Алматы соты діни қызметкер Иаков Воронцовты екі айға қамауға алды
Алматының тергеу соты Орыс православ шіркеуінің (РПЦ) бұрынғы діни қызметкері әрі Украинадағы соғысқа қарсы шыққан Иаков Воронцовты екі айға қамауға алды.
Бұл туралы оның адвокаты Ғалым Нұрпейісовке сілтеме жасап «Власть» басылымы хабарлады.
«Воронцовты тергеу соты санкциямен екі айға қамауға алды. Біздің үйқамаққа алу туралы өтінішіміз қанағаттандырылмады», – деді Нұрпейісов.
Ол бұл шешімге шағым түсіретінін айтты.
13 ақпанда Воронцов ӘҚБтК-нің 440-1-бабы бойынша 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынған. Ол «алкогольдік ішімдік ішу немесе қоғамдық орында мас күйде болу» бабымен жазаланған. Бұған дейін Алматыдағы оның үйінде түнгі тінту жүргізіліп, үш пакет «тыйым салынған зат» табылғаны хабарланған. Воронцов тағылған айыптарды жоққа шығарады.
23 ақпанда ол Алматы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторынан босатылуы тиіс болған. Алайда босатудың орнына оны прокуратураға тергеуге алып кеткен. Адвокат Ғалым Нұрпейісовтің айтуынша, Воронцовқа ҚР Қылмыстық кодексінің 302-бабы («Наркопритон ұстау») және 296-бабы («Есірткіні өткізу мақсатынсыз сақтау») бойынша айып тағылған.
Иаков Воронцов – РПЦ священниктерінің ішінде Ресей әскерінің Украинаға басып кіруін ашық айыптағандардың бірі. Сондай-ақ ол Қазақстанда Мәскеуге бағынбайтын автокефалды шіркеу өкілдігін құру қажет екенін мәлімдеген. 2023 жылы РПЦ оны священниктік санынан айырған.
2023 жылдың желтоқсанында оған Қазақстанда «араздық пен өшпенділікті қоздыру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Осыдан кейін Воронцов Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, ісін әділ қарауды сұраған. Ол өзіне қысым көрсетуге РПЦ-нің Қазақстандағы епархия өкілдері қатысы бар деп мәлімдеген және олардың Қазақстанда РПЦ-ге тәуелсіз шіркеу құруына кедергі келтіруге тырысып жатқанын айтқан.
2025 жылдың мамырында Воронцов қылмыстық іс оның әрекеттерінде қылмыс құрамы болмағандықтан тоқтатылғанын хабарлаған. Ал Қазақстан митрополиялық округінің өкілдері Иаковқа қатысты іске қатысы барын жоққа шығарып, мәлімдемелерге түсініктеме беруден бас тартқан.
2026 жылдың 10 ақпанында Воронцов Алматы соты оның «Діни бірлестікті тіркеуден бас тарту туралы» әділет департаментінің бұйрығын заңсыз деп тану және оны жою туралы талабын өндіріске қабылдағанын хабарлаған.