Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 08:00

Алмас Сәлменов, экономист-сарапшы: «Қазақстанда жасалған» өнімдерді тұтыну нарыққа серпін береді

Қазақстанда жасалған» өнімдер
Фото: ашық дереккөз

Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Қазыбек би ауылында «QazElastoPlast» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің автокомпоненттер мен автоаксессуарлар шығаратын жаңа зауыты іске қосылды.

 Жоба толықтай жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылды.

Біз мұндай жобалардың жаңа өнеркәсіптік саясат қалыптастырудағы маңызы жөнінде экономист-сарапшы Алмас Сәлменовпен тілдестік.

– Алмас мырза, Алматы облысында аумағы 1 000 шаршы метр болатын кәсіпорын құрылысына 600 миллион теңге инвестиция салынды. Зауыт жылына 300 мыңнан астам жиынтық өнім шығаруға қауқарлы деп жатыр. Жалпы, бізде жаңа өнеркәсіптік саясатты қолдау үшін осындай атқарылып жатқан дүниелер баршылық. Нәтижесін қашан көреміз деп ойлайсыз?! Жалпы, автокомпоненттер шығаратын зауыттың бізге пайдасы бар ма?!

– Иә, мұндай зауыттардың ашылып жатқаны рас. Кейбірінің ашылғаннан кейін бір тоқсан өтпей жабылып жатқаны да бар. Бірақ осы жолы Алматы облысында ашылған бұл зауыттан күтеріміз мол. Зауыттан шығатын негізгі өнімдер қатарына термоэластопласттан жасалған кілемшелер, резеңке тығыздағыштар, балшыққағарлар және өзге де автокомпоненттер кіреді. Қазіргі уақытта кәсіпорын Hyundai маркасының үш моделіне арналған бөлшектерді шығаруда, алдағы кезеңде өнім түрлерін кеңейту көзделіп отыр. Бұл – Қазақстандағы автокомпонент өндіруді алғаш қолға алған кәсіпорын.
Қазіргі таңда зауыт көліктерге арналған кілемшелерді шығарудан бастаған. Модельдік қатар әзірге үш үлгіден тұрады. Алдағы жылы олардың санын 100-ге дейін жеткізу жоспарда бар.

Бұл зауыттың ашылуына «Астана Моторс» компаниясының негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов қатысыпты. Сондай-ақ екіжақты меморандумға қол қойылып, зауытта өндірілген өнімді отандық автокөлік құрастыратын зауыттарға жеткізу жөнінде келісім жасалған. Сондықтан бұл зауыттың нарыққа пайдасы болады деп ойлаймын. Кез келген салада отандық өнімнің болуы жаңа өнеркәсіптік леп қалыптастырады. Қажетті бөлшектерді шеттен әкелмей өзіміздің «Қазақстанда жасалған» өнімдерді тұтыну нарыққа серпін береді. Сондықтан бұл зауыттың жұмысы қарқынды жүрсе, ерте ме, кеш пе, халыққа пайдасын тигізеді.

– Мұндай зауыттар жұмыссыздықты қысқартады деп жатады. Жаңадан жұмыс орындары ашылып, халықтың жұмыспен қамтылары даусыз. Бұл ретте не айтар едіңіз?!

Менің білуімше, Қазыбек бек ауылдық округінде жалпы көлемі 960 гектарды құрайтын индустриялық аймақ құру жоспарлануда. Қазіргі уақытта оның инфрақұрылымын тарту бойынша конкурс жарияланды. Бүгінде ашылған зауытта 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, олардың орташа айлық жалақысы 200 мың теңгеден басталады. Алдағы уақытта жұмыс орындарының саны ұлғаяды деп күтілуде. Сонымен қатар кәсіпорын шикізатты Ресейден ғана емес, Өзбекстаннан да жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл қадам логистикалық шығындарды азайтып, өндірістің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Жаңа зауыттың іске қосылуы аймақтың өнеркәсіптік әлеуетін арттырып қана қоймай, импортты алмастыруға және отандық автоөнеркәсіптің дамуына тың серпін бермек.

Жалпы, Алматы облысының жаңа өнеркәсіптік саясатқа оң нәтиже беруі керек. Ресми деректерге жүгінсек, Қонаев қаласының инвестициялық портфелі жалпы құны 2,4 трлн теңгені құрайтын 39 жобадан тұрады. Олар 2030 жылға дейін жүзеге асырылып, 17 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Оның ішінде 11 жоба туризмді дамытуға бағытталған. Қазіргі уақытта қалада жүгері таяқшаларын өндіретін «АЯМ» зауытының өндірісі кеңейтіліп жатыр, сондай-ақ жаңа жобаларға қатысты жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда. Бүгінде Қонаев қаласында 12 өнеркәсіптік кәсіпорын жұмыс істеп, облыс құрылғаннан бері жалпы өндіріс көлемі 410,2 млрд теңгені құрады. Осындай жобалардың барлығы өңірдің өнеркәсіптік саясатын арттырады.

Қ.САЙЛАУ

Алматы облысы