Алматы мен Астанадан да қымбат. Нұрмұхамбетов автобусының жорғасы бар ма?
2023 жылдың қыркүйек айынан бастап Петропавл қаласындағы қоғамдық көліктерде жол жүру бағасы 80 теңгеден 100 теңгеге қымбаттады.
Қолма-қол жолақысын төлеу құны – 130 теңгеден 170 теңгеге өсті. Балалар қоғамдық автобуста бұған дейін карта арқылы 40 теңге төлесе, енді 50 теңге төлейді.
Бұл қымбатшылық қала тұрғындарының қалтасына қалай әсер етті деген сауалмен бірнеше азаматты сөзге тарттық. Екі баласы мектепке қалалық автобуспен барып оқитын Ләзиза Әлимова:
«Жалақымызға ешбір өсім қосылмады. Алайда қоғамдық көлікте жүру құны қымбаттап, кәдімгідей отбасылық бюджетімізге салмақ салды. Екі балам күн сайын мектепке барып-қайтады. Жолдасым екеуміз де жұмысқа автобуспен қатынаймыз. Есептеп қарасаңыз, ай сайын төрт адам үшін кемінде 15 мың теңге тек қана жол жүруге жұмсалады. Ал өкінішке қарай, жалақымыз сол баяғыша, 130 мың теңге», – дейді.
Өзін зейнеткермін деп таныстырған Надежда Павлова:
«Күн сайын қымбатшылық қысып барады. Алатын зейнетақым – 86 мың теңге. Алматыда немерелерім тұрады. Ол жақта зейнеткерлерге жеңілдетілген жол жүру ақысы деген бар. Сонымен қатар көп автобустарда зейнеткерден жол ақысын алмайтынын да көрдім. Ал бізде ондай жеңілдіктер мүлде жоқ. Өткен жазда барғанымда Алматыда жалпы жол билет құны – 80 теңге, студент, оқушыларға 40 теңге еді. Алған зейнетақымыздың 4-5 мың теңгесін жолға жұмсаймыз», – дейді.
Петропавлда күн сайын жалпы 185 автобус тасымалдау жұмысына кіріседі екен. Оның ішінде қала ішінде 18 қоғамдық көлік тұрғындарға қызмет көрсетеді. Әлеуметтік маңызы бар деп саналатын осы 18 маршрут 2021 жылдан бері қалалық бюджеттен арнайы субсидия алады. 2022 жылы осы мақсатта қала бюджетінен 2 млрд теңге бөлінсе, ал 2023 жылы бұл көрсеткіш 3 млрд теңгеге артқан. Жергілікті бюджеттен бөлінген бұл қаржы тасымалдау көліктерінің шығындарын жабуға және басқа да қызмет көрсету нысандарына жұмсалады. Қазіргі кезде автобус парктерінің 58 пайызы жаңартылған. Сонымен қатар сыйымдылығы жоғары 11 автобус сатып алынған. Жалпы Петропавл қаласындағы 18 бағыттағы автобустар күн сайын 65-75 мың адамды тасымалдап, қызмет көрсетеді. Таяуда ғана осы жолақы мәселесіне байланысты өткен жиында Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Әділбек Әубәкіров осы және өзге де мәліметтерді алға тартып, бағаны көтере отырып, түрлі қызмет көрсету шаралары жүзеге асырылады деген. Сол жиында Ә.Әубәкіров қыркүйек айында әрбір аялдамада ақпараттық таблолар іске қосылатынын, ал әр автобусқа жолаушылар санын көрсететін құрылғы орнатылатынын да айтқан. Алайда қала әкімінің орынбасары айтқан таблолар бүгінге дейін аялдамаларға түгел қойылмады.
Есесіне, күн күрт суытқанда бүрсең қағып, автобусын күткен жұрттың паналайтын аялдамалары аянышты күйде. Әйнекпен қоршалған автобус аялдамалары әрі тар, әрі еш пана болмайды. Солтүстіктің 40 градус аязында мынадай аялдамада автобус күтудің қандай боларын болжау қиын болмаса керек. Мұнан сорақысы, қала ішіндегі қоғамдық көліктерде жолақысын төлеу проблемасын айтып жеткізу қиын. Онсыз да баяу, ілбіп жүретін қоғамдық көліктер жолаушыларды сірестіріп, толтырып алған соң, жолақысын төлеу үшін жүргізушінің қасындағы құрылғыға баруға тиіс. Себебі жолақы тек сол жерде төленеді. Ал іші лық толы автобуста әрі-бері қозғалудың қиямет-қайым екенін әр күн автобуспен жүретіндер ғана түсінсе керек. Бағасы 40 пайызға бірден артқан қоғамдық автобустардың ішкі жағдайы да мәз емес. Мысалы, №6 автобустың есік-терезесінен уілдеген суықтан қалтырап, тоңасың. Ал №7 автобус күн суытқаннан бері әр 20-30 минутта бір келіп, халықтың ызасын тудырып отыр.
Бағасына қарай қызмет көрсету сапасын талап етуге жолаушының толық қақысы бар. Десек те, Петропавл қалалық қоғамдық көліктері үшін мұндай талап жүрмейтін сыңайлы. Мұнан бөлек, шағын қала тұрғындары үшін қоғамдық көлікте жүру бағасының 40 пайызға қымбаттауы қисынға келе ме? Мысалы, Алматының №106 бағыттағы автобусы 66 аялдамадан өтіп, әрі-берісі 64 шақырымдық жолды еңсереді. Жол ақысы – картамен 100 теңге. Дәл осындай жағдайды Астана маршруттарына қатысты да айтуға болады. Астананың №120 бағыттағы автобусы 20,87 шақырым жол жүріп, жолаушысынан 90 теңге ақы алады. Ал Петропавлдың ең ұзақ шақырымға қатынайтын №2 бағыттағы автобусының әрі-бері жүретін жолы бар болғаны 16,64 шақырым екен. Бірақ сол жүрген жолы үшін картамен – 100 теңге, ал қолма-қол – 170 теңге алады.
Алматы, Астана қалаларындағы автобустардан қымбат болардай Петропавл автобустарының жорғасы бар ма? Әлде теріскейдің автобустары мен жолаушыларға жасалған жағдайы басқалардан артық па? Салыстырып қараған қалалардағы қоғамдық көлік пен жолаушыларға жасалған жағдайды сөз етер болсақ, Петропавлдағы автобустардың да, жолаушылардың жағдайы да кісі аярлық. Бюджеттен миллиардтап субсидия алып отырған Петропавл қалалық қоғамдық көліктері қашан бағасына қарай қызмет көрсетеді? Қыстың көзі қырауда халықты ашық-шашық автобус аялдамасында тоңдырып, ескі-құсқы автобуспен тасымалдап, онысы үшін шімірікпей 100 теңге жол ақысын алатын қызылжарлық қоғамдық көліктерге тексеріс жасалатын күн бола ма?
Ал қоғамдық көліктерге миллиардтап ақша бөліп, оның үстіне жолақысын да қымбаттатып қойғаны облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің күн тәртібінде қаралмайтын секілді. Аймақта тұтас ауыл сатылып кетіп, оларды мемлекет меншігіне қайтара алмай отырған облыс әкімі бұндай ұсақ-түйектерге басын ауыртып қайтсін.
Меруерт ХУСАИНОВА
Солтүстік Қазақстан облысы
Фото: "Республика"/Максим Смирнов