Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 08:00

Алматы облысы «Жұмысшы мамандықтар» жылын аллея ашудан бастады

1

Бүгінгі цифрлық дәуір мен жоғары технологиялардың қарыштап дамуы білім мен дағдының жаңа түрлерін талап етіп отыр. Қысқаша айтқанда, бұл – уақыт талабы. Бүгінде білекті емес, білімді мамандар сұранысқа ие.

 Осы оймен көпшілік жаңа дәуірдің жаңа мамандықтарына ұмтылып жатыр. Бұл тенденциялар алдағы уақытта да өзгеріске ұшырап отыратыны анық. Алайда соның бәріне қарамастан, қай заманда да актуалды мамандар бар. Ол – жұмысшы мамандықтар.

Медиа мен әлеуметтік желілерде көзге көріне бермейтін, солай бола тұрса да ел экономикасының ажырамас бөлігіне айналған жұмысшы мамандар мен олардың саласы әрбір азаматтың өмір сапасына әсер етеді. Металл балқытушыдан бастап, дәнекерлеушіге, құрылысшыдан бастап, электрикке дейін мыңдаған мамандардың біліктілігі мен шеберлігі үлкен индустриялардың қалыптасуына себепкер. Бұл мамандықтарға тағы өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым мен көлік саласы да жатады. Тіпті ең заманауи құрылғылар мен автоматтандырылған өндіріс желілері де адам қолының күшіне, білігіне тәуелді.

Осы секілді салаларда мыңдаған жұмысшы күн сайын қауіпті де ауыр жағдайда еңбек етіп жүр. Қоғамның нақты сұранысын өтеуге атсалысып жүрген осы мамандықтарға құрмет ерекше болуы тиіс. Әрине, оған қоса еңбек жағдайы мен қауіпсіздік, біліктілікті арттыру мен жас мамандар тартуға да назар аудару қажет. Осы мақсатта елімізде биыл жұмысшы мамандықтар жылы жарияланды.

Басты мақсаттардың бірі жас мамандарды тартуға ықпал ету десек, қате болмас. Ол үшін қоғамда жұмысшы мамандықтарына қатысты қалыптасқан ескі көзқарастарды өзгертудің маңызы зор. Осы және де өзге де басым бағыттар бойынша жұмыстар басталып та кетті. Қазақстанның түкпір-түкпірінде түрлі іс-шаралар мен жобалар өтіп жатыр. Бұл орайда жергілікті атқарушы органдардың жұмысы да қызған. Мәселен, жыл басында Алматы облысында 2025 жылы өтетін жұмысшы мамандықтар жылының іс-шаралар жоспары бекітілді. Бұл жоспар жұмысшы мамандықтарын насихаттау және олардың маңыздылығын арттыру мақсатында әзірленген. Өңірлік баспасөз қызметінің мәліметінше, компания аясында жұмысшы мамандықтарының өкілдеріне арналған «Еңбек адамы» айдары бойынша үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде.

Облыстағы ахуалға тоқталып өтер болсақ, өткен жылы облыстағы еңбек ресурстарына қажеттілік 7 724 адамды құраған. Ал электрондық еңбек биржасында 1 729 бос жұмыс орны бар. Соның ішінде ең көп сұранысқа ие мамандықтар: мұғалімдер, медбикелер, дәрігерлер, жүргізушілер, автослесарьлар, электр-газ дәнекерлеушілер және т.б. Байқағандарыңыздай, жұмысшы мамандарға сұраныс жоғары. Осы орайда өңірлік әкімдік пен жауапты басқармалар құрылыс мамандығының беделін арттыру және жоғары оқу орындарының студенттерін осы саланың ерекшеліктерімен таныстыру мақсатында ашық есік күндерін өткізіп жатыр. Жыл соңына дейін оларды тұрақты түрде өткізу көзделіп отыр. Тағы кәсіби шеберлікті арттыруға бағытталған түрлі іс-шаралар ұйымдастырылмақ. Негізгі іс-шаралар қатарында халықаралық TaiQAZAN байқауы, Қазақстан колледждерінің «ТОП 100 студент» жобасы, дәстүрлі WorldSkills Qonaev-2025 чемпионаты, «НаурызFest» және MamandyqFest семинарлары мен фестивальдері бар.

Мысалы, жақында ғана алғашқы халықаралық кәсіптік шеберлік фестивалі TAIQAZAN-2025 өтті. Бұл байқауға колледж студенттері қатысып, қатысушылардың жұмыстарын Сауд Арабиясы, Түркия, Италия және Ресейден келген 25 халықаралық сарапшы бағалады. Байқау нәтижесінде түрлі номинациялар бойынша жеңімпаздар анықталды. Олардың қатарында Алматы облысы, Алматы қаласы, Түркістан, Павлодар облыстары мен Шымкент қаласының өкілдері бар. Атап айтқанда, «Тігін өндірісі және киім үлгілеу» номинациясында бірінші орынды Алматы облысының командасы жеңіп алды.

Одан көп ұзамай облыста еңбек адамына деген құрметтің белгісі ретінде аллея ашылды. Нақтырақ айтар болсақ, Еңбекшіқазақ ауданындағы Есік қаласында «Жұмысшы мамандықтар аллеясы» бой көтерді. Осы аумаққа Есік кәсіптік-техникалық колледжінің студенттері мен еріктілері бірігіп ағаш көшеттерін отырғызды. Арнайы абаттандыру жұмыстары да жүргізілген.

Алдағы уақытта ірі жобалар мен бастамалар жүзеге асырыла бермек. Мәселен, жаңа мамандықтар атласын әзірлеу және колледждерді заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету үшін арнайы бюджет қарастырылған. Нарық сұранысына сәйкес, «Гидротехникалық мелиорация», «Лифт шаруашылығы және эскалаторлар», «Қашықтан басқарылатын авиациялық жүйе» мамандықтарын ашу жоспарланып жатыр.

Альфия Жәнібекқызы

Алматы облысы