Алматы. Қаңтар. (Раушанов, Нарымбетов һәм Атабаев)
Тақырыппен үкімет пен биліктің үрейін ұшырмай-ақ қояйық. Бұл Алматыдағы 2024 жылдың қаңтары туралы.
Жаңа жылда қаланың қоқыс жәшіктері жаңаланғанынан басқа айтарлықтай жаңалық жоқ.
Алматы. Бұл қаланың тыныс-тіршілігі де сол баяғыша. Тек бұл қалада біраз адам жоқ. Олардың бар-жоғына қарап жатқан қалаңыз да жоқ. Азаннан кешке дейін ары-бері ағылған көліктер, белгісіз бір жақтан белгісіз бір жаққа асыққан адамдар мен құстар. Қыс пен суықты онша ұната қоймайтын қайыршылармен қоса осы құстар. Ал қалада мәңгілікке қонақтап қалғандарының жөні бөлек. Оларда қоштасатын, қимайтын, қайта қауышатын ештеңе жоқ. Сондықтан оларды аяңыз, азық беріңіз. Бес қабатты жатақхананың төртінші қабатындағы терезе алдына келіп жем жейтін қос қанатты төрт-бес міскіннің күнде құлағыма не деп сыбырлап кететінін айпай-ақ қояйын әзірге. Ақ қары қара түнге жарық беріп жатқан Алматыда айтылмаған сыр аз ба, әлде айтатын сырлас аз ба?
Алматының сыртында тағы бір қала бар. Ол – Кеңсай. Ол қалада бәрі бар. Тек тірілерден басқа. Жоқ, ол жақтағылар да тірі, олар – өлімді жеңген тірілер. Менің Алматыдан іздейтін адамдарымның көбі сонда. Сол жаққа көшкен. Енді сонау биіктен көз тастап, түтін мен той-думанның арасындағы Алматыға қарап жатады. Біз ол жаққа қарай алмаймыз. Көзіміз жетпейді. Қанша созылсақ та күн жалаған күмбездерін көре алмаймыз. Өйткені біз төмендеміз, бір француз жазушысының кейіпкері секілді ешқашан көкке, биікке қараған емеспіз. Қалай десек те, осы бір жылғы қаңтар көп айдың бірі секілді өтіп жатыр.
Есенғали – Алматымен қатар айтылатын, еске түсетін ақындардың бірі де бірегейі. Ол да Кеңсай жақтан сол Алматы, сол өзеніне қарап қойып жатқан шығар, бәлкім. «Кеңсай ерекше мекен. Оған барып тұру кісіні ойландырады, көп нәрсеге басқаша қарайтын боласың, асып-тасып бара жатқан кездеріңде сабырға шақырады» деген сол бір ерекше мекенде, өзі жиі сағынған, еске алған, көптен бармай кетсе, біртүрлі «өкпелеп» тұратын Тұманбай, тас түйін дайындалып бармасаң, «шалқаңнан түсіретін» Қадыр ағалары жатқан мекенде енді өзі де сырбаз, сабырлы қалпында қанатты пырағын жетелеп жүр. Бәлкім, Мейірханға «жаңа ертегі» құрастырып... Біз әрқашан тазалыққа ұмтылып жатамыз. Есенғали да поэзияның таза сақталғанын, былғанбағанын қалады. Ол қадірлеп, қастерлеген, басын иген дүние – ӨЛЕҢ. Ол поэзияның асқақ болғанын ұнатты. Оған өлең туған анадай қадірлі болды. Өзін-өзі қадірлей алмайтын адам өзге нәрсені де қадір тұта алмайды. Оның болмысында далаға тән дархандық, бағзы бір замандардан жеткен асқақ рух пен бекзаттық бар еді. «Табиғат тазарып тұру үшін жаңбыр керек дейді, адам тазарып тұру үшін не керек? Меніңше ақындар керек...» дейді өзі. Иә, ақындар керек. Есенғали секілді дейін мен. Алматының жаңбыры жауа қалса, көшелерді жуып өтіп, Есентайға асықса керек. Сол жақта өзен болып арқырап ағып, асыр салып жатқысы келетін сияқтанады. Таза, тұңғиық су түбіндегі маржан тастай жарық шашқан жырды, көзді қарықтырар сонау биіктен түсіп, түнекті тілгілеген сәуледей сөзді іздеген адам Есенғалиды табады. Эйнштейн үшін «Бахты, содан кейін тағы да Бахты тыңдау» қандай рахат болса, мен үшін Есенғалиды, содан кейін тағы да Есенғалиды оқу жеткілікті. Алайда Есенғали жайлы өзі Германиядан іздеп барып жүрген театр режиссері Болат Атабаевтан артық әдемі де, әсерлі айта алмаспыз, сірә... Қасымхан досы қимай-қимай қоштасып, Кеңсайға алғаш рет түнегенінен бері сол жақта қаңтар айын қарсы алғанына, міне, үшінші жыл. Есентай сырын ішіне бүгіп, үнсіз жатыр. Жетімсіреген тек құстар ғана. Жары жақында ғана ауыр қайғыдан айыққан секілді. Ал Алматыңыз толған думан, толған ән... Ескерткіш тақтасы ашылған кезде Есенғалидың өзі де сол нөпір топтың арасында тұрғанына сендік. Сенгіміз келді... «Көкке қарап қол созумен өтетін өмір-ай. Ақын халық ләйләт-ул-қадыр түнінде Алладан ең жақсы кітап жазуға медет тілейді. Бірақ ең жақсы кітаптар бізге дейін жазылып біткен. Көктен түсетұғын төрт кітап түсіп қойды. Сонда да жазуды қоятын түріміз жоқ. Жазу үстіндеміз. Жазамыз. Жаза да береміз». Иә, жазу әлі де тоқтаған жоқ. Қолына қалам алған жанның қасиеті де, қасіреті де осы – жазу, жаза беру. Әлде, «өлең жазу – өле алмаудың ермегі» ме екен, шынымен. Жасау, жарату Құдайға ғана тән. Біздікі соған еліктеуден туған бірдеңе өзі.
Алматының қым-қуыт тірлігінен шаршасаңыз Кеңсайға тартыңыз. Кеңсайға барған адам жалғыз баруы керек. Адасуы үшін. Адасып барып аяғы талып, іздегенін тауып, таба алмаса тағы келуі үшін. Кеңсай көпшілікті көтермейді. Кеңсайға бара қалсаңыз, Есенғалидан сәл әрірек Сатыбалдыны көресіз. Сатыбалды Нарымбетовты. Мэтрды. Асқар мен Әбіш әдебиетке әкелген жазушыны. Аймановтың айтуымен киноға келген режиссерді. Садуль сыйлығын Иоселианимен жуып, Парижді тамсандырған тұлғаны. Ол сізге көзілдірігінің ар жағынан сәл сығырая қарап, темекісін тартып тұра береді. Менің түсінігімде адамдар екіге бөлінеді: кино көретіндер және оны түсіретіндер. Кино – өнердің кенже саласы болғанымен, бергені де, әлі берері де мол сала. «Кино әлі күнге дейін әдебиет пен театрдың арасында өз отауын тіккенмен, шаңырағын толық көтере алған жоқ... Тілі – сақау десе де болады...» деген Сәкеннің пікірін еске салайын. Сондықтан да ол «тек синематограф тілін, пластикасын іздеп жүрген, таза синематограф табиғатын тану үшін түсірілген фильмдерді» іздеді. Нағыз кино өнерінің бастау-бұлағын іздей жүріп, өзі де соның үлгілерін көрсете алды. Қазіргі қазақ (қазақты әлемнен бөліп алмай-ақ қоялық, мейлі, осы жерге кез келген ұлтты қойыңыз) қоғамындағы Қырымның қырық батырындай қаптаған поп-корн-фильмдерге (әрине, бұл жерде таңдау, талдау өзіңізде, біздікі тек жеке талғам тұрғысынан берілген баға) қарсы тұра алатын қазақ киносының өшпес туындыларын қалдырды. «Қызжылаған», «Омпа», «Көзімнің қарасы», «Созақтан келген Гамлет», «Балалық шағымның Дон Кихоты» соның дәлелі. Оның фильмдері шығыстық киноға тән жағымды не жағымсыз кейіпкерлердің жоқтығымен, қарапайым да қызық, мамыражай тұрмыс-тіршілігімен ерекше. Онда ашық айыптау мен жалған айқай-ұранға негізделген «тематичный» тақырыптар жоқ. Боямасыз өмірдің шынайылығы ғана бар. Оның кейіпкерлері барлығына жақын, барлығына таныс, ешқашан есіңнен кетпейтін естеліктер секілді қымбат. Экранда өзіңді, өзіңнің ішкі сезімдеріңмен қатар өрілген өмірдің сансыз қатпарларын көресің. Режиссер Сатыбалды Нарымбетов өз фильмдерінде ізгілікке ұмтылады, ізгілікке сендіре біледі, сенуді үйретеді. Суреткер ретінде адамның тұла бойындағы нәзік те аяулы сезім нүктелерін тап басады. «Менің Болат Атабаев деген профессионал режиссер әріптесім театрда Роза Мұқанованың шығармасын сахналаған... Өте жақсы спектакль... Сол шығарма бойынша, «Мәңгілік бала бейнені» айтам мен, Әкім аға Тарази екеуміз сценарийін жазып, экранизациялағанбыз... Алғаш тұсаукесерін өткізіп, Атабаев екеуміз фильм жөнінде сөйлесіп, пікіралыс үстінде Болат өкпе-наз айтқан маған... «Анау кейіпкер қайда? Мына кейіпкер неге бұлай сөйлейді? Әнебір кейіпкерлер қайдан пайда болған?... Материал жанрын өзгертіп жіберіпсің!...» деген сықылды сөздер шықты алдымнан. Сосын мен, амалсыздан, айттым: «Болат, мен кино түсірер алдында «Қызжылаған» фильмін сенің «Мәңгілік бала бейнеңді» киноспектакль ретінде экранға сол қалпы көшірем деп уәде берген жоқ едім ғой» деп... Тағы қайталап айтам, мен пайғамбар жасына жетсем де (Астафыралла!) әлі күнге дейін әр киномды тек таза – әдебиеттен де, театрдан да ада – синематограф тілінде түсірсем деген арман қуып, таза «шерменде» болып жүрген режиссермін...». Таза синематограф тілін бізге Сатыбалды Нарымбетов «әдебиеттен де, театрдан да ада» деп түсіндіріп кетті. Соны түсініп, түсінуге талпынып көрейік...
Өнер мен өмірдің арақатынасын әркім өзінше бағамдайды. Бұл басқа әңгіменің басы. Өмірін өнерге, өнерін өмірге айналдырған Атабаевтан да айырылып қалғанын, соншама ұзақ күтіп, соңында Кеңсайға шығарып салғанын қайтерсіз Алматының. Чехов бір шығармасында: «Талант деген – батылдық, еркін ойлай алатын ақылды бас, кеңге құлаш сермейтін қарымдылық» дейді. Атабаевқа қатысты осының бәрін айтуға болады. Өйткені оның тағдырында, тұлғасында күрескерлік пен суреткерлік табиғаты қатар көрінеді. Адамзаттың осы кезге дейін жеткен, жасаған жетістіктерінің бірі – азаматтық қоғам құра алуы. Адами құндылықтардың сыртында адамның өз құндылығы жатыр. Соны сезінген адам ғана өз құндылығын жасай алады. Әрине, авторитарлы мемлекетте өмір сүрсеңіз, осы бір құндылықтар үшін күресуге мәжбүр болуыңыз мүмкін. «Өлмек пе, қалмақ па?!». «Өз Вольтерлерін түрмеге жаппайтын» Франция бізден алыстау. «Сіздің естен кеткенмен, біздің естен кеткен жоқтың» керін келтіретін оқиғаларды бәріміз білеміз, есімізде. Бәлкім, айтуға да, айтпасқа да болар. Ал Болат Атабаев жөнінде көп нәрсе айтуға болады. Ең алдымен оның театр режиссері екенін. Азамат екенін. Ұстаз екенін. Театр дейтін ұлы өнердің алдында өзін де жоғары ұстағанын. «Арқада қыс жылы болса, арқар ауып несі бар» дейді қазақтың бір мақалы... Өзі қойған «Көшкін» спектакліндегі жас жігіттің «баламыз үрейсіз өмір сүретін жерге кетеміз» дейтін сөзі мен көшкіннен үрейленіп «үнсіз» отырған халықтың өзі біраз нәрсенің басын ашады. Тап сол «Көшкінде» жаңа туған сәби дүниеге күліп келеді. Режиссер танымында бұл – келер ұрпақ бізге күліп қарайды деген сөз. Сондықтан да ол азаматтық қоғамда азаматтық мәдениет құрғысы келді. Ақиқатты іздеді. «Өтіріктің ішінде жүріп-жүріп, бір жалт ететін шындық» барына сенді, сезінді. Сол үшін күресті. Шындық үшін күрес дегеніміз – мыңжылдық ойын, адамзаттың ғұмыры мен парасатын, ортақ құндылықтарын жанұшыра қорғау. Атабаев туралы жақында «Мыңжылдық ойын» деген деректі фильм шықты. Тақырып пен кейіпкердің өзі-ақ сөйлеп тұр. Атабаевтың өзі қарт Толстойға қосылып біраз сынаған, «сұрағы көп» Шекспирдің «Лир патшасы» да жүр ішінде. Жарайды, оның себебін ептеп түсінгендей болдық. Өзі құрған «Ақсарай» әртістерінің ықыласы мен сағынышын да көрдік. Қалай десек те, Атабаев үшін оның жай ғана фамилиясын айту жеткілікті.
«Неспящий город» деген түсінік бар. Сондай екі қала болса, бірі – Париж дейді Есенғали. Бірі Алматы шығар біз үшін. Бүгін де қаңтардың кезекті бір күні қаланы тұманға орап, тұнжырап өтіп бара жатыр. Жылдамдығы 8 км/сағ жел мен бұлтты аспан, Цельсий бойынша – 4 градус ауа райы Алматының қалған күндерін де осындай күйге бөлейді. Өзгерген ештеңесі жоқ. Тек... Тек құстар ғана бірдеңе білетіндей.
Есенғали Раушанов (05.10.1957 – 16.04.2021).
Сатыбалды Нарымбетов (08.03.1946 – 08.08.2021).
Болат Атабаев (15.05.1952 – 28.08.2021).
Әлихан МАХАШ