Алматы облысында 600 жер учаскесі пайдаланылмай жатыр
Қазақстанда пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жұмыс істеп тұрған шаруа қожалықтарына беру және негізсіз жекешелендірілген объектілерді мемлекет меншігіне қайтару мәселелері көп жылдан бері жіті бақылауда.
Өйткені жайылымға және егінге арналған жердің жетіспеушілігі байқалып отырған кезеңде бос, игерілмей жатқан жер телімдерінің көп болуы ешкімге де тиімді емес. Сондықтан арнайы шаралар мен бақылау күшейіп, мақсатты жұмыстар атқарылуда. Жекеменшіктен мемлекеттік меншікке қайтарылған жерлер алдымен халықты жайылымдық жерлермен қамтамасыз етуге беріледі. Яғни қайтарылған жерлер ауданның резервіне өтіп, одан халыққа жер беріледі. Қалғаны конкурсқа шығарылады.
Естеріңізде болса, 2022 жылғы 3 қаңтарда пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін мәжбүрлеп алып қою мерзімі 2 жылдан 1 жылға дейін қысқарды. Сөйтіп, 2023 жылы мемлекет меншігіне жалпы көлемі 5 млн гектар жерді қайтару жоспарланды. Былтыр желтоқсанда осы нысаналы көрсеткіштің және жалпы процестің орындалуы мен 2024 жылдың жоспары талқыланған жиын өткен. Сонда пайдаланылмай жатқан және заңсыз берілген жерлерді қайтару жөніндегі үкіметтік комиссия 2022 жылдан бастап мемлекет меншігіне 10 млн гектар проблемалық ауыл шаруашылығы жерлері қайтарылғанын мәлімдеді. Оған қоса, жер иелерінің өздері бұрын пайдаланылмай жатқан 3,4 млн га жерді игере бастаған, ал жергілікті фермерлер арасында 2,8 млн га жер қайта бөлінген. Тағы жердің тозу проблемаларын шешу үшін «ГИПРОЗЕМ» РМК топырақ қызметі құрылып, 2024 жылы ауылдық округтердегі жайылым тапшылығын азайтуға назар аударылатыны айтылды.
Сонымен, 2024 жылға мемлекет меншігіне 2 млн га жерді қайтару жоспарланған. Жартыжылдық есепке қарасақ, мұның 50 пайыздан астамы орындалып та қойған. Ол туралы жер ресурстарын басқару комитеті айтты:
«Жарты жылдың ішінде екі мыңнан астам тексеріс жүргізілді. Соның нәтижесінде 2174 жер заңнамасын бұзушылық анықталып, 231,4 млн теңгеге айыппұл салынды. Ал жер учаскелерін беру бойынша 1711 заңсыз шешім жойылуға жатады. 1,33 млн га алаңда жер пайдаланушыларға қатысты 875 жоспардан тыс тексеру жүргізілді, 836,7 мың га алаңда 614 нұсқама енгізілді, 48 материал сот органдарының қарауында. Тиісті шаралар қабылданғаннан кейін жер пайдаланушылар 217,5 мың га алқапта ауыл шаруашылығы жерлерін игеруге кірісті. Жалпы жыл басынан бері қайтаруға жоспарланған 2 млн га ауыл шаруашылығы жерінен 1,15 млн гектары қайтарылды», – делінген комитет берген есепте.
Бұл орайда өңірлер бойынша артта келе жатқандар да айтылды. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысында жоспарланған 160 мың гектардан 48,1 мың гектар, Атырау облысында 90 мың гектардан 16,8 мың гектар жер ғана қайтарылған. Ал Алматы облысы оң көрсеткіштер көрсетуде. Дәл қазір өңірде 345,1 мың га жер мемлекет меншігіне өтуге дайын тұр. Мұндағы жұмыстар жылдар бойы үздіксіз жүргізіліп келеді. Мәселен, өткен жылдан бері жалпы алаңы 345,1 мың гектарға жететін 1182 жер учаскесі анықталған. Биылғы жылдың аяғына дейін әлі бірнеше ай бар. Осы уақыт ішінде облыс бойынша жалпы алаңы 70 мың га болатын жерді қайтару көзделген. Ал жыл басынан бергі тоғыз айда мемлекет меншігіне 72,9 мың га болатын 257 жер учаскесі қайтарылды. Оның ішінде 31,3 мың га болатын 62 жер учаскесі сот шешімімен заңсыз деп танылып, үлгілік жалдау шарттарының күші жойылған. Тағы 41,6 мың га болатын 195 жер учаскесі ерікті негізде мемлекеттік меншікке өткен. Одан бөлек, жер ресурстарын басқару департаментіне 70,8 мың га алаңға қатысты 343 материал жолданды. Оның ішінде салыққа қатысты мәселелермен кірістер департаментіне жолданғандары да бар. Бұл туралы Алматы облыстық жер ресурстарын басқару департаменті былай деп ақпарат берді:
«Қазіргі уақытта жер ресурстарын басқару департаментінде 22,4 мың га болатын 99 жер учаскесі бойынша материалдар қаралу үстінде. Оның ішінде 32,5 мың га болатын 80 жер учаскесі бойынша нақты нұсқама берілді. Сотта жалпы алаңы 22,7 мың га болатын 65 жер учаскесі бойынша талап-арыздар қаралуда. ИСЖ базасында мал басы тіркелген 46,2 мың га болатын 63 жер учаскесі қайта пайдалануға берілді. Облыс әкімдігі бұл бағыттағы жұмыстарды тоқтатпайды.
Осы жылдың басында облыс көлемінде 173,1 мың га болатын 600 жер учаскесі пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер ретінде тіркелді. Ауыл шаруашылығы министрлігі жер ресурстарын басқару комитетінің тапсырмасы бойынша биылғы жылдың аяғына дейін облыс көлемінде жер заңнамасын бұза отырып берілген және пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жалпы алаңы 70 мың га ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қайтару жоспарланған болатын. Өткен жылғы жағдайға да тоқтала кетейік.
2023 жылдың жазында сотқа 109 мың га пайдаланылмайтын жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару туралы 198 талап-арыз жолданды. Жер ресурстарын басқару департаменті 50 мың га болатын 248 субъектіге арнайы ұйғарым берді. Ерікті негізде 38 мың га мемлекеттік меншікке қайтарылды. Ауданы 3 мың га болатын 5 жер учаскесі иесіз мүлік ретінде есепке қойылды».
Қазір облыстағы жұмыстарды бақылаудан бөлек, Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, облыстық және аудандық маңызы бар қалаларда жер учаскелерін берудің электрондық тәртібі заңнамалық түрде енгізілді. Цифрлық ауыл шаруашылығы карталары жасалып жатыр. 2023 жылдың қорытындысы бойынша барлығы 145 млн га ауыл шаруашылығы жерлері цифрландырылды, бұл ауыл шаруашылығы алып отырған жалпы аумақтың 77 пайызын құрайды. Ауыл шаруашылығы жерлерін цифрландыруды толығымен 2025 жылы аяқтау жоспарланып отыр.
Ақжол Мейірбек
Алматы облысы