Алматы халықаралық әуежайында қаржылық заңбұзушылық анықталды
Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті жүргізген профилактикалық бақылау нәтижесінде Алматы халықаралық әуежайының қаржылық қызметінде елеулі заңбұзушылықтар анықталды.
Атап айтқанда, әуежайда акционерлік мәртебесі жоқ заңды тұлғаға 6,8 миллиард теңге көлемінде дивиденд төленгені белгілі болды.
Аудиторлардың мәліметінше, мұндай төлем стратегиялық маңызы бар нысанның активтеріне кері әсер етіп, оның қаржылық тұрақтылығы мен даму әлеуетін әлсіретуі мүмкін. Тексеру қорытындысы бойынша заңсыз аударылған қаражат толық көлемде әуежайдың есепшотына қайтарылған.
Қайтарылған қаражатты әуежай әкімшілігі инфрақұрылымды дамытуға, қызмет көрсету сапасын жақсартуға және жолаушыларға ұсынылатын сервистің қолайлылығын арттыруға бағыттамақ.
Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің төрағасы Ержан Мыңжасаровтың айтуынша, 2025 жылдан бастап енгізілген жаңа бақылау тәсілдері тексеру жүйесінің тиімділігін арттырған. Қазір комитет жаппай тексеруден бас тартып, тәуекелі жоғары салаларға бағытталған атаулы бақылау форматына көшкен.
Соның нәтижесінде тексерулер саны 22 пайызға азайғанымен, анықталған қаржылық бұзушылықтардың көлемі 36 пайызға өскен. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша мемлекет бюджетіне 400 миллиард теңгеден астам қаражат қайтарылып, қосымша 1,2 миллиард теңге айыппұл өндірілген.