Алматы әкімдігі Жаңа жылға 800 млн теңге жұмсайды
Бұған дейін «Досаев Тәуелсіздік күнін шыршамен қарсы алмақ» атты мақаламызда қала әкімінің Жаңа жылды тойлауға ерте кірісіп кеткенін жазған едік.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ДОСАЕВ ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІН ШЫРШАМЕН ҚАРСЫ АЛМАҚ
Әкімдікке «биыл шырша құруды неге ерте бастап кеттіңіздер? 2025 жылғы жаңа жылды қарсы алуға қанша қаражат бөлдіңіздер?» деген сынды сауалдарымызды жолдадық. Кешігіп келген әкімдік жауабында жаңа жылға неге сонша асыққаны туралы айтылмаған. Есесіне, жаңа жылды қарсы алуға кететін шығын туралы тәптіштеп баяндапты.
Сонымен, жаңа жылға орай қала аумағына ертегі кейіпкерлері және мерекелік атрибуттар түріндегі 300-ге жуық безендіру қойылады екен. Магистральдар бойындағы ағаштар жарықдиодты шамдармен және гирляндалармен безендіріледі. Жалпы 12 көше мен даңғыл 1 500 жарықтандыру элементтерімен безендірілмек екен. Сондай-ақ 21 көрнекті ғимараттың қасбеті ерекше жарықтандырылып, жаңа жыл қарсаңында Алматыға ерекше көрік пен салтанат сыйлайды екен. Көктөбе телемұнарасы жаңа жылдық стильде безендіріліп, қала тұрғындары мен туристерін мерекелік мультимедиялық бейнероликпен қуантады.
Сонымен Алматы әкімдігі жаңа жыл үшін шамамен 800 миллион теңге қаражат жұмсайды. Бұл – рекордтық сома. Мысалы, 2023 жылы Алматы қаласының мәдениет басқармасы Жаңа жылды безендіруге 512 миллион теңгеге жуық қаржы бөлгенін мәлімдеді. Бірақ БАҚ әкімдіктің 512 млн емес, 714 млн бөлгенін анықтады. Ал 2022 жылы жаңа жылды тойлауға әкімдік 598,6 миллион, 2020 жылы 359,5 миллион теңге жұмсаған.