Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:10, 03 Қазан 2024

Алматы облысында 39 мектеп үш ауысыммен оқиды

мектеп
Фото: moscowchanges

Алматы облысы World Innovation Award 2024 сыйлығын жеңіп алды. Білім беру саласындағы халықаралық мамандар мен сарапшылардың шешімімен облыс «Сапалы білім» номинациясын иеленген.

 Әлемнің 128 елінен, соның ішінде Калькутта мен Гуанчжоудағы беделді білім беру орталықтары мен ондағы мамандар қатысқан байқауда жеңімпаз атану білім беру саласындағы жетістіктер мен инновацияны көрсететіні сөзсіз.

World Innovation Award премиясы білім беру саласында тұрақты даму жолына түскен, жүйелі шешімдер мен инновациялық игіліктерді мақсат ететін дамушы елдер арасында өткізіледі. Онда жалпы саны жеті номинация бар. Соның бірін Алматы облысы алып отыр. Бүгінгі таңда өңірде 1,5 миллион тұрғын тұрады. Оның ішінде 366 мыңы – оқушы. Олардың заман талаптары мен тиісті стандарттарға сай білім алуы үшін жағдай барынша жасалып жатыр. Соның ішінде алғашқы мәселе – орын жетіспеушілігі. Тек облыстағы емес, еліміздегі жағдай белгілі. Екі, тіпті үш ауысымды мектептер, сыныптар мен оқу ғимараттарының жетіспеушілік мәселесі шешілмей келеді. Соның әсерінен бір сыныпта отыратын балалардың саны көп. Кейде 30-ға дейін жетіп жатады. Мұның өз кезегінде массалық сипат ала отырып, білім сапасына кері әсер ететіні белгілі. Сондықтан өңір әкімдігі алдымен мектеп салу мен білім мекемелерінің құрылысын жүргізу жағына баса мән береді. Соңғы жылдары өңірде 19 жаңа мектеп салынып, 18 мыңнан астам оқушыға орын даярланды. Жеке инвестицияларды тарту жағы да жанданып, нәтижесінде қосымша 5 заманауи мектеп бой көтерді. Үш ауысымды мектептер саны 52-ден 39-ға дейін қысқарған. Өз кезегінде халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге де назар аударылуда. Он екі дарынды оқушы Қытай университеттерінде білім алуға грант алды, тағы төрт бала Қытай тарапының шақыртуымен халықаралық лагерьге қатысты. Сингапурлық CPG International Pte Ltd компаниясымен және «Синергия» мемлекеттік мекемесімен Қонаев қаласында шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын құру туралы меморандумға қол қойылды. Демек, дарынды балаларға мүмкіндіктер жасалып жатыр. Бұл олардың потенциалын ашуда таптырмас қадам. Облыстық білім басқармасы дарынды балалармен жұмысқа қатысты былай дейді:

«50 табысты мектеп» жобасы дарынды балаларға өз әлеуетін толығымен көрсетуге, ашуға мүмкіндіктер береді. Мұның айқын дәлелі – оқушылардың олимпиадалардағы жоғары жетістіктері. Сапалы білімге инвестиция жасалуы керек. Осы принципке сәйкес, облысымызда білім сапасын арттыруға бағытталған ірі жобалар жүзеге асырылуда. Жоғарыда айтылған «50 табысты мектеп» жобасының аясында «Білім-инновация» және «Қазақстан халқына» қорларымен бірлесіп біраз шаруа жасалды. Мәселен, 50 мектептің үш мыңнан астам мұғалімі мен 42 мыңнан астам оқушысы арнайы дайындықтан өтті. Қорлардың қолдауымен физика, химия және биология бойынша 150 оқу кабинеті жабдықталды. Өткен жылы 207 мектеп 236 жаңа заманауи оқу кабинетін ашты. 2024 жылы мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 590 млн теңге бөлінді. Тағы бір маңызды жоба – «Ауылдық мектептердің әлеуетін дамыту». Ол жоба да «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. 2023-2024 жылдары алты ауыл мектебі заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген».

Әрине, мұның бәрі білім беру процесін жетілдіріп, білім сапасының артуына әкеледі. Статистика да соны айтады. 2023-2024 оқу жылында мектептердің заманауи технологиялармен және басқа да қажеттіліктермен жабдықталуы 70 пайыздан – 75,5 пайызға, ал оқушылардың білім сапасы – 64,5 пайыздан 66,1 пайызға дейін өскен. Оған қоса, интеллектуалдық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлер саны артып келеді. 2021-2022 оқу жылында республикалық және халықаралық олимпиадалардың жүлдегері 45 оқушы болса, 2022-2023 оқу жылында – 104, ал 2023-2024 жылында – 145 оқушы болды. Халықаралық деңгейдегі жетістіктер де аз емес. 2023-2024 оқу жылында 14 оқушы халықаралық олимпиадалар мен ғылыми конкурстарда медальдарға ие болған. Алматы облысының 131 оқушысы республикалық олимпиадаларда жеңімпаз атанған, ал 2804 оқушы облыстық олимпиадалардың жеңімпазы болды. Республикалық олимпиадада ауыл мектептерінің оқушылары арасында Алматы облысы командалық есепте жаратылыстану-математика бағыты бойынша 2-орын, қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша 3-орын алған.

Білім беру жүйесі қай кезеңде болмасын, қызығы мен қиындығы көп, күрделі сала. Алайда елдің өсуі мен дамуы, болашағы, экономикалық жағдайы мен жалпы әл-ауқаты білімге тікелей қатысты екенін естен шығармаған жөн. Сондықтан бұл саланы ұйымдастырудағы жүйелік қателіктер де, өңірлік проблемалар да тез арада шешілуі қажет. Әрине, бүгінде елдегі орта білім саласында шиеленіскен проблемалар көп. Бірақ нәтижелер де көрініп келеді.

Алматы облысы

Балауса Ділдәбек

Тегтер: