Алматы облысында туристер мінген автобус жол апатына ұшырады
Алматы облысы Кеген ауданы Саты ауылы аумағында жол апаты болды.
Салдарынан бір адам қаза тауып, алты адам түрлі дене жарақатын алды, деп хабарлады Алматы облыстық Полиция департаментінің басшысы Бауыржан Әленов.
Nege.kz хабарлағандай, Алматы облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты 5 қазан күні сағат 14:40 шамасында Кеген ауданы Саты ауылы аумағында, «Қайыңды-Саты» таулы автожолының 9 -шы шақырымында 47 жастағы автобус жүргізушісі қарсы қозғалыс жолағына шығып, 1997 жылғы жүргізушінің басқаруындағы «УАЗ» автокөлігімен бетпе-бет соқтығысқан.
Аталған дерек ҚР ҚК 345-бабының 3-бөлімінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бойынша Кеген ауданы полиция басқармасында тіркелді.
Жол апаты салдарынан 36 жастағы жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Сонымен қатар, түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға 6 адам жеткізілді. Қазіргі уақытта барлық мән-жайларын объективті зерттеуге бағытталған сараптама тағайындаумен қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Автобус жүргізушісі Кеген ауданы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.