Алматы әуежайындағы шабуыл үшін ер адам 11 жылға сотталды

Наурыз айында Алматы әуежайында тексеру қызметкеріне пышақпен шабуыл жасап, сөмкеде бомба барын айтқан Машрапбек Баратовқа сот үкім шығарды.
Шабуыл жасаған ер адамды жолаушылардың бірі ұстап, залалсыздандырған еді. Сот оны үш бап бойынша кінәлі деп таныды: «Кепілге адам алу», «Қаруды қолдана отырып бұзақылық жасау» және «Терроризм актісі туралы жалған хабар беру».
Баратов 10,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұған дейінгі ісі бойынша өтелмеген мерзімімен бірге ол жалпы 11 жыл түрмеде отырады. Сот барысында белгілі болғандай, 2024 жылдың желтоқсанында Баратов қоғамдық көлікте әйелге шабуыл жасағаны үшін бір жылға бостандығын шектеу жазасына кесілген.
Еске салайық, оқиға 7 наурызда, сағат 11:45 шамасында болған. Ер адам өзін жолаушы ретінде көрсетіп, ұшу алдындағы тексеру аймағына кірген. Авиациялық қауіпсіздік қызметінің тексеру мамандары одан құжаттарды көрсетуді сұраған. Алайда ер адам тексерушіні шашынан ұстап алып, пышақпен қорқытқан. Жеті минуттан кейін полицейлер оны қарудан ажыратып, ұстап алды. Шабуылдаушыны қарусыздандырған азамат өзіне жәбірленуші мәртебесін беруден бас тартты.
Кейін Алматы әуежайында болған қайғылы жағдайдың алдын алған Мұса Әбдірайым кепілден босатылған тексеру қызметкерімен жүздесті. Бұл туралы ол өзінің Instagram парақшасында хабарлаған еді:
«Әуежайда болған жағдайды көпшілік көрген болар. Бүгін қарындасымның жағдайын білуге бардым — бәрі жақсы», - деп жазды ол.

Кейін желіде Мұса Әбдірайым есімді азаматтың шабуылдаушыны қарусыздандырған сәті түсірілген видео тарады. Ол "Ерлігі үшін" медалімен марапатталды.