Алмасбек Садырбай ісі: фермер-активистің қамау мерзімі тағы ұзартылды

Алматы облысы Қонаев қаласының мамандандырылған тергеу соты фермер әрі қоғамдық белсенді Алмасбек Садырбайға қатысты істі қарады.
Сот шешімімен оның қамаудағы мерзімі тағы екі айға, 2025 жылдың 5 қарашасына дейін ұзартылды. Осылайша, А.Садырбайдың қамауда отырғанына бір жыл толады. Бұл туралы сот залында болған қоғам қайраткері Санжар Бокаев хабарлады.
Санжар Бокаевтың пікірінше, оған қозғалған іс — саяси себептермен жасалған қадам. Өйткені А. Садырбай ауыл шаруашылығы министрлігіндегі сыбайлас жемқорлық мәселесін көтеріп келген.
«Министрліктегі жемқорлықты әшкерелеп, шындықты айтқан Алмасбекті ойдан бап ойлап, түрмеге отырғызып қойды», — деді ол.
Қазір Садырбай тергеу изоляторында отыр.
Алмасбек Садырбай — фермер, қоғам белсендісі, «Шаңырақ» бірлестігі мен «Shopan-ata» қой өсірушілер қауымдастығын басқарған. Былтыр қарашада Алматы облысы қаржы мониторингі департаменті облыстық прокуратурамен бірлесіп, «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің басшысы Алмасбек Садырбайды ұстады.
Ол 1,2 миллиард теңге субсидияны заңсыз алды деген күдікке ілінді
ҚМА мәліметінше, Садырбай Балқаш, Еңбекшіқазақ, Кеген, Райымбек және Ұйғыр облыстарында жалған ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрған топты басқарған.