Алматы облысындағы жол апаты: үшінші үндістандық студент көз жұмды
Алматы облысында 6 қаңтар күні болған жол-көлік апатынан зардап шеккен Үндістан азаматы қаза тапты. 24 жастағы Рахул Ядав 9 қаңтар күні таңертең жансақтау бөлімінде көз жұмды. Ол жол апатынан бері ауыр халде ауруханада жатқан.
Оның сүйегі өз отаны – Үндістанға жөнелтіледі. Бұған дейін апаттан қаза тапқан тағы екі студент – Карен Пармар мен Риширадж Байраттың мәйіттері де Үндістанға жеткізілген болатын.
Қаза тапқан үш студент те Оңтүстік Қазақстан медицина университетінде білім алған. Олар Шымкент қаласынан Алматыға бет алған. Жол апаты Алматы-Бішкек тасжолының 86-шақырымында орын алған. Toyota Alphard автокөлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, көлік аударылып кеткен.
Полиция мәліметінше, жүргізуші оқиға орнында қаза тапқан. Екі жолаушы ауруханада көз жұмды, тағы үш адам ауыр хәлде ауруханаға жеткізілген.