Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:22

Алматы әкімдігі бұл тұрғын үйге маска кигізбесе...

Тубдиспансер
Фото: ЖИ

Кейінгі жылдары елімізде заңсыз немесе даулы тұрғын үй құрылыстары жиілеп кетті. Әсіресе Алматыда бұл мәселе өткірлене түсті.

 Қоғамда ең көп талқыланған жағдайлардың бірі – RAMS компаниясының 40 қабатты үй салу жоспары еді. Қоғам қарсылығынан кейін құрылысы уақытша тоқтады. Енді дәл осындай дау Алматының тағы бір ауданында тұтанды. Медеу ауданындағы Raaf Park тұрғын үй кешені Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы (тубдиспансер) мен оның мәйітханасына іргелес салынып жатыр. Тұрғындар мұны заңға да, санитарлық нормаларға да қайшы әрекет деп бағалап, наразылық білдіріп жатыр. Бекқожин көшесінде тұрғызылып жатқан кешенді құрылысқа RAAF Construction компаниясы жауапты.

1
Фото: krisha.kz

Қоғам неге қарсы?

Жоба басталған сәттен-ақ, сол маңдағы тұрғындар мен қала белсенділері құрылыс орнының таңдалуына қарсылық білдірді. Оған себеп – Raaf Park көпқабатты үйінің туберкулез диспансері және мәйітханаға жақын болуы. «Нысан жұмыс істеп тұрған тубдиспансердің мәйітханасынан небәрі 15 метр қашықта салынып жатыр», – дейді тұрғындар. Шынында да, 2ГИС картасы пікірлер бөлімінде жұртшылық тубдиспансердің қауіпті инфекция ошағы екенін, оның айналасында тұрғын үй салу адам өмірі үшін қатерлі деп санайтынын ашық жазған. Мысалы, пайдаланушылардың бірі: «Туберкулез институты 70 жылға жуық уақыт бойы топырақты ластады, онда ашық формадағы және емделмейтін туберкулезбен ауыратын науқастар жатқан. Енді сол инфекция ошағын компания сүріп, жерін рекультивациялап, жаңа көпқабатты үйлер салмақшы! Германияда мұндай жерге 30 жыл бойы құрылыс жүргізуге тыйым салынар еді – бұл қауіпті», – дейді. Осы сияқты пікірлер әлеуметтік желіде өте көп.

1
2gis қосымшасындағы пікірлер

RAAF Construction өкілдері халықтың сынына жауап беруге тырысқан. Олар «иә, қазір бұл маңда Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы (тубдиспансер) бар, бірақ ол жақында көшіріледі» деп сендірген. Алайда жергілікті жұртшылық бұл уәжге күмәнмен қарайды. Себебі туберкулез мекемесі көшірілген күннің өзінде, ондаған жылдар бойы жинақталған зиянды қалдықтар мен бактериология оңай жойылмайды деп қауіптенеді. Сонымен бірге тұрғындар диспансер басқа жерге көшірілгеннен соң, оның орнына да тұрғын үй салынуы мүмкін деп жүр. Яғни мәселе тек қолданыстағы мекеме емес, жалпы осы аймақтың эпидемиологиялық ахуалы мен экологиялық тазалығы туралы болып тұр.

Мұндай жағдайда ең алдымен санитарлық нормаларға жүгіну қажет. Қазақстандағы қолданыстағы санитарлық-эпидемиологиялық ережелер бойынша, жұқпалы аурулар мекемелері мен тұрғын үйлер арасында белгілі бір санитарлық қорғау аймағы сақталуы тиіс. Мәселен, әлемде туберкулез диспансерлері үшін кемінде 100 метрлік қашықтық қарастырылған. Ал Raaf Park кешені бұл межені сақтап тұрған жоқ. Оны өз көзімізбен барып та көрдік. Тұрғын үй мен диспансердің арасын бөліп тұратын аумақ жоқ десек те болады.

Әкімдік не дейді?

Бұл мәселеге байланысты Алматы әкімдігінің бірнеше мекемесіне сауал жолдадық. Сауалдарымыздың жауабын ұзақ күтуге тура келді. Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасынан жарты ай дегенде ғана жауап келді. Олардың айтуынша, аталған тұрғын үйге қатысты барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптар толықтай сақталған екен.

«Құрылыс салушы тарапынан уәкілетті мемлекеттік органдардың барлық қажетті келісімдері мен қорытындылары алынған, оның ішінде мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы, бұл жобаның қолданыстағы нормалар мен стандарттарға толық сәйкестігін растайды. «RAAF PARK» тұрғын үй кешенін салуға рұқсат берілмес бұрын, құрылыс салушы тарапынан кешенді тексеру жүргізілген. Атап айтқанда, құрылыс басталғанға дейін бірқатар тексерулер мен келісу рәсімдері өткізілді. Соның нәтижесінде көрсетілген мекенжайда тұрғын үй ғимараттарын орналастыру қауіпсіздікке, экологияға және санитарлық талаптарға қайшы келмейтіні анықталды», – дейді әкімдік.

Сонша күткенде алған жауабымыздың түрі осы. Бәрі заңды екен, бәрі жөн екен. Бірақ әкімдік айтты деп қарап отыратын емес, «Жас Алаш» арнайы зерттеп, тұрғындардың қаупін тексеріп көрді.

Раф Парк
Raaf Park тұрғын үй кешені Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының арасы өте жақын. Фото: Жас Алаш

Жұқпалы аурулар ауруханасының жанына тұрғын үй салу қаншалықты дұрыс?

Инфекциялық ауруханалар маңында халық тығыз шоғырланған нысандар салуға қарсы екенін түрлі ғылыми еңбектер де растайды. Осыған қарамастан, Raaf Park құрылысы жалғасып жатыр. Заң тұрғысынан алғанда, құрылысқа қажетті рұқсат құжаттары болған күннің өзінде, қоғамдық денсаулық пен қауіпсіздік мүддесі алдыға қойылуы тиіс. ҚР қолданыстағы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексі мен құрылыс нормаларында экологиялық және санитарлық сараптама қорытындылары ескерілуі шарт. Егер тұрғын үй кешені аяқталғанға дейін тубдиспансер расымен де көшірілмесе, бұл жағдай құқықтық коллизия тудыруы ықтимал, яғни пайдалануға берілген үй мен қауіпті медициналық мекеме қатар қызмет ететін болады. Мұның заңдылығын тексеру үшін санитарлық қадағалау органдары мен жергілікті атқарушы билік араласуы қажет-ақ. Өкінішке қарай, қоғамның дабылы еленбей отыр.

Мұндай жерге көпқабатты тұрғын үй салуға болмайтынын экологтар да құптайды. Алматы облысы мәслихатының депутаты, эколог Тимур Елеусізов мұндай мекемелердің қала ішінде орналасуының өзі қисынға келмейді – туберкулез диспансерлері тұрғын үйлердің ортасында емес, санитарлық-қорғау аймақтарында орналасуы тиіс дейді.

Тимур Елеусізов
Фото: ашық дереккөз

«Ал нақты осы нысанға келсек, менің білуімше, онда тұрақты стационар жоқ, тек амбулаториялық қабылдау жүргізіледі. Сол себепті ол жақын маңдағы тұрғын үйлер үшін айтарлықтай қауіп төндірмейді. Мұндағы мәселе қауіпсіздікте емес, бастапқы қалалық жоспарлаудың қисынсыздығында болып тұр – мұндай нысандар тұрғын үйлермен қатар тұрмауы қажет», – дейді эколог.

1
Фото: Жас Алаш

1960 жылғы есеппен жарнама жасау

Raaf Park жобасына қатысты тағы бір сын – сол ауданның инфрақұрылымдық мүмкіндігі. Тұрғындар пікірінше, Бекқожин және Қармысов көшелері онсыз да кептелістің ордасы. Егер Raaf Park көпқабатты үйлері пайдалануға тапсырылса бұл жердегі жолдың жағдайын көзге елестету қиын. «Қазірдің өзінде құрылыс кезеңінде таңертең, түсте, кешке кептеліс пайда болып жатыр, ал үйге адамдар қоныстанса не болмақ» деп ашынады тұрғындар. Шынында да, Медеу ауданының бұл бөлігі негізінен ескі жеке үйлер орналасқан тыныш көше еді, енді мұнда 9–10 қабатты бірнеше ғимарат пен қосымша коммерциялық нысандар бой көтермек. Жолдар, автотұрақ, жасыл алаң, балалар ойнайтын аула сияқты инфрақұрылым элементтері жаңа кешен тұрғындарының санына есептеліп дұрыс жасалмаса, жалпы ортаға салмақ түсіретіні анық. Атап айтқанда, тұрғындардың сөзінше, жақын маңдағы №35 және №159 мектептер қазірдің өзінде оқушыға лық толы, сыныптарда 40 баладан оқиды екен. Жобаны жарнамалағанда «жақын маңда мектеп бар» деп көрсеткенімен, іс жүзінде ол мектептер жаңа тұрғындардың балаларын қабылдай алмайды, орын жетіспейді. Сол сияқты сумен қамту, кәріз жүйесі, электр желісі – бәрі осы ауданның 1960 жылдардағы шағын құрылымына лайықталған.

Кейбір сарапшылар құрылыс компаниясы алдымен инженерлік желілерді толық жаңартуға, қуатын ұлғайтуға инвестор ретінде атсалысуы қажет деп отыр. Алайда мұндай қадам жасалып жатқаны жайлы ақпарат жоқ. Керісінше, тұрғындар «үй пайдалануға берілген соң ғана проблема басталады, оны шешуге ешкім жауапкершілік алмайды» деп алаңдайды.

Экология тұрғысынан да сұрақ көп. Алматы экологиясы онсыз да күрделі: ауа ластануы, жасыл желектің азаюы, халық тығыздығының артуы байқалады. Мамандар жоспарсыз салынып жатқан биік үйлер қала «өкпесін» бітеп, жел өтетін дәліздерді жабатынын айтады. Raaf Park маңы да – бір кездері тыныш, жасыл аймақ болған. Енді тұрғындар «ауламызда тыныштық пен таза ауа жоқ, құрылыстың шаңы мен шуы күндіз-түні маза бермейді» деп шағымданады. Бұл да бақылаудың әлсіздігін көрсететін жайт.

RAAF Construction қандай компания?

Ашық дереккөздерде RAAF Group-тың Қазақстанда тіркелгені туралы ақпарат жоқ, алайда компанияның ресми сайтында оның 2007 жылы Қазақстанда құрылғаны көрсетілген. Сайтында Алматы, Астана қалаларындағы және Түркиядағы – Анталья мен Бодрумдағы жобалар бар. Бұдан бөлек, компания Қазақстанның алты өңірінде карьерлерге иелік етеді, құм мен қиыршық тас өндірумен, сондай-ақ панельдер, пластикалық терезелер мен мырышталған профильдер шығарумен айналысады. RAAF құрылымына сонымен қатар онкологиялық диагностика және басқа да медициналық қызметтерге маманданған «Ыстамбұл диагностикалық орталығы» кіреді.

Ал оның құрамына кіретін RAAF Construction компаниясы елімізде 2006 жылы тіркелген, шағын кәсіпорын санатында (21–30 қызметкер) және қазіргі директоры – Виктор Шалев. RAAF Construction құрылтайшысы ретінде Рустам Арипов көрсетілген. Статснет мәліметінше, компанияның бұрынғы қаржысы айтарлықтай емес. Тек былтырғы қаржысы 5,5 млрд теңгеге бір-ақ өскен.

Әділ Қасым
Әділ-Қасым Жарылқасынұлы

 

Әділ-Қасым Жарылқасынұлы, эколог: Тубдиспансердің қасына тұрғын үй салу – нонсенс

Бұл жерде диспансерлік аурухана орналасқан, яғни жұқпалы аурухана. Мысалы, жаңа кірген кезде медициналық маска сатып алдым. Ал үйлерге қарасаңыз, өте жақын соғылған. Мұны қалай түсінуге болады, нонсенс қой. Санитарлық-эпидемиологиялық ережелер бар. Сол жерде тубдиспансердің өзінің таза, шартты және лас аумақтары болатыны көрсетілген. Сол жерде арақашықтық та аталған. Ал мына тұрғын-үй қалай соншалықты жақын салынған?! Бұл басы ашық сұрақ...

Мен ауруханаға медициналық маскамен кірдім, ал пәтер тұрғындары үйінде маскамен жүре ме сонда? Көпқабатты тұрғын-үй салынғанда көлік қоятын орын, балабақша, мектеп болуы керек емес пе? Сол жағын ескерсек, мына тұрғын үйдің салынуы бәріне қарама-қайшы болып тұр. Өздеріңіз білесіздер, бұрынғы қала құрылысы және урбанистика басқармасының басшысы сотталды. Бұлар кезінде қаншалықты заң бұзғаны БАҚ беттерінде жазылды. Олар рұқсат етілмеген жерге ғимарат салуға рұқсат берген. Сондықтан олардың берген шешімі қазіргі таңда қайта қарастырылуы керек деп санаймын. Себебі олар шешімді заңсыз шығарып, түрмеде отырады, ал заңсыз әрекеттері әлі де жалғасып жатыр. Сондықтан мұны мұқият қарау керек. Елімізде мұндай заңсыздықтардың болып жатқаны жасырын емес. Мысалы, жақында депутат Бақытжан Базарбек RAMS компаниясының заңсыздығын анықтап, 40 қабатты үйдің құрылысын тоқтатып тастады. Ал ол Астанаға бара сала құрылыс қайта жалғасты. Мұны қалай түсінуге болады? Бұл «строительная мафия» ма, не сонда? Осындай оқиғаларға ҰҚК назар аударуы қажет.

Қазір ауылдардың азайып, қала кеңейіп бара жатқаны жасырын емес. Алайда қаланы кеңейту үшін заңсыздықтарға бара береміз бе? Құрылыс компанияның басты мақсаты – ақша табу. Сондықтан құрылыс компаниялары тарапынан ескерілмейтін дүние көп. Қоғамдық тыңдау деп айтып жатамыз. Алайда бірде-бір құрылыс компаниясы ғимарат соғарда экологтың пікірін тыңдап көрді ме? Мен өз басым ондай компанияны әлі кездестіргем жоқ.

Рамс
Фото: rams-global.com

Алматыдағы заңсыз құрылыстар

Алматы қаласында тұрғын үй құрылысына қатысты бұл бірінші дау емес. Жақында қалада тағы бір үлкен жанжал туған. RAMS компаниясының «Rams Beyond» тұрғын үй кешені 40 қабат болып жоспарланып, құрылысы басталған еді. Қоғам қарсы шығып, сәулет талаптарына сай еместігін айтқан соң, жергілікті билік құрылысты тоқтатқаны хабарланған. Алайда арада көп өтпей, тоқтатылған жоба қайта жалғасып кеткен. Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің айтуынша, RAMS компаниясы сот нұсқауына қарамастан, құрылыс жұмысын қайта бастаған, бұл заңсыз әрекет. Қазіргі таңда бұл мәселе бойынша әкімдік пен құзырлы органдар тексеріс жүргізіп жатыр.

Шынында, Алматы мысалында кейінгі жылдары бірнеше архитектуралық заңбұзушылықтар анықталған. Мысалы, тарихи ғимараттардың орнына көпқабатты кешен салу, саябақ аумақтарын заңсыз құрылысқа беру, рұқсатсыз биік нысандар тұрғызу жағдайлары бұқаралық ақпарат құралдарында талай жарияланды. Жыл басынан бері Алматы қаласының өзінде 33 заңсыз салынған нысан сот шешімімен түгелдей не жартылай сүрілген, тағы 64 нысанды мәжбүрлі түрде бұзу қажет, олар бойынша сот шешімі шығып, орындалу сатысында тұр.

Алматыда заңсыз құрылыстардың көбеюіне жол ашқан негізгі себептердің бірі – қаладағы жер қатынастары мен урбанистика саласындағы жүйелі сыбайлас жемқорлық. Бұл жағдайды бұрынғы басшылардың тағдыры айқын көрсетеді. Мәселен, 2018–2023 жылдары Алматы қаласы урбанистика басқармасын басқарған Алмасхан Ахмеджанов пен жер қатынастары басқармасының экс-басшысы Ардақ Самамбетов сотталды. Тергеу дерегінше, олар «жекелеген құрылыс компанияларының мүддесін көздеп», жеке тұрғын үйге арналған учаскелерде көпқабатты кешен салуға заңсыз рұқсат берген. Мемлекетке келтірілген шығын миллиардтаған теңгемен есептелді. Сот Ахмеджановты 11 жылға бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркілеу туралы үкім шығарды. Оның әріптестері де түрлі мерзімге сотталды. Бұл істер Алматыдағы заңсыз құрылыстардың неге көбейіп кеткенін түсіндірсе керек. Қаланың басты архитекторы мен жер қатынастарына жауапты басшылардың өзі заңды белінен басқан. Олар түрмеге қамалғанымен, сол кезде қабылданған заңсыз шешімдер әлі де күшін жоймаған. Соның салдарынан қалада тұрғындарға қолайсыз көпқабатты үйлер салынып жатыр.

Raaf Park маңайындағы дау мен RAMS оқиғасы – қала құрылысы саласындағы жүйелік проблеманың беті ғана. Сарапшылардың айтуынша, мемлекеттік бақылау механизмдері әлсіз, ал құрылыс компанияларының тәбетіне тұсау салатын қатаң талаптар жоқтың қасы. Мәжіліс депутаттары енді ғана Құрылыс кодексіне өзгерістер әзірлеп, құрылыс нормаларын, экологиялық талаптарды бұзғандарға жауапкершілікті күшейтуді көздеп отыр. Яғни заңнамалық деңгейде өзгеріс болмаса, жергілікті билік пен құзырлы органдардың қолында тиімді тетік болмай келген. Мұны пайдаланып, кейбір инвесторлар «алдымен салып алып, сосын кешірім сұрау» әдісімен әрекет еткені құпия емес. Ондайда айыппұлмен ғана құтылып, заңсыз салынған нысанды заңдастырып алу жағдайлары да болған.

Қоғамның қатысуы, халықпен кері байланыс та кемшін. Әдетте, жаңа құрылыс жобасы басталмас бұрын қоғамдық тыңдау (қоғамдық талқылау) өткізілуі керек. Алайда Raaf Park жағдайында жергілікті тұрғындар өз аумағында осындай кешен бой көтеретінін құрыла бастағанда бір-ақ білген сыңайлы. Демек, жобаларды жоспарлау сатысында ашықтық жоқ, жұрттың пікірі ескерілмейді. Ал дау туған кезде барып әлеуметтік желіде, БАҚ-та мәселе көтеріледі. Бірақ ол кезде құрылыс біраз ілгерілеп кетеді де, тоқтату қиынға соғады. Мемлекеттік органдардың әрекеті көбіне тұрғындар шағымданса ғана тексеріс басталады.

Айтпақшы, «Жас Алаш» аталған тұрғын үйге қатысты зерттеуін әлі де жалғастырады. Редакция бірнеше рет RAAF Construction компаниясына хабарласты. Алғашында аты-жөнімізді жазып алып, өздері міндетті түрде хабарласамыз деген, артынша тоң-торыс жатып алды. Қанша мәрте қайта хабарлассақ та, жауап болған жоқ. Ал әкімдіктің бізге берген жауабы нақты емес. Мысалы, жауапта бірқатар тексерулер жүргізілді дегенімен нақты қандай тексерулер жүргізілгені айтылмаған. Сауалымыз қиындық тудырып жатыр ма, әлде басқадай мәселелер бар ма, 20 күнге жуықтап қалды, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Алматы қаласы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің Алматы қаласы Медеу аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасынан әлі жауап келген жоқ.

Тұрсынбек БАШАР

Тегтер: