Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:50

Алматы әуежайы қызмкеткерін кепілге алу бойынша Баратовтың соты басталды

Әуежайдағы төтенше оқиға
Фото: видеодан скриншот

2025 жылдың 7 наурызында Алматы қаласының ішкі рейстер терминалында резонанс тудырған оқиға бойынша сот процесі басталды. Қылмыстық істі Түрксіб аудандық соты қарап жатыр.

 Сотталушы – 67 жастағы Машрапбек Баратов, ол әуежай қызметкерін тұтқынға алып, жолаушыларға бомба барын айтып қорқытқан.

Прокуратура Баратовқа ҚР Қылмыстық кодексінің үш бабы бойынша айып тағып отыр:

  • 261-бап, 2-бөлім, 4-тармақ – "кепілге алу" бабы бойынша оған 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы көзделген;

  • 293-бап, 3-бөлім – "қару қолдана отырып жасалған бұзақылық" үшін 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзім;

  • 273-бап – "террористік акті туралы жалған хабарлама беру" бабы бойынша 5 000 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Айыптаушылардың мәліметінше, Баратов оқиға кезінде қолында ас үй пышағы болған және рюкзагында бомба бар деп мәлімдеген. Бұл жалған ақпарат әуежайдағы жолаушылар арасында дүрбелең туғызған.

Оқиға кезінде қызметкер Ботагөз Мұхтарованы Баратов тұтқынға алған. Куәгер Мұса Әбдірайым әуежай қызметкерін құтқарып қалған. Бірінші сот отырысына жәбірленуші Мұхтарова да қатысып, өз мәлімдемесін берді.

Сот материалдарына сәйкес, Машрапбек Баратов бұған дейін де құқық бұзған. 2024 жылдың желтоқсанында қоғамдық көлікте әйелге қол көтергені үшін ол үй қамаққа алынған.

Осы оқиға бойынша Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Адилов арнайы мәлімдеме жасап, полицейлердің әрекеті нұсқаулыққа сәйкес болғанын айтты. Сонымен қатар, барлық әуежай қызметтері арнайы тексеруден өтіп жатыр.