Алматы облысы туристік жобаларға 300 миллиард теңге жұмсамақшы

Қонаев қаласында жазғы туристік маусымның аралық қорытындысы жарияланды. 2025 жылдың маусым-шілде айларында Қапшағай су қоймасының жағалауына 1,5 миллионнан астам адам келіп, қала еліміздегі ең танымал демалыс орындарының бірі екенін тағы дәлелдеді.
Бүгінде шаһар аумағында екі негізгі рекреациялық аймақ жұмыс істейді. Ол – Алматы жағалауы және солтүстік жағалау. Алматы жағалауында ірі қонақүй кешендері мен жеке жағажайлар орналасса, солтүстік бөлігі заманауи инфрақұрылымы бар қолжетімді қоғамдық аймақ ретінде дамып келеді.
Алматы облыстық баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл маусымда негізгі жүктеме абаттандырылған №5, №6 және №7 жағажайларға түсті. Мұнда санитарлық және сервистік талаптарға сай жағдай жасалған, нақтырақ айтқанда, 75 әжетхана, 170-тен астам қоқыс жәшігі мен контейнер орнатылып, құтқарушылар, медицина және техникалық қызметкерлер кезекшілік етеді. №5 жағажайда күн сайын 20 қызметкер жұмыс істейді, демалыс күндері мұнда 2,5 тоннаға дейін қоқыс шығарылады. Ал №6 және №7 жағажайларында 10 құтқарушы мен медицина қызметкерін қоса есептегенде 30 қызметкер бар, демалушылар көп күндері шығарылатын қоқыс көлемі 3 тоннаға жетеді.
Ал қауіпсіздікті бақылау үшін жасанды интеллект негізіндегі бейнебақылау жүйелері орнатылған. Жағажайдағы жалпы жағдайды полиция, төтенше жағдайлар қызметі және жеке күзет мекемелері қадағалайды. Әкімдік дерегінше, жазатайым оқиғалардың көпшілігі рұқсат етілмеген орындарда орын алады. Сондықтан тұрғындар мен қонақтарға тек ресми бекітілген жағажайларда демалуға кеңес беріледі.
Жалпы Қонаев қаласында 140-қа жуық туристік нысан жұмыс істеп тұр. Маусым аяқталғаннан кейін №6 және №7 жағажайларын қайта жаңғырту және жеке инвестиция есебінен №8 жағажайды абаттандыру жұмыстары басталады. Жалпы жағалау ұзындығы 6,1 шақырымды құрап, бірыңғай сәулеттік жоспарға сай жасалады деп жоспарлануда. Және 2028 жылға дейін Қонаевта жалпы құны 300 миллиард теңгеден асатын 11 ірі туристік жобаны іске асыру көзделген. Олардың қатарында қонақүй кешендері, ойын-сауық орталықтары, гольф-клубтар мен отбасылық демалыс орындары бар.
Негізінен соңғы жылдары Алматы облысында туризм қарқынды дамып келеді. Іле-Алатау және Шарын ұлттық парктері, Көлсай көлдері, Ақбұлақ пен Ой-Қарағай курорттары ең танымал бағыттар болып саналады. 2025 жылы өңірде 270 туристік нысан, 15 000-нан астам төсек-орын жұмыс істеп тұр. Oi-Qaragai курорты 1000 гектарға дейін кеңейтіліп, 1 200 жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар Sokol автодромы мен ASP Arena спорт кешені іске қосылды. Ұлттық парктерде визит-орталықтар ашылып, «Алатау аманаты» жобасы аясында 1 200 км туристік маршрут, глэмпинг пен этноауылдар дамытылуда. 2025 жылы туристер үшін арнайы іс-шаралар мен фестивальдер – Tengri Ultra, Oceanman, Ұлы Дала Жорығы, рок-фестиваль және «Өрік фестивалі» өткізілуде. Алматы облысы халықаралық туристік нарыққа белсенді шығып, Қытай мен Кореяда жарнамалық кампаниялар жүргізіп, TripAdvisor және Travel+Leisure платформаларында жарияланды. Жақын жылдары Қонаев қаласында аквапарк, Қара шатқалда шыны көпір, жаңа этнотуризм бағыттары іске қосылмақ.
Ақжол МЕЙІРБЕК
Алматы облысы