Алматы облысының Үлкен ауылында АЭС құрылысы басталғаны туралы ақпарат тарады
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Алматы облысы Үлкен ауылында атом электр станциясының (АЭС) құрылысы басталғаны туралы ақпарат тараған. Алайда, Жамбыл ауданының әкімдігі аталған ақпараттың жалған екенін мәлімдеді.
Бейнероликте, болжам бойынша, “Google Maps” онлайн сервисы арқылы құрылыс объектілері көрсетіледі. Алайда, ондағы нысандардың Атом электр стансасы екені шындыққа жанаспайтыны айтылған.
Бейнежазбада көрсетілген нысан 2011 жылы Балқаш жылу электр орталығы (ЖЭС) құрылысы жобасын жүзеге асыру кезінде салынған инфрақұрылым. Жоба көмірмен жұмыс істейтін жылу электр станциясының құрылысын қамтыды. Жоба аясында тиісті инфрақұрылымның, соның ішінде жұмысшыларға арналған тұрғын кенттің құрылысы басталды. 2014 жылы «Балқаш жылу электр орталығы» жобасын жүзеге асыру тоқтатылды, делінген әкімдік хабарламасында.
Аудан әкімдігі онлайн-сервистің картографиялық деректеріне түзетулер енгізу және жалған ақпараттың одан әрі таралуына жол бермеу үшін Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне (ЦДИАӨМ) өтінім жіберілгенін хабарлады.
Айта кетейік, бұған дейін АЭС құрылысы Алматы облысына қарасты «Үлкен» ауылында салынуы мүмкін екені айтылған. Ал, республикалық референдум 6 қазанда өтеді.