Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:20, 27 Қаңтар 2025

Алматы полициясы пикетке шыққан тағы бір белсендіні ұстады

Гүлбақыт Өтебаева
Скриншот из видео Oyan,Qazaqstan!

Алматыда Ғылым академиясының алдында полиция тағы бір белсенді Гүлбақыт Өтебаеваны Qaznews24 паблигінің қамауға алынған авторы Темірлан Еңсебекті қолдап пикетке шыққаны үшін ұстады.

 Бұл туралы Oyan, Qazaqstan қозғалысы хабарлады.

Белсенді «Ұрпаққа жол ашпаған» және «Болашаққа жол жабық» деген жазуы бар плакат ұстап шыққан. Бұл сөздер  қазақ әнұранының қарама-қарсы мағынасын білдіреді.

"Болып жатқан әділетсіз сот процестері, белсенділерді тұтқындау және оларға қарсы іс қозғау –  әділеттілікке жатпайды. Бұл болашақ ұрпақ үшін жол жабық деген сөз. "Сатира қылмыс емес", - дейді белсенді.

Айта кетейік, QazNews24 сатиралық паблигінің авторы, белсенді Темірлан Еңсебек Алматыдағы тергеу сотының шешімімен екі айға қамауға алынды. Оған "ұлтаралық араздықты қоздырды" деген айып тағылды.

Сот отырысы 18 қаңтар күні кешке қалалық полиция басқармасының ғимаратында өтті. Басқарма маңына белсендінің жиырмаға жуық жақтастары жиналды. Олар Instagram желісінде Қазақстан басшылығы мен елде болып жатқан оқиғалар туралы сатиралық жазбалар жариялаған Темірлан Еңсебекті қудалаудың саяси астары бар деп есептейді.

19 қаңтарда полиция Еңсебекті қолдап жеке пикетке шыққан журналист Руслан Бикетовті, 20 қаңтарда белсенді Әсем Жәпішеваны ұстады. Олар Qaznews24 авторын қолдау үшін жеке пикетке шыққан. Екі белсенді де 15 тәулікке қамауға алынды.

Сондай-ақ 21 қаңтарда Қостанайда Темірлан Еңсебекті қолдап  акция өткізген белсенді Сергей Зинченко да ұсталды. Сот оған 50 АЕК көлемінде айыппұл салды.