Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:29

Алматы облысында кәмелетке толмаған қыз сегіз адамнан зорлық көрген

К
Фото: скриншот

Алматы облысында кәмелетке толмаған қызды жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу фактісі бойынша іс тергеліп жатыр. 

БАҚ-та таралған ақпаратқа қарағанда 15 жастағы мектеп оқушысы екі ай бойы сегіз жігіттің тарапынан жүйелі түрде зорлық-зомбылық көріп келген.

Жасөспірімнің айтуынша, бәрі биылғы жылдың қаңтар айында әлеуметтік желі арқылы күдіктілердің бірімен танысудан басталған. Қыз бала алғашқы кездесудің өзінде-ақ күш көрсету мен қорқытудың құрбаны болғанын жеткізді.

 «Ол түнгі сағат екі жарымда қоңырау шалып, сыртқа шығуымды талап етті. Ағам бейтаныс жігіттермен сөйлескенімді біліп қояды деп қорыққандықтан, амалсыз шықтым. Сол жерде ол маған тиісіп, қарсылық көрсеткенімде бетімнен ұрды. Содан кейін күшпен жыныстық қатынасқа түсті», — дейді зардап шегуші.

Алғашқы оқиғадан кейін күдікті қыздың телефон нөмірін достарына таратып жіберген. Жасөспірімнің айтуынша, 16 мен 25 жас аралығындағы сегіз жігіт «болған жайтты туыстарыңа айтамыз» деп қорқытып, оны екі ай бойы кездесуге мәжбүрлеп келген.

Бұл сұмдық жайт мектепте қауесет тарай бастағанда ғана белгілі болды. Мектеп директоры оқушыны әңгімеге тартып, шындықты білген соң, қыздың ағасына хабар берген. Қыздың туысы дереу полицияға арызданды.

Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынасқа түсу бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алматы облыстық Полиция департаментінің ресми өкілі Ернар Сайділдин жағдайға қатысты түсініктеме берген.

Оқиғаға қатысы бар барлық тұлғалар анықталуда. Тергеу нәтижесі бойынша әрбір күдіктінің іс-әрекетіне тиісті құқықтық баға беріледі.

 Тергеу амалдары жалғасып жатыр.