Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:10

Алматы облысындағы жарылыстан үш өзбекстандық азамат қаза тапты

1
Фото: скриншот

Алматы облысының Іле ауданында орналасқан металл қабылдау пунктінде жарылыс болып, салдарынан үш жұмысшы қаза тапты. Көз жұмғандардың барлығы – Өзбекстан азаматтары.

Оқиға 11 қыркүйекте Бәйсерке ауылындағы металл қабылдау пункті аумағында болған. Алдын ала деректер бойынша, металл қабылдау орны ретінде жалға берілген ғимаратта белгісіз зат жарылған.

Пункт иесі Амирбек Шербаевтың айтуынша, жарылыстың себебі металлолом арасында қалған әскери бомба болуы мүмкін:

«Металдың ішінде миналар, танкіге қарсы миналар да болған сияқты. Шамасы, металлоломды арзан бағамен сатып алған. Өздері де нақты білмейді. Маған МҚК мен Қорғаныс министрлігінен шыққан темірлер араласқан сияқты болып көрінеді. Солардың ішінде пайдаланылмаған миналар да бар екен», – деді кәсіпкер.

Қазір оқиға орнында полицейлер мен Қорғаныс министрлігінің өкілдері жұмыс істеп жатыр. Аймақ толықтай қоршауға алынып, бөгде адамдар кіргізілмей отыр. Құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғағанын хабарлады.

Алматы облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Ернар Сайдильдин оқиғаға қатысты былай деді:

«Іле ауданындағы металл қабылдау пункттерінің бірінде белгісіз заттың жарылуы салдарынан үш адам қаза тапты. Олардың сүйегі оқиға орнында табылды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды».

Қаза тапқан азаматтардың жеке тұлғалары анықталды, алайда олардың аты-жөні әзірге жария етілмеді.