Алматы облысында экс-депутат мемлекет қаржысын жымқырып, казиноға жұмсаған

Алматы облысы Қарасай аудандық мәслихатының бұрынғы депутаты мемлекеттен ірі көлемде қаражат жымқырды деген күдікке ілінді.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, күдікті қомақты қаржыны жеке қажеттіліктеріне жұмсаған. Қазіргі уақытта бұл іске қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Тергеу материалдарына сәйкес, күдікті мемлекеттен субсидия алу мақсатында Алматы облысының ауыл шаруашылығы басқармасына таңқурай сатып алатыны туралы жалған құжат тапсырған. Осылайша, ол бюджеттен қаржы аудартуға мүмкіндік алған.
«Бұл қаражатты заңдастыру үшін күдікті 21 жеке кәсіпкермен көшеттерді орау, тиеу, түсіру жұмыстарын орындау жөнінде жалған келісімшарттар жасаған. Алайда шын мәнінде бұл жұмыстар орындалмаған. Сол келісімдер негізінде жалпы сомасы 431 миллион теңге қолма-қол ақшаға айналдырылған», – деп хабарлады агенттік.
Тергеу барысында анықталғандай, күдікті мемлекеттен жымқырған қаражатты заңдастыру үшін оны жұбайының атынан бағалы қағаздар арқылы айналымға жіберген. Соның нәтижесінде қосымша 89 миллион теңге табыс тапқан. Сонымен қатар, ол Алматы қаласынан екі бөлмелі пәтер және «Toyota Highlander» автокөлігін сатып алған.
Бұдан бөлек, тергеу органдары күдіктінің мемлекеттен ұрланған 170 миллион теңгені Қонаев қаласындағы казиноға жұмсағанын анықтады. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, тергеу барысында күдіктіге тиесілі 50 миллион теңге көлеміндегі қаражат пен 91 миллион теңгенің бағалы қағаздары бұғатталды.
Қазіргі уақытта күдікті сот санкциясымен екі айға қамауға алынды.
Айта кетейік, былтыр Қазақстанда 2 098 сыбайлас жемқорлық ісі тіркеліп, оның ішінде аудан әкімдері, басқарма басшылары және түрлі деңгейдегі шенеуніктердің заңсыз әрекеттері әшкереленген.