Алматы облысы әкімдігі Бағанашылдағы даудан кейін қызметтен кеткен шенеуніктерді қайтадан жұмысқа алған
Бағанашылдағы балалар үйі тәрбиеленушілерінің Алматыдан Қонаевқа мәжбүрлі көшіру дауы шыққаннан кейін екі басқарма басшысы қызметтерінен кетуге мәжбүр болған еді.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев бұл жағдайдан кейін қабылданған кадрлық шешімдерге қатысты пікір білдірді.
Облыстық №1 балалар үйінің тәрбиеленушілеріне қатысты оқиғадан соң өңірдің ішкі саясат басқармасының басшысы Ерік Абитов пен білім басқармасының басшысы Салтанат Баспаева өз қызметтерінен кеткен.
"Абитов өз өтінішімен қызметтен босатылды. Біраз уақыт Қонаев қаласы әкімдігінде жұмыс істеді. Шамамен бір ай бұрын жұмыстан шығып, жеке секторға кетті", – деді Сұлтанғазиев.
Салтанат Баспаева да, белгілі болғандай, тамыз айында өз еркімен жұмыстан кеткен. Ал қазанда ол тілдерді дамыту басқармасының басшысы болып қайта тағайындалған. Сұлтанғазиевтің айтуынша, Баспаева басқарған кезеңде білім саласында жақсы өзгерістер болған.
"Баспаева жұмыстан шығып, бірнеше айдан кейін вакантты қызметке қайтадан конкурсқа қатысты. Бұл қызмет жаздан бері бос тұрған еді, қателеспесем. Конкурстан өтіп, басқарма басшысы болып тағайындалды", – деді облыс әкімі.
Айта кетейік, 21 шілде күні Алматы облысындағы Бағанашыл ықшамауданында орналасқан №1 балалар үйінің тәрбиеленушілері мекеме алдына жиналып, балалар үйін Қонаев қаласына көшіру туралы шешімге қарсылық танытты. Бұл оқиғаға ақырында президент Қасым-Жомарт Тоқаев та араласты.
Тоқаев Алматы қаласының әкіміне арнайы тапсырма беріп, балалар үйін қала аумағында қалдыру керек деді. Жергілікті белсенділер мен сарапшылар өңірлік деңгейде шешілуге тиіс мәселенің Ақордаға дейін жетуі облыс басшысы Марат Сұлтанғазиевтің әрекетсіздігі деді. Бұдан бөлек, балалар үйін Қонаевқа көшірудің артында ықпалды адамдар тұрғаны айтылды. Себебі сол орында қымбат үй салынып, балалар үйінің жері сол құрылысқа керек болған дейді. Ал ғимараттың аумағы 19 млн долларға бағаланған. Ықпалды адамдар қатарында Әлия Назарбаева мен «Аманат» депутаты Абзал Сағымбаевтың аты аталады.