Алматы облысындағы мектептегі әлімжеттікке байланысты қылмыстық іс қозғалды

Алматы облысында мектеп оқушылары арасындағы әлімжеттік фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Бұл оқиға әлеуметтік желіде тарап кеткен видеодан кейін белгілі болды. Полиция департаментінің мәліметінше, кәмелетке толмаған балаға дене жарақаты келтіру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.
Мәселе Қараой ауылындағы №49 мектепте орын алған. Қоғамда резонанс тудырған видеоны құқық қорғаушы Дина Таңсәрі 29 сәуір күні әлеуметтік желіде жариялады. Онда бір оқушының мектеп әжетханасында бірнеше баланы сапқа тұрғызып, ұрып жатқаны анық көрінеді.
Полиция бұл оқиғаның 2023 жылдың қыркүйек айында болғанын хабарлады. Алайда сол кезде құқық қорғау органдарына ешқандай арыз түспеген.
Бүгінде оқиғаны түсірген оқушы мен әлімжеттік жасаған жасөспірімнің ата-аналарына тәрбиелеу міндетін орындамағаны үшін әкімшілік жаза қолданылды. Екі оқушы да профилактикалық есепке қойылды. Сонымен қатар, бұл жайт бойынша Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияға қосымша шаралар қолдану туралы ұсыныс жолданды.
Іле аудандық әкімдігі жанындағы балалар құқығын қорғау жөніндегі комиссия хатшысы Айдана Пошанның айтуынша, арнайы жедел топ құрылып, 29 сәуірде ауылға жіберілген. Оның құрамында комиссия өкілдері, білім бөлімінің қызметкерлері, прокурор және психологтар бар. Қазір олар балалармен және ата-аналармен жұмыс жүргізіп жатыр.
Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда балалардың шамамен 17,5 пайызы буллингтің әртүрлі түріне тап болады. 2022 жылғы зерттеу нәтижесінде жасөспірімдердің 7 пайызы айына бірнеше рет қысымға немесе қорлыққа ұшырайтынын айтқан.
Еске сала кетейік, 2022 жылы "буллинг" ұғымы алғаш рет заңнамада ресми түрде бекітілді. 2024 жылдың көктемінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізіп, кәмелетке толмағандарға қатысты буллинг әрекеттері үшін арнайы 127-2-бапты заң жүзінде бекітті.