Алматы маңында төрт балдық жер сілкінісі болды

31 наурыз күні Алматы қаласынан 178 шақырым қашықтықта, Қырғызстан аумағында жер сілкінісі тіркелді.
Қырғызстан Ұлттық ғылым академиясының сейсмология институтының мәліметінше, зілзаланың эпицентріндегі жер асты дүмпулері 4 балға дейін жеткен. Жер сілкінісінің ошағы Қарағай-Бұлақ ауылының маңында, Бішкектен 52 шақырым қашықтықта орналасқан. Қырғызстан астанасында да жер сілкінісі сезілген, онда оның күші 2,5 баллды құрады.
Қазақстандық сейсмологтар да жер сілкінісін тіркеді. Олар оқиғаның Астана уақытымен 12:25-те болғанын хабарлады. Алайда Қазақстан аумағында дүмпулер сезілмеген.
Соңғы уақытта Қазақстан мен Қырғызстанда сейсмикалық белсенділік күшейіп келеді. 28 наурызға қараған түні Жамбыл облысында орын алған жер сілкінісі әлеуметтік нысандарға – ауруханаға, мектепке және мәдениет үйіне зақым келтірген еді.
Диана Аманғалиева