Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 08:00

Алматы облысындағы «Жайлы мектеп» жобасы

жайлы мектеп
Фото: ашық дереккөз

2022 жылдан бері Қазақстанда «Жайлы мектеп» жобасы іске кірісті. Аталған ұлттық жоба бірнеше мәселені қатар шешуге ниетті.

Қазіргі орта білім беру жүйесіндегі ең үлкен проблемалардың бірі – орын жетіспеушілігі. Елорданың өзінде 26 мыңнан астам орын тапшылығы бар. Мұндай мәселе Алматы, Шымкент қалаларында, Түркістан, Алматы облыстарында да байқалады. Жалпы республикадағы орын жетіспеушілігі өткен оқу жылында 270 мыңды құраса, алдағы жылдары бұл көрсеткіш екі-үш еселенеді деп күтілуде. Оған қоса, 136 мектеп үш ауысымда оқиды, 300-дей оқу ордасының ғимараты қазіргі стандарттарға сай емес, тағы 70 шақты мектеп апаттық жағдайда деп танылған.

Орын тапшылығынан бөлек, қала мен ауыл мектептерінің жабдықталуы мен білім беру сапасында айырмашылықтар баршылық. Мәселен, арнайы кабинеттердің болмауы, баяу интернет пен технологиялық құрал-жабдықтардың қамтылмауы. Мұның бәрі өз кезегінде педагогтардың жұмысы мен оқушылардың қабылдауына, түптеп келгенде білім сапасының ақсауына әсер етіп отыр. «Жайлы мектеп» елдегі орын тапшылығын шешуде осы аспектіні де ескерген. Жаңа оқу ғимараттарының жартысы ауылды мекендерде салынатыны айтылып жатыр. Мектептердің құрылысына ұлттық жоба деген статустан бөлек, көп қаражат берілді. Ұйымдастыру, бақылау жағына ерекше назар аударылып жатыр.

Мәселен, орын тапшылығы сезіліп отырған өңірлердің бірі Алматы облысының бес ауданында 24 900 оқушыға арналған 26 жаңа мектептің құрылысы басталды. 2024 жылы облыста 11 100 оқушыға арналған 9 жаңа мектеп пайдалануға беріліп, облыстық білім басқармасының балансына өткізілді. Осы мектептердің ашылуының нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны 53-тен 32-ге дейін азайған.

Алматы облыстық құрылыс басқармасының басшысы Мұхамедғаріп Ниязұлының айтуынша, жаңа білім ошақтары заман талабына сай жабдықталған. Барлық мектепте физика, химия, биология кабинеттері, компьютер сыныптары, STEM-зертханалар мен робототехника кабинеттері қарастырылған. Сонымен қатар TOUCH/LED экрандар, заманауи компьютерлер мен интерактивті құрылғылар орнатылған. Оқу-тәрбие үдерісін тиімді жүргізу үшін акт залы, медиатека және электронды кітапханалар жұмыс істейді. Сондай-ақ мектептердің қолжетімділігін арттыру мақсатында жаңа автобус бағыттары ұйымдастырылып, аялдамалар салынған.

Қазіргі таңда бұл мектептерде 10 921 оқушы білім алып жатыр. Сонымен қатар 812 мұғалім мен 394 техникалық қызметкер жұмысқа орналастырылған. Samruk-Kazyna Construction акционерлік қоғамының мәліметінше, 2025 жылдың соңына дейін тағы 17 мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

Еске сала кетейік, өткен жылдың аяғында Алатау қаласы Еңбек ауылында өңірдегі алғашқы жайлы мектеп есігін ашты. 600 орынды мектепте жайлылық пен қауіпсіздіктің барлық талаптары сақталған. Бейнебақылау камералары мен дабыл түймелері орнатылған. Мектептің құрылысын «Промкомплект» компаниясы 10 ай бойы жүргізді. Ғимаратта интерактивті тақтасы бар оқу кабинеттері, асхана, 1 спорт зал, компьютер сыныптары, зертханалық кабинет, жайлы кітапханалар, шеберханалар мен коворкинг-орталық қарастырылған. Жайлы мектепте «Жаңа модификациялы» химиялық лаборатория, биологиялық лаборатория, физикалық лаборатория, STEM кабинеті бар. Бұдан бөлек, қосымша білім беру сабақтарын өткізуге арналған кабинеттер бар. Жайлы мектеп ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға да толықтай бейімделген.

Осы жылы да бірнеше жобаның құрылысы жалғасып жатыр. Облыс басшылығы Талғар және Іле аудандарына барып, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының жүзеге асу барысымен танысқан. Әкімдік мамандары үш білім беру нысанын аралап көрді. Бұл жобалардың іске асуы 2 800-ден астам жаңа оқушы орнының құрылуына ықпал етіп, қолданыстағы мектептерге түсетін жүктемені едәуір азайтады.

Сапардың алғашқы нысаны – Талғар ауданы Жаңалық ауылындағы 900 орындық мектептің құрылысы. Жоба 2023 жылдан бері салынып жатыр. Осы жылы аяқталуы тиіс. Қазіргі уақытта нысанның 90 пайызы дайын, ал жабдықтардың 50 пайызы орнатылған. Құрылыстың негізгі жұмыстары аяқталып, аумақты абаттандыру және технологиялық жабдықтарды жеткізу жұмыстары жалғасып жатыр. Барлық жұмыстар алдағы екі аптада толық аяқталады деп жоспарланған.

Келесі нысан Іле ауданы Тілендиев ауылындағы 900 орындық мектеп. Құрылыс белгіленген кестеге сай жүргізіліп жатыр. Жер жұмыстары аяқталып, ғимараттың қаңқасы мен қабырғалары тұрғызылды, шатыр мен қасбеттік жұмыстар, инженерлік желілерді тарту жұмыстары жүргізілуде. Бұл жоба да 2023 жылдан бері салынып жатыр, биыл қолданысқа берілмек. Сол секілді Талғар ауданы Талдыбұлақ ауылындағы 600 орындық мектептің құрылысы әлі жүріп жатыр. Құрылыс жұмыстары бүгінде аяқталу сатысына жақындаған. Қазір ішкі әрлеу, инженерлік жүйелерді орнату және аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

Альфия Жәнібекқызы

Алматы облысы

Тегтер: