Алматы қаласында полиция қызметкері мотоцикл жүргізушісінен дәрі қобдишасы, өрт сөндіргіш белгілерін талап еткен
Алматы қаласында түсірілген видео әлеуметтік желіде қызу талқылауға себеп болды: полиция қызметкері мотоцикл жүргізушісінен дәрі қобдишасы, өрт сөндіргіш және апаттық белгі талап еткен.
Видео Instagram-дағы kris.p.original парақшасында жарияланып, көп ұзамай желі қолданушылары тарапынан сынға ұшырады.
Даудың басты себебі – Қазақстандағы қолданыстағы жол қозғалысы ережелеріне сәйкес, қарапайым екі дөңгелекті мотоцикл үшін дәрі қобдишасы, апаттық белгі және өрт сөндіргіш міндетті жабдықтар қатарына кірмейді.
Мұндай талаптар тек бүйірлік тіркемесі бар мотоциклдерге қатысты (дәрі қобдишасы мен апаттық белгі), ал өрт сөндіргіш автобустарға, жеңіл және жүк көліктеріне, сондай-ақ доңғалақты тракторларға міндетті.
Осыған байланысты, егер видеода шынымен тіркемесіз екі дөңгелекті мотоцикл көрсетілген болса, полиция қызметкерінің талаптары кем дегенде күмәнді көрінеді.
Әлеуметтік желі қолданушылары бұл жағдайға қатты реакция білдірді. Пікірлерде полиция қызметкерлері ережені білмейді деп айыпталып, оларды қайта аттестациядан өткізу талап етілді.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда болған өліммен аяқталған жол апатынан кейін Қазақстан Ішкі істер министрлігі қалаға басқа өңірлерден қосымша полиция күштерін жіберіп, ауқымды рейдтік шараларды бастаған.
Министр Ержан Саденов мәліметінше, алғашқы күндері 4,8 мыңнан астам жол ережесін бұзу дерегі анықталып, 2 мыңнан астам көлік айыппұл тұрағына қойылған.