Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:31, 03 Қаңтар 2026

Алматы облысында төрт жасөспірім мұз астына түсіп кетті: біреуі қаза тапты

1
Фото: скриншот

Алматы облысының Жамбыл ауданында қайғылы оқиға орын алды. Судың бетінде ойнап жүрген төрт жасөспірім жұқа мұзға шығып, мұз ойылып кеткен. Оқиға салдарынан бір жасөспірім көз жұмды.

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2 қаңтар күні Алматы облыстық ТЖД-ның 112 пультіне Жамбыл ауданы Үмбетәлі ауылындағы  жасөспірімдердің суға батып кеткені жөнінде хабарлама түскен. Оқиға орнына жедел түрде ТЖҚ құтқарушылары мен республикалық жедел-құтқару жасағы жіберілген.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, жасөспірімдер ойын барысында мұздың қалыңдығын ескермей, су айдынына шыққан. Нәтижесінде мұз ойылып, жасөспірімдер батып кеткен. Куәгер болған балықшы бір сәтке де ойланбастан көмекке ұмтылып, үш баланы аман алып қалған. Алайда төртінші жасөспірімді құтқару мүмкін болмаған.

Оның сүйегін сүңгуірлер судан шығарып, әрі қарай процессуалдық іс-шаралар жүргізу үшін полиция қызметкерлеріне тапсырған.

Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарды, әсіресе ата-аналарды балаларды су айдындарының маңында қараусыз қалдырмауға шақырады. Сондай-ақ мұздың үстіне шығудың қауіпті екенін ескертіп, су объектілерінің маңында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға үндеді.