Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 12:31

Алматы әуежайы қателесіп, басқа компанияға 6,8 млрд теңге аударып жіберген

әуежай
Фото: 2gis.kz/©Дмитрий Плотников

Алматы әуежайы 6,8 млрд теңге көлеміндегі дивидендтерді бұл қаражатты алуға құқығы жоқ компанияға аударып жіберген.

 Заң бұзушылықты Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті профилактикалық тексеріс барысында анықтаған. Бұл туралы Orda.kz хабарлады.

Тексеру нәтижесінде белгілі болғандай, әуежай дивидендтерді акционерлер тізіміне кірмейтін өзге фирмаға аударған. Қаржы министрлігінде мұндай қате стратегиялық нысанның қаржылық тұрақтылығы мен дамуына әсер етуі мүмкін екенін атап өтті. Алайда дивидендтердің қате аударылуына кім жауапты екені нақтыланбады.

Ведомствоның мәліметінше, тексеруден кейін қаражат толығымен әуежайдың есепшотына қайтарылған.

«Қайтарылған қаражат әуежай инфрақұрылымын жақсартуға және қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталады», - делінген ресми хабарламада.

Айта кетейік, бұған дейін Алматы халықаралық әуежайын дамытуға 1,7 млрд долларға дейін инвестиция салу жоспарланып отырғаны хабарланған еді. Жоба 2050 жылға дейін есептелген.

Қазіргі таңда ұшу-қону жолағын ауқымды реконструкциялау, әуежай маңындағы үйлерге арналған шудан қорғау жүйелері, сондай-ақ әуе кемелерін өңдеуге арналған экологиялық платформа іске асырылып жатыр. Болашақта әуежайдың жылына 40 млн жолаушыға дейін қызмет көрсетуі және әлемдік деңгейдегі авиациялық хабқа айналуы көзделіп отыр.