Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:03

Алматы әуежайында жаңа туған сәбилерді әкетпек болған Қытай азаматтары ұсталды

Нәресте
Фото: diapazon

 Алматы халықаралық әуежайында 11 қараша күні Қытайдың екі отбасын шекара қызметі мен полиция қызметкерлері тоқтатып, елден шығуына жол бермеді. 

Біздің дереккөздің мәліметінше, шетел азаматтары суррогат аналар арқылы дүниеге келген жаңа туған сәбилерді алып, Қазақстаннан кетпек болған. Олардың қолында балаларға қатысты құжаттар пакеті болғанымен, құжаттардың мазмұны мен жарамдылығы күмән тудырған.

Құжаттардағы сәйкессіздіктер мен рәсімдеудің толық болмауы шекара қызметкерлерінің күдігін күшейтіп, жағдайды жан-жақты тексеруге негіз болған. Соның нәтижесінде шетелдіктердің елден шығуына тыйым салынып, барлық материалдар Алматы қаласының Полиция департаментіне жіберілген.

Редакцияның ресми сауалына жауап берген Алматы қалалық ПД өкілдері оқиғаны растады. Ведомствоның мәлімдеуінше, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалған:

"Осы факті бойынша Алматы қаласы ПД Тергеу басқармасымен ҚК-нің 135-бабының 1-бөлігі — «Кәмелетке толмағандарды саудалау» бойынша қылмыстық іс тергелуде. Қазіргі уақытта іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде", – деп хабарлады полиция.

Тергеу барысында сәбилердің нақты шыққан тегі, суррогат анамен жасалған келісімдердің заңдылығы, шетелдік ата-ананың әрекеттерінде қылмыстық ниеттің бар-жоғы анықталатын болады. Балалар қазір мемлекеттік қорғауға алынып, дәрігерлер мен әлеуметтік қызмет мамандарының бақылауында.

Еске сала кетейік, биылғы жылдың қаңтар айынан қыркүйек айына дейін Қазақстанда кәмелетке толмағандарды саудалауға қатысты 19 қылмыстық іс қозғалған. Олардың барлығы заңсыз бала асырап алу мәмілелерімен байланысты болған. Сарапшылар мұндай істердің көбеюі суррогат ана қызметі мен жаңа туған балаларды шетелге шығару процестеріне бақылауды күшейту қажеттігін көрсетіп отыр.

Алматы әуежайындағы бұл оқиға Қазақстанда бала құқықтарын қорғау мен адам саудасына қарсы күрес тақырыбының өзектілігін тағы бір мәрте дәлелдей түсті. Тергеу жалғасуда, іс бойынша қосымша мәліметтер ресми органдар тарапынан кейінірек жарияланатын болады.

Тегтер: