілкінісі, Верный және Шелек жер сілкіністерінің барлығы Іле мен Күнгей Алатауын қақ бөлетін жарылым бар, соған байланысты болды. Алматының астында да жарылым бар. 1983 жылы Алматы картасын жасаған кезде 4-5 жарылымды көрсетіп, «бұл жерде үй салуға қауіпті» деп айттық. Бірақ сол кездің өзінде көп үйлер сол жарылымдарда салынып қойған еді. Алматының астындағы жарылымдардың өзіндік ерекшеліктері бар. Олар ірі емес, майда. Бірақ сол жарылымдарда жер сілкінісінің ошағы бар ма? Мәселе сонда. Біз көп жылдар тексеріп, бұл жарылымдарда жер сілкінісінің ошағын анықтамадық. Демек бұларды қарқынды деп айтуға болмайды. Тек сырттан болған жер сілкінісінің әсерінен жарылым білінуі мүмкін. Соның үстінде тұрған үй жер сілкінісін қатты сезуі мүмкін.

– Көпшілік арасында зілзала апатын алдын ала болжауға болмайды деген сөздер жиі естіледі. Мұның басты себебі неде?

– Иә, ондай сөздер көп айтылып жатады. Біреулер «болмайды» дейді, біреулер «ықтимал болады» дейді. Қандай да бір табиғи құбылыс болмасын, оны алдын ала болжау үшін сол салада жан-жақты зерттеулер жүргізу қажет. Ғылымның дамуын арттыру керек. Сонда ғана оның алдын ала болжау мәселесін шешу ықтималдығы артады. Ал жер сілкінісі күрделі мәселе. Оны алдын ала болжауға болмайды деп айтылып жатқан сөздермен келісуге болады. Оның себебі – алдын ала болжау үшін сол ғылымның саласы жақсы дамуы қажет. Өкініштісі – жер сілкінісінің ошақтары жер қойнауында. Ошақтың тереңдігі 10-100 тіпті 500-700 шақырымға дейін барады. Мысалы, Іле Алатауының ошағы 10-40 шақырымға дейін жетеді. Міне, сол көзге көрінбейтін 40 шақырым тереңдікте қандай өзгерістер болып жатқанын білуіміз қажет. Оны білмей, жер сілкінісі ошағындағы процесті зерттемей, жер сілкінісін алдын ала нақты болжай алмаймыз. Жалған болжаушылар көп.

Жер сілкінісі
Фото: ЖИ

– Қауіптілігі жоғары аймақта (мәселен, Алматыда) 9 қабаттан биік үй салуға болмайды деп айтады. Жалпы жер сілкінісі күші мен оның Жер бетіндегі зардабы арасында қандай да бір байланыс бар ма?

– Жер сілкінісінің ошақтары жаңа айтып өткенімдей, өте тереңде. Сол ошақтан тараған сейсмикалық толқындар жер бетіне жетіп, бәрін қиратады. Жер бетіне таралған толқындардың зардабы бірнеше кезеңге байланысты. Алғашқы кезең – табиғи фактор. Жер сілкінгенде жүздеген шақырым жерді сілкіндіреді. Қандай алып күш! Сол күш жер ошағынан шығады. Егер қала тығыз қоныстанған болса және мезгілсіз уақытта болса, апаттың салдары ауыр болады. КСРО тарағасын үйлердің қабырғасын алып тастап, үлкейтіп жатырмыз, балконды да кірпішпен қалап, бөлмеге айналдырып жатырмыз. Бұл алғашқыда жобаланған үйдің төзімділігін төмендетеді. Біреулер «институттың рұқсатын алдық» деп айтады. Иә, ақшасын төледің, инженер «үйдің төзімділігін төмендетпеу үшін мынадай нәрселер істеу керек» деп жазып берді. Бірақ оны кім тексеріп жатыр. Міне, осындай қателіктер қайғылы жағдайға әкеледі. 1988 жылы Арменияның Спитак қаласында жер сілкінісі болды. Сол жердегі жер сілкінісінің зардабын зерттеуге мені басшы етіп қойды. Менің көргенім, бөлмелерді кеңейтіп, балкондарды өзгерткен үйлер алдымен қирапты. 9 қабатты үйлердің үйіндісі ғана жатыр. Айтайын дегенім, төзімділігі төмендетілген үйлер алдымен қирайды. Мұны еш уақытта ұмытпауымыз керек. Жобаланған үйді солай салып, солай пайдалануымыз керек. Барлық сақтық шаралары сақталып, біз соған сай пайдалансақ, ол үй 9 балдық жер сілкінісіне шыдайды. Жарылуы немесе бұзылуы мүмкін, бірақ адам өміріне қауіп әкелмейді.

– Алматыда жер сілкінісін алдын ала хабарлау немесе ескерту жүйесі құрылды, «ТЖ министрлігі 28 нысанға құрылғылар қойыпты, бірақ қазір олар істемейді» деген хабар бар. Бұл қандай құрылғылар, неге істемей тұр, кеңінен айтып берсеңіз.

– Алдымен айтарым, жер сілкінісін болжау деген бар да, жер сілкінісін хабарлау деген бар. Екеуі екі түрлі. Ескерту жүйесі толқынның таралу жылдамдығына негізделген. Жер сілкінісі ошағынан таралатын сейсмикалық толқынның жылдамдығы 6 км/сек-қа тең, ал жер сілкінісі эпицентріне жақын орналасқан жүйенің датчигі радиотолқын арқылы (таралу жылдамдығы 300 000 км/сек, яғни сейсмикалық толқыннан 50 000 есе тез таралады) қалаға сол мезетте жетеді. Мәселен, сілкініс эпицентрі Алматы қаласынан 60 км қашықтықта орналасты десек, онда сейсмикалық толқын қалаға 10 секунд уақытта жетеді, ал қаладағы Орталық серверге датчиктен сілкініс жайлы келген радиосигнал сол мезетте жетеді. Сонымен, 10 секунд арасында (сейсмикалық толқын жетем дегенше) қаладағы аса жауапты объектілер жүйеден ажыратылып, тұрғындарға сақтану шараларын қолдануға мүмкіндік туады.

Жаңағы сұрағыңның жаны бар. Екі рет жер сілкінісінен кейін ТЖД соншама құрылғы сатып алды. «Оны құрып жатырмыз, шілдеде жұмыс істейді» деп жазып жатты. Бірақ осы күнге дейін олардың неге жұмыс істемейтінін департаменттен сұрау керек шығар.

– Дабыл қайта-қайта іске қосылмай қалып, олар сынға қалып жатыр ғой...

– Бұл жерде бүкіл жүйенің әрбір бөлігінің сенімді жұмыс істеуі аса маңызды. Егер, жүйе сенімді жұмыс істей алса, қала тұрғындарына оның септігі тиеді деген ойдамын.

– 12 балдық жер сілкінісі туралы сөздерге не айтасыз?

– Эколог Елеусізов деген жігіт 12 балл жер сілкініс туралы айтып жүр. Ол кісі өзі 12 балдық жер сілкінісінің не екенін біле ме екен?! Әрбір табиғи құбылыстың өлшем бірлігі болады. Оны «сапалық» және «сандық» деп атайды. Жер сілкінісінде де солай. Балл және магнитуда бар. Мысалы, «күн ыстық екен» дейді. Бұл – сапалық өлшем бірлігі. «Бүгін күн 35 градус екен» дейді. Бұл – сандық өлшем бірлігі. Жер сілкінісінің де өлшем бірлігі болады. Сандық магнитудасы 7 екен дейді. Магнитуда деген жер сілкінісі ошағынан таралатын толқынның өлшем бірлігі. Бұл ғылыми термин. Жер бетінде ол 9 балл боп сезілуі мүмкін. Бұл сапалық өлшем бірлігі. Жер бетіндегі әрекеті. Жалпы сапалық әрекетті өлшейтін 1 балдан 12 балға дейін жасалған арнайы шкала кесте бар. Мысалы, 1 балдың өзіндік әсерін сипаттап көрсететін заңдылығы бар. Адамға қалай әсер етті, үйге қалай әсер етті дегендей... Ал 12 балдық жер сілкінісі жер бетінде болмаған.

Жер сілкінісі
Фото: Коллаж Ulysmedia

– Оның болуы мүмкін бе?

Мүмкін емес. 12 балл деген жердің қойнауында соншама энергия сақталуы үшін соншама қатты тау жыныстары болу керек. Ондай тау жыныстары қазір жоқ. Мысалы, бір жерде жер сілкінісі 8 балдан аспайды, ал екінші жерде 6 балдан аспайды. Өйткені ол ішкі жер қойнауының төзімділігіне байланысты. Жиналған энергия бір межеге келгенде блог қырт етіп сынады. Мысалы, ағаш сызғыш пен темір сызғышты сындырсаң, екеуі төзімділігіне байланысты екі түрлі сынады ғой. Жер де солай, қаттылығына байланысты жер қойнауындағы блоктар әртүрлі болып сынады. 12 балдық жер сілкінісі бүгінгі таңда болмаған. Ол кезде таулардың орны ойпат болады, өзендер теріс ағады. Солай деп келтірілген, жаңа айтып өткен шкала кестесінде. Ондай болашақта болмасын, болмайды да. Сол кісі мұны біле ма, білмей ма, бірақ осындай әңгіме айтып жүр екен. «Алматыда 12 балдық жер сілкінеді екен» деп айтатын көрінеді. Алматыдағы ең ірі жел сілкінісінің магнитудасы 9-9,5, жер бетінде 10,5-11 балл. Кемін жер сілкінісінде эпицентріндегі күш 10,5 балға дейін барған. Қытайда 1500 жылдары жер сілкінісінен 600 мыңдай адам қаза тауыпты. Үйлер қирап қалған деп айтады. 1960 жылы Чилиде ірі жер сілкінісі болды. Осындай 10-11 балға жеткендер бар. Бірақ одан артық әлемде жер сілкінісі тіркелмеген. Алдағы уақытта болмайды да деген қағида бар.

P.S. Қарт сейсмологпен сұхбат қысқартылып, газет бетіне басылды. Бұлардан бөлек, ғалым «Қазақстанда АЭС салу қауіпті ме, Жапониядағы цунами, жер сілкінісі оның қауіптілігін көрсеткен жоқ па?», «Сейсмикалық қауіптілік деңгейін төмендету немесе зілзала апатын болдырмауға бола ма?», «Жер сілкінісін алдын ала болжаудың этикасы жайлы не айтасыз?», «Сейсмикалық сауаттылық дегеніміз не?» деген сынды сұрақтарға жауап берді. Сұхбаттың толық нұсқасын Jas Alash YouTube арнасынан көре аласыздар.