Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:45, 03 Маусым 2022

Алма бағын ат қораға айналдыра ма?

None
None

Оңтайландыру кімге опық әкелмеді? Бұқар жырау ауданына қарасты, Үштөбе ауылы кеңес заманында дәнді-дақыл өсіруден, құс өнімін шығарудан  республикадағы үлгілі елді мекен болды.

Осында тұрғылықты немістер салған алма бағының жемісі мемлекеттің ішкі нарығын түгелдей жаулап алған. Жекешелендіру жылдары құс фабрикасы таратылған соң, немістер тарихи отанына үдере көшіп кетті. Тарихы жарты ғасырға жететін жеміс ағашы содан бері кіріптар күйге оранған. Аумағы 17 гектар жерді алып жатқан бақ, 2006 жылы жергілікті тұрғын Талғат Нұрғожиннің меншігіне өткен. Мұнда демалуға келушілер ақы төлеп кіреді, кісі басына 300 теңге, көлік қою үшін 2 мың теңге алынады. Алайда, тұрғындарды тарифтің бағасы емес, бақтың баптаусыз жайы толғандыруда.  

– Төл мекеннің табиғаты бізге қымбат. Бұл Қарағанды маңындағы жалғыз алма бақ. Облыс орталығы небәрі 7 шақырымдық жерде тұр. Бақтың  иесі бар деген аты ғана, желектер оталып жатыр. Бұған дейін де, күтусіз ұстады. Жаңа бақтың иесі жылқы өсіретін орынға айналдырмақ. Атадан тал емес, мал қалсын деген-ау, – дейді үштөбелік Нұрлан Әбжанов.  

— Қарапайым халықтың қолында қандай күш бар? Жергілікті биліктегілер кезінде жерді мемлекеттің балансында қалдыру керек еді. Өлкеміздің табиғи байлығын жеке мүддесіне айналдырып отырған фермерлер мұны бүтіндей жойып жібермесе, тәйірі.  Осыған қалайша, араша түссек екен деп басымыз қатып жүр, – дейді тұрғын Әлімжан Жақан.

Үштөбе ауылының әкімі міндетін атқарушы Әлем Қопабаеваның айтуынша, бақтың жер аумағы ауданға тиесілі. Жекешелендіру тұсында солай аударылған болса керек. Бұрынғы қожайын «Нұрғожа» шаруа қожалығының басшысы Талғат Нұрғожинмен байланысқа шыққанымызда, меншігіндегі жерді бір ай бұрын «Голден группа-2021» ЖШС-на сатқанын растады. Нұрғожин қал-қадірі келгенше, алма бағына зиян тигізбегенін, жеміс терушілерге қысым болмағанын алға тартып ақталды. Ол бос жатқан алқапқа жоңышқа мен көп жылғы шөп егіп, табыс тапқан. Сөзінің төркініне қарағанда, жеміс ағашын іске жаратпаған. Ал қазіргі директоры Абдолла Рүстембеков алма бағын алған бетте жағдайы жадау күйде болғанын жайып салды. Ол жаңадан жасақталған шаруа қожалығының міндеті бұрынғыға ұқсамайтын дәлелдеп өтті.

— Бақтың аумағында бұрын-соңды техника кіретін жол жасалмаған. Сондықтан шеткері тұрған кейбір ағаштардың көлемін қысқартып, қырқып, көліккке арналған 3 жолақты жол саламыз. Сонымен қатар,  су жүйесін тартуды жоспарлап отырмыз. Бұл арада болашақта  «Көкпар» спорт мектебінің  ғимаратын тұрғызып, балаларды ұлттық ат спортына үйретеміз, – деді «Голден групп-2021» серіктестігінің директоры.

Үштөбеліктердің арманы – қалайда, алма бағын елдің игілігіне айналдырып, келешек ұрпаққа мұраға қалдыру. Осылайша, «жер халықтың байлығы» деген ұстанымды дәлелдеу. Алайда, жергілікті атқарушы биліктің өкілдері тұрғындардың тілегіне мойын бұрғысы жоқ. Округтің әкім «Заңнан аттап шыға алмаймыз» деген қасаң қағидадан арылмай отыр. 

— Бақтың жер көлемі 2006 жылы аудандық жер комиссиясының шешімі бойынша жекеменшікке өткізілген. Ол ауыл шаруашылығы жеріне жатады. Егер жер игерусіз жатса, жер комитетінің рұқсатымен кері қайтарып алуға болатын еді. Алғашқы меншік иесі  бақта шаруашылығын жүргізді. Белгілі болғандай, енді ол басқа тұлғаның қолына өтті. Түптеп келгенде, менің жекеменшіктің ісіне  араласуға құқым жоқ, – деп сөзін шорт кесті Үштөбе ауылдық округінің әкімі Саят Шаяқов.

  «Халықтың қалауы үшін бел байлаған басшыға қашанда, тұйықтан шығатын жол бар», – дейді ұзақ жыл облыстың бірнеше аудандарын басқарған, ҚР Ауыл шаруашылығы саласының үздігі Ниқанбай Омарханов.

– Аталған мәселені әкім мен жер қожайын келісім жүзінде шеше алады. Ол үшін аудан әкімі жоғары атқарушы биліктің өкілі ретінде, қожайынға бос жатқан алқаптан үлес бөліп беріп, бақты ауылға қайтаруға болады. Ал жеміс ағашының аумағын мектептің балансына берсе, ел келешектеріне пайдасы мол. Мәселен, биология пәнінен тәжірибелік сабақтар осы арада өтсе,  оқушылардың білімін көтерілетіні кәдік. Күзде жемісін тұрғындар жинап алсын, артылғанын саудаға шығарсын, – дейді саяси және қоғам қайраткері.

Статистикаға жүгінсек, отыз жыл ішінде республикадағы жеміс шаруашылығының өнімі күрт төмендеген. 2020 жылы елімізде алма шырын өндіру экспорты 44 пайызды ғана құраған. Соңғы екі жылда өзімізде шығатын жемістің бұл түрін ішкі нарықта сату деңгейі 40 пайызға да жетпеген. Қазақстанда жылма-жыл Өзбекстан, Қырғызстан, Польша, Қытайдың алмалары жаулап жатыр. Тұмса табиғаттың байлығын елдің мұрасына теліп, көзінің қарашығындай сақтап, күтетін елдер экономикасын еселендіріп жатыр.

Біздің керегеміз кері кетіп тұр.

Тегтер: