Алматы облысына агроөнеркәсіпті дамыту үшін 17,6 млрд теңге қажет
Ауыл шаруашылығы – халықты азық-түлікпен қамту үшін үздіксіз жұмыс істеп жатқан ауқымды сала.
Тек біздің елімізде ғана емес, әлемде солай. Себебі ет пен сүт, дәнді-дақылдар мен көкөністер, тағы да басқалары адамзат рационының басым бөлігін құрайды. Оған қоса, ауыл шаруашылығы кейбір өнеркәсіптік шикізат түрлерінің де көзі. Беретін өнімдеріне байланысты оны екіге бөліп қарастыруға болады. Бірі – мал шаруашылығы, екіншісі – өсімдік шаруашылығы.
Қазақ ертеден төрт түлік мал бағып, оны көлік те, киім де, тамақ та етті. Қазір де еліміздегі мал шаруашылығы қарқынды түрде дамып жатыр. Дәнді-дақылдар өсіру, сорттар мен жердің құнарын арттыру сынды мәселелер мен мұның бәрін сақтайтын қоймалар жағы да реттеліп келеді. Қазіргі ахуалға тоқталар болсақ, біздегі табиғи жайылымдардың көлемі – 180 млн га. Бұл жөнінен Қытай, Аустралия, АҚШ, Бразилиядан кейін әлем бойынша 5-орында тұрмыз. Егістік жерлердің көлемі – 35,4 млн га. Дүниежүзі бойынша 10-орынды иеленеміз. Соның ішінде тыңайған жер көлемі 10,6 млн га. Бұл – ет, сүт, астық, жеміс-жидек пен көкөніс секілді азық-түлік өнімі бойынша шетелдік экспортқа тәуелді болмай, отандық өнімдердің нарықты қамтамасыз етуге мол мүмкіндік береді.
Расында, қазіргі таңда ішкі өнім көлемі едәуір артқан. Мәселен, биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы жинау алаңы 23,3 млн га құрап, 16,7 млн га астық егілді. Олар бойынша дала жұмыстары толығымен аяқталған, 26,5 млн тонна астық бастырылған. Оңтүстік өңірлерде, атап айтқанда, Қызылорда, Түркістан және Жетісу облыстарында жоғары өнімділік көрсеткіштері байқалады. Ал негізгі астық егетін өңірлер арасында ең жоғары өнімділік Солтүстік Қазақстан облысында тіркеліп отыр. Сонымен қоса мал шаруашылығында асыл тұқымды төрт түліктерді көбейтуге назар аударылуда. Мемлекеттік қолдау шаралары да осы асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, мал шаруашылығы өнімдерін өндіру сияқты бағыттар бойынша жүзеге асырылады. Аталған мақсаттарда субсидиялар, жеңілдетілген несиелер, тағы да басқа қолдау шаралары жасалып жүр. Олардың нәтижесін жергілікті жағдайға қарап анықтауға болады. Мысалы, Алматы облысында 2024-2026 жылдарға арналған агроөнеркәсіп саласындағы инвестициялық жобалар бойынша жол картасы әзірленді. 2023 жылы 7,1 млрд теңгеге 10 инвестициялық жоба іске асырылады деп жоспарланды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 8,3 млрд теңге бөлініп, 1 090 шағын несие берілді. Ал осы жылы облыстық бюджеттен 17,6 млрд теңге қарастырылып, 2 514 шағын несие беру жоспарланған. Мұның нәтижесінде 4 002 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Мемлекеттік қолдау мен инвестициялар ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығын дамытуға, өнімділікті арттыруға, жаңа технологияларды енгізуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде ауыл халқының табысын арттыруға оң әсер етеді.
Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі былай дейді: «Әр әкім ауыл шаруашылығының өкілдерімен мемлекеттік құрылымдардың арасындағы көпір сынды болуы керек. Ауылдық округтердің әкімдіктері ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің сұрақтарына жауап беріп, субсидиялар алу жолында көмек көрсететін консалтингтік орталық ретінде жұмыс істеуі керек. Тығыз қарым-қатынас болса, ауыл шаруашылығы дами береді».
Әкімдіктің мәліметінше, осы жылы Алматы облысында ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алаңы 419,5 мың гектарды құрады, бұл өткен жылғы 457,4 мың гектармен салыстырғанда 8,2 пайызға аз. Дәнді және масақты дақылдар 112 мың гектарды, жүгері 50,4 мың гектарды, күріш 6,7 мың гектарды, майлы дақылдар 23,7 мың гектарды, картоп 10,4 мың гектарды, көкөніс 15,6 мың гектарды, бақша дақылдары 1,8 мың гектарды, ал азықтық дақылдар 198,4 мың гектарды құраған. Қазіргі таңда 119,1 мың гектар жиналып, 271,2 мың тонна астық бастырылған. Мұншама астықты өсіру, баптау, жинау аз шаруа емес. Ал оны сақтау өз алдына бөлек тақырып. Облыста жалпы сақтау көлемі 128,6 мың тонна болатын 71 жеміс-көкөніс және картоп қоймасы бар. Тағы 55 жылыжай шаруашылығы жұмыс істейді, оның 20-сы өнеркәсіптік бағытта. Жылыжай шаруашылықтарын дамыту маусымаралық кезеңде жаңа көкөністермен қамтамасыз етуге бағытталған. Күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін 5 454 тонна дизель отыны бөлініп, оның 1 311,5 тоннасы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жеткізілді. Техникалар саны 10,7 мың бірлікті құрайды, оның 61,4 пайызы 25 жылдан астам уақыт пайдаланылуда.
Ал жалпы жағдайға келсек, облыстағы суармалы жер көлемі 270,5 мың гектарды құрайды, суару желілерінің жалпы ұзындығы 9,4 мың шақырым. 2023 жылы 3 суару желісін жаңарту жұмыстарына 3,5 млрд теңге бөлініп, нәтижесінде 17,9 мың гектар пайдаланылмай жатқан суармалы жер айналымға енгізіледі. Су үнемдеу технологияларын енгізу жоспары 42,6 мың гектарға бағытталған, қазіргі таңда 38,0 мың гектар аумақта енгізілді. Мал шаруашылығында ірі қара мал саны 639,9 мың басты, ұсақ мал 2,8 млн басты, жылқы 233,9 мың басты, құстар 9,7 млн басты құрады. Осы өңірдегі де, Қазақстанның басқа облыстарындағы статистикалар да ауыл шаруашылығындағы өсімді, прогресті көрсетеді.
Енді өңірлер негізінде тұтас елдегі ауыл шаруашылық өнімдерінің көлемін арттыру көзделіп отыр. Нақтырақ айтсақ, Қазақстан жыл сайын құны шамамен 20 млрд доллар болатын ауыл шаруашылығы өнімін өндіреді, ал қайта өңдеу өнімдері – 6 млрд доллар. АӨК өнімдерінің жыл сайынғы экспорты болса 5 млрд доллар. Алдағы жылдары оны еселеп, 10 миллиард долларға жеткізу мақсаты қойылған.
Ақжол Мейірбек
Алматы облысы