Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:41, 09 Желтоқсан 2025

Алматы облысында көлік апатынан төрт адам қаза тапты

Жол апаты
Фото: ЖИ

Алматы - Көкпек - Көктал - Шонжы тасжолында көлік апаты тіркелді. Orda.kz мәліметінше, апат салдарынан төрт адам оқиға орнында қаза болды.

Жол апаты 5 желтоқсанда, тасжолдың 80-шақырымында болған. Алдын ала дерек бойынша, Audi A6 жүргізушісі рөлге ие бола алмай, қарсы жолаққа шығып кеткен. Көлік сол сәтте келе жатқан Nissan Cefiro автокөлігімен соғысқан.

Алматы облыстық полиция департаментінің хабарлауынша:

«Екі жүргізуші және екі жолаушы оқиға орнында ауыр жарақаттан көз жұмды. Тағы үш жолаушы түрлі дене жарақатын алып, ауруханаға жеткізілген».

Қазіргі уақытта оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеушілер апаттың нақты себептерін анықтап жатыр.

Айта кетейік, 1 желтоқсанда Алматы облысында Минивэн мен жүк көлігі соғысып нәтижесінде жеңіл көлікте отырған жеті адамның барлығы, оның ішінде жүргізуші де, оқиға орнында қаза тапты.

Қазақстан жолдары Орта Азиядағы ең қауіптілердің бірі саналады. Мәселен, 2024 жылы жол-көлік апаттарынан 2 579 адам қаза тапты, бұл көрсеткіш соңғы он жылдағы ең жоғары сан болып тіркелді. Ал биылдың өзінде (қаңтардан қарашаға дейін) 1 916 адам жол апатынан көз жұмғаны хабарланды. Бұл тенденция жол қауіпсіздігі бағытында ілгерілеу жоқтығын, керісінше, жағдай күрделеніп жатқанын көрсетеді. ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ғалым Сарғұловтың айтуынша, жыл басынан бері 12 миллионнан астам жол ережесін бұзу дерегі тіркелген. Мұның барлығы полиция қызметінің бұл бағытта нәтижесі мардымсыз екенін аңғартады. Қаншама ресми есепте «жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету» шаралары атқарылып жатқаны айтылса да, көрсеткіштер көңіл көншітпейді.

2025 жылдың алғашқы жартысында Қазақстанда жол-көлік оқиғаларының саны ғана емес, олардың салдарының ауырлығы да айтарлықтай күшейген. Сақтандыру компанияларының дерегіне қарағанда, қаңтар-маусым айларында міндетті автосақтандыру аясында 74 мыңнан астам сақтандыру төлемі жасалған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,6 пайызға көп. Сонымен қатар адамдардың өмірі мен денсаулығына зиян келген ауыр жол апаттарының саны бір жылда 54 пайызға өсіп, 15 698 дерекке жеткен. Мұндай мәліметтерді «Евразия» сақтандыру компаниясының аналитиктері Мемлекеттік несие бюросы, Бас прокуратура жанындағы Құқықтық статистика комитеті және сақтандыру төлемдерінің статистикасы негізінде келтіреді. Сарапшылардың есебінше, республика бойынша әр бесінші жол апаты – ауыр. Орта есеппен алғанда, Қазақстанда болған барлық жол апатының 21,3 пайызы адамдардың жарақат алуымен аяқталады. 2025 жылдың қорытындысында жол-көлік оқиғаларының жалпы саны 150 мыңнан асып кетуі мүмкін деген болжам жасалған.

Тегтер: