Алматы 2024 жылы қоршаған ортаны жақсартуға арналған бірқатар шаралар қабылдады
Алматыда қаласы мәдени ғана емес экология мәселесіне де салмақты көңіл бөлінуімен ерекшеленеді.
2024 жылы «Жасыл Қазақстан» жобасын жүзеге асыру мақсатында Алматы бірқатар шаралар қабылдады. Біз бүгінгі мақаламызда оның бірнешеуіне тоқталып, оларға қанша қаражат бөлінгені туралы айтып өтеміз.
Алматы қаласын 2024 жылы біраз өзгерістер күтіп тұр. Атап айтар болсақ, «Жасыл мегаполис» жобасы аясында қаланы көгалдандырудың ауқымды бағдарламасы тек орталықты ғана емес, қала шеттерін де қамтиды. Әрбір тұрғынға таза ауа қолжетімді болады. «Жасыл Алматы» жобасы аясында жыл сайын кемінде 320 мың ағаш отырғызу жоспарлануда. 2025 жылға қарай Алматыда 1,2 миллионнан астам ағаш, 2030 жылға қарай 1,3 миллионға жуық ағаш отырғызылады.
- Сонымен бірге, қалада электромобильдерге басымдық беріледі. Қалада электрлі көліктерге арналған зарядтау станцияларының желісі және жаңа электробустар саны көбейеді.
- «Жасыл Қазақстанның» тағы бір тармағы – «Жасыл экономика» аясында ресурстарды және энергияны үнемдейтін технологиялар, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері қалыпты жағдайға айналады.
- Бұдан бөлек судың сапасын бақылау жүйесін құру мақсатында қаланың өзен-көлдерінде су сапасын бақылау үшін датчиктер орнатылады және қаланың ағынды суларды тазарту құрылыстары жаңартылады, бұл ағынды суларды тазарту сапасын арттырады.
- Экологиялық ұйымдар халықтың экологиялық проблемалары және оларды шешу жолдары туралы хабардарлығын арттыру бойынша іс-шаралар өткізеді.
- Экологиялық ұйымдар үйде немесе өз қоғамдастығында экологиялық таза тәжірибені жүзеге асырғысы келетін қала тұрғындарына қолдау көрсетеді.
«Алматы – ортақ үйіміз» акциясы биыл да өтті
«Алматы – ортақ үйіміз» акциясы биыл да жалғасын тапты. Бұл акция қала аумақтарын абаттандыру мен көріктендіруге бағытталған. Шараға қала тұрғындары, еріктілер, коммуналдық қызмет қызметкерлері, этномәдени бірлестіктер мен жастар қатысты.
Науқан төрт негізгі кезеңге бөлінді:
1. «Біздің қала – біздің көшелер» қаланың инфрақұрылымын, оның ішінде жолдарды, жаяу жүргіншілер өткелдерін, аялдамалар павильондарын, бағдаршамдарды және басқа да объектілерді тазалау және жөндеу.
2. «Біздің қала – ауламыз, үйіміз» көшет отырғызу, аулалар мен ойын алаңдарын жөндеу, шығармашылық және экологиялық іс-шаралар өткізу.
3. «Біздің қала – біздің тауларымыз, өзендеріміз бен көлдеріміз» жағалауларды, су қоймаларын, саябақтар мен тау бөктерлерін тазалау.
4. «Біздің қала – мақтанышымыз» ескерткіштер мен мәдени орындарды тазалау, қалалық субұрқақтар іске қосу және белсенді қатысушыларды марапаттау.
Акция қазірдің өзінде 20 мың текше метрден астам қоқыс шығару, 21 мыңнан астам жасыл желек отырғызу, көптеген саябақтар мен алаңдарды тазарту сияқты айтарлықтай нәтижелерге әкелді.
Алматыдағы «Таза Қазақстан» акциясы-2024
2024 жылы Алматыда қаланы көркейту мен көгалдандыруға бағытталған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы өтті. Мемлекет басшысының бастамасымен өткізіліп отырған бұл ауқымды шара қоршаған ортаны жақсартуға және халықтың экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған көптеген түрлі экологиялық акциялар мен жобаларды қамтды.
Науқан кезінде қаланың мәдениет үйлерінде аймақтық экохабтар құрылды. Мұнда қалдықтарды жинау және сұрыптау бойынша шеберлік сабақтары мен тренингтер өткізілді, бұл қала тұрғындарын экологиялық бастамаларға тәрбиелеуге және тартуға ықпал етеді. Бұл экохабтар инновациялық экологиялық шешімдерді ынталандыратын экобелсенділер мен стартаптар үшін хабтарға айналады.Бұдан бөлек іс-шараның маңызды оқиғаларының бірі ағаш отырғызу болды.. Бір айдың ішінде қалада 30 мыңнан астам ағаштар мен 5 мыңнан астам бұталар отырғызылды. Бұл бастама қалалық ландшафтты және мегаполистегі ауаның сапасын жақсартуға бағытталған. 29 мамыр мен 29 маусым аралығында жеке тұрғын үйлердің аулаларындағы ағаштарды санитарлық кесу жұмыстары жүргізілуде, оның ішіне Ұлы Отан соғысының жалғызбасты ардагерлерінің, зейнеткерлердің және мүмкіндігі шектеулі жандардың жасыл желектерін күту кіреді. Бұл шара қала ағаштарын сақтауға және аула аумақтарының эстетикасын жақсартуға көмектеседі.
«Таза Қазақстан» акциясы Алматының экологиялық жағдайын жақсартуда маңызды рөл атқарады. Ол тұрғындардың қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығы туралы хабардарлығын арттыруға және экологиялық мәдениетті дамытуға ықпал етуге бағытталған. Бұл бастамалар тұрғындарда азаматтық жауапкершілік сезімін оятуға және қаланың тұрақты дамуына ұмтылуға көмектеседі.
2024 жылғы «Таза Қазақстан» науқаны Алматыдағы экологиялық гүлдену жолындағы маңызды қадам болды. Ол таза және жасыл қала құруға бағытталған тұрғындардың, табиғатты қорғау белсенділерінің және мемлекеттік ұйымдардың күш-жігерін біріктірді. Бұл іс-шаралар қоршаған ортаның жай-күйін жақсартып қана қоймайды, сонымен қатар халықты жаңа құндылықтар мен табиғатқа қамқорлық мәдениетін сіңіреді.
Мұндай шараларды атқаруға қанша қаражат бөлінді?
Алматы қаласы Экология және қоршаған ортаны қорғау департаменті «Қоршаған ортаны жақсарту шаралары» бюджеттік бағдарламасы аясында қоршаған ортаны жақсартуға қомақты қаражат бөлді. Департаменттің мәліметінше, биыл аталмыш шараларға 10 миллиард 771 миллион 894 мың теңге биылғы жылғы жоспарды жүзеге асыруға бөлінген.
Бұл қаржыға «Алматы қаласының жасыл желектер тізілімі» ақпараттық жүйесін жүргізу және жаңарту, өсімдіктерді биологиялық қорғау қызметтерін көрсету, 2021-2022 жылдары отырғызылған ағаш және бұта дақылдарына күтім жасау, бұталарға күтім жасау, қураған ағаштарды кесу, көлік құралдарының экологиялық мониторингі, атмосфералық ауаның ластануының жиынтық есептеулері және Алматы қаласы бойынша шекті рұқсат етілген шығарындылардың жиынтық көлемін әзірлеу, қоршаған орта сапасының мақсаттарын зерттеу және әзірлеу, дендрологиялық жоспар құрумен жасыл алқаптарды түгендеу және орман патологиялық сараптамасы, қаланы көгалдандыру бойынша іс-шаралар сияқты жұмыстар жасалады.
Сонымен бірге Алматыда ауаның сапасын жақсартуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Көлік құралдарына экологиялық мониторинг жүргізу үшін экология департаментіне жергілікті бюджеттен 352 млн 901 мың теңге бөлінді.