Алматы облысы жол жөндеуге 50 миллиард теңге бөлген
Елімізде ең көп айтылатын мәселелердің бірі – жол жағдайы. Қалалар мен елді мекендердің ішіндегі жолдар өз алдына, аудандық, облыстық, тіпті республикалық маңызы бар жолдардың да кем-кетігі жетерлік.
Жүргізушілер жол сапасын, асфальттің тез ескіретінін, шұрық-тесіктердің ыңғайсыздық тудыратынын айтып, жиі шағымданып жатады.
Жол сапасы бойынша Қазақстан 141 елдің ішінде 93-орында екен. Бірақ бүгінде бұл мәселені шешуде аз шаруа атқарылып жатқан жоқ. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бес жылдан кейін жолдың 95 пайызы көңілге қонарлық деңгейде болады деп уәде берді. Осы мақсатта бюджеттен 750 миллиард теңге қарастырылған, оның 400 млрд теңгесі республикалық жолдарға арналған. Ал өңірлік мәселелер мен облыстар айналысады.
Мысалы, Алматы облысы автожолдардың сапасын жақсартуға және оны күтіп ұстауға 50 миллиард теңге бөлген. Былтыр БАКАД атауымен танылған Үлкен Алматы айналма жолы ашылғаны есімізде. Биыл да біраз жоспарлар бекітіліп, іске асып жатыр. Соның ішінде ауданаралық автожолдарға көп көңіл бөлінуде. Мысалы, Райымбек және Кеген аудандарының арасындағы күрежолдың жырына ақыры нүкте қойылатын болды. Мамырда Нарынқолдың кіреберісінен басталған республикалық маңызы бар жолды жөндеу қолға алынған. Әлі де жалғасып жатыр. Халық көп шағымданатын бұл тораптың құрылысы туралы мердігер компанияның өкілі айтып берді.
«Орташа жөндеу жұмысын үш кезеңге белгілеп отырмыз. Биыл Текес пен Нарынқолдың арасындағы 15 шақырымдық жолды толығымен аяқтап, күзге салым пайдалануға бермекпіз. Келесі жылы Текес пен Қайнардың арасындағы, арғы жылы Қайнар мен Сарыжаздың арасындағы күрежолдарға орташа жөндеу жұмысы жүргізіледі. Одан әрі Кеген ауданында жалғасатын болады. Жұмыс америкалық тәсілмен жүргізілуде. Уақыт пен таулы өңірдің қолайлы ауа райын тиімді пайдалану жөндеу жұмысына оң нәтиже беретіні анық», – дейді «АБЗ-карьер ДРСУ» компаниясының маманы, учаске бастығы Ермек Абуханов.
Қазіргі жөндеу жұмыстарына осы өңірдің құм-тасы мен топырағы пайдаланылып жатыр екен. Ал асфальт 300-400 шақырым қашықтықтағы зауыттан тасымалдануда. Әрі асты сор болып жататын жерлерді бір, бір жарым метрге дейінгі тереңдікте қазып, қой тастар мен құмды араластыра толтыру әдісі енгізіліпті. Бұл өз кезегінде жолдағы шұңқырлар мен ойықтар мәселесінің алдын алады. Олардың үстін шағылмен бастырып, ауыр техникамен таптау да сапаға әсер етеді дейді жол мамандары. Бүгінде биылға белгіленген жоспарлы жолдың 15 шақырымының беткі қабаты толығымен күреліп, түзетілген, 7 шақырымына асфальт төселді. Ені 8-8,5 метр болатын жолдағы асфальттің бетіне екі қабат жабын жабылады. Бірі – 5, екіншісі – 6 см қалыңдықта. Оған қоса жол жиегіне құм төсеу ісі де бірден жүргізіліп жатыр. Бұл іске 22 адамнан тұратын команда мен 20 арнайы техника жұмылдырылған.
Жол салу тек жүріс-тұрысты жеңілдетіп қана қоймай, аймақтың инвестициялық тартымдылығын да арттырады. Себебі әлеуметтік инфрақұрылым дамыған жерге бизнес те тартылады. Мысалы, жоғарыда сөз болған БАКАД-тың өзі Алматы облысына бес ірі халықаралық компанияны әкеліп беріпті. Олардың жалпы құны 815 миллион долларды құрайды. Атап айтқанда, америкалық PepsiCo компаниясы Lay’s чипсілерін шығару өндірісін, Focus Logistics компаниясы OZON компаниясымен бірге A санатындағы қоймалар құрылысын, «Строитель 98» компаниясы логистикалық кешен, KT&G компаниясы темекі өнімдерін өндіру зауытын Outlet Center киім-кешек пен тұрмыстық заттар сату орталығын ашпақ. Демек, сапалы жол көбейген сайын инвесторлар мен кәсіп те, жаңа жұмыс орындары да артады. Одан бөлек, ауылдық жерлердің инфрақұрылымын жақсарту да өзекті. Бұл орайда облыс «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы жұмыс істеп жатыр. Өткен жылы 61 елді мекенде әртүрлі жобалар жүзеге асырылып, оның жалпы құны 21 миллиард теңгені құраған.
Тағы бір айта кетерлік жайт, Алматы облысының туризм саласындағы потенциалы өте жоғары. Өңірдің табиғаты мен туристік нысандары Қазақстан бойынша танымал. «Е-Qonaq» ақпараттық жүйесінің деректеріне сүйенсек, 2024 жылдың алғашқы алты айында облысқа 70 мыңнан астам адам келген, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есеге көп. Соның ішінде Шарын шатқалы, Көлсай көлдері мен Қайыңды, Іле-Алатау МҰТП-ға туристер көп келеді. Алайда осы маңдағы жолдардың да сапасы керемет емес. Барған жұрт «жол жаман» екен деп айтып қалып жатады. Бұл мәселелер де облыстық әкімдік назарында көрінеді. Облыстық туризм басқармасы берген мәліметтерге қарасақ, бүгінде туризм және спорт министрлігі әзірлеген «50/50» бағдарламасы аясында жол салу үшін тиісті өтініштер берілген. Олар мақұлданған жағдайда, туристер көп келетін аумақта халықаралық стандарттарға сай жолдар салынбақ.
Ақжол Мейірбек
Алматы облысы