Алматы түбіндегі алып хаб: он футбол алаңындай логистикалық кеңістік

Қазіргі заман – жаһандық өзара байланыс пен үзіліссіз қозғалыс заманы. Бұл ғасырда мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігі тек табиғи ресурстармен немесе өндірістік қуатпен өлшенбейді.
Бүгінгі күннің басты капиталы – тиімді ұйымдастырылған логистика. Жүк тасымалының жылдамдығы, қойма инфрақұрылымының сапасы, логистикалық тізбектің икемділігі мен технологиялануы ел экономикасының қан тамырына айналды. Осы орайда елімізде қолға алынған логистикалық жобалар Қазақстанның транзиттік әлеуетін тиімді пайдаланудың, ішкі нарықты дамыту мен жаһандық сауда желісіне ықпалды қосылудың нақты құралына айналып келеді. Осы орайда Алматы облысы Талғар ауданының шығыс бөлігінде орналасқан Панфилов ауылдық округінің аумағында халықаралық деңгейдегі көліктік-логистикалық хабқа айналуы тиіс маңызды инвестициялық жоба жүріп жатыр. Нақтылай кетсек, Еуразиялық логистикалық парктің құрылысы бүгінде қарқын ала түсті. Аталған жоба – Қазақстанның транзиттік әлеуетін тиімді пайдалану және ел аумағын халықаралық сауда-саттықтың стратегиялық торабына айналдыру мақсатындағы ауқымды жоспарлардың бір бөлігі. Жалпы ауданы 13 гектардан асатын бұл кешен 50 мың шаршы метрден көп «А» класындағы заманауи қойма алаңдарын біріктіреді. Бұл – он футбол алаңына тең келетін жабық логистикалық кеңістік деген сөз. Жобаның басты мақсаты – Алматы қаласының логистикалық жүктемесін жеңілдету, жүктерді өңдеу мен жеткізу жылдамдығын арттыру және елдегі көлік инфрақұрылымын халықаралық стандарттарға сай жаңа сапалық деңгейге көтеру. Аталған мақсаттар арқылы Қазақстан өңірлік деңгейде ғана емес, жаһандық логистика нарығында да ықпалды ойыншыға айналуға қадам жасап отыр. Бұл жобаның мәні – тек қойма кешенінің құрылысы емес, сонымен қатар жаңа экономикалық дәліздердің ашылуына, инвестициялық климаттың жақсаруына, өңірлік кәсіпкерліктің жандануына сеп болуында.
Нысанның орналасуы – жоба табысының кілті десе болады. Кешен еліміздегі ең ірі мегаполис – Алматы қаласынан небәрі 30 шақырым қашықтықта орналасқан. Сонымен бірге Батыс айналма автомобиль жолына (БАКАД) тікелей жақын орналасуы – оның басты логистикалық артықшылықтарының бірі. БАКАД – еліміздің оңтүстік астанасын республиканың өзге өңірлерімен ғана емес, Қытай, Орта Азия және Ресей бағытындағы халықаралық көлік дәліздерімен байланыстыратын маңызды көлік артериясы. Еуразиялық логистикалық парк өзінің инфрақұрылымдық қуаттылығымен Еуропа, Азия және Каспий өңірі арасындағы халықаралық сауда маршруттарына тиімді кіріктіріледі. Бұл Қазақстан арқылы өтетін транзиттік жүк ағынын оңтайландырып, халықаралық тасымал желілеріне қосылуға мүмкіндік береді.
Логистикалық жобалардың тағы бір стратегиялық қыры – ішкі нарықты біріктіру және өңіраралық байланысты жандандыру. Алыс ауылдар мен шеткері өңірлерге сапалы жол қатынасы орнаған сайын, жергілікті өнімнің нарыққа жол табуы жеңілдейді, ауылшаруашылық өндірісі жанданып, әлеуметтік теңсіздік азая түседі. Сонымен қатар логистика саласына инвестиция тарту – бұл тек нысан салу ғана емес, ол – жаңа жұмыс орындары, сервистік қызметтердің дамуы, кадр даярлау, технология трансфері деген сөз. Осы арқылы логистикалық жоба бір саланы емес, бүтіндей экономикалық экожүйені өркендетеді. Заманауи логистика жобалары – цифрлық шешімдермен тығыз байланысты. Бүгінде жүк қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылау, автоматтандырылған кедендік рәсімдер, жасанды интеллект негізіндегі логистикалық жоспарлау – барлығы осы саладағы тиімділікті еселеп отыр. Қазақстан да бұл үрдістен шет қалмай, электронды құжат айналымын енгізу, бірыңғай логистикалық платформаларды дамыту, смарт-кешендер құру бағытында ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Бұл – елдің жаһандық цифрлық экономикадағы орны мен сенімділігіне әсер ететін фактор. Әлеуметтік тұрғыдан алғанда да логистикалық жобалар – халықтың әл-ауқатын жақсартуға тікелей ықпал ететін маңызды құрал. Қолжетімді тауарлар, тез жеткізілетін қызмет, уақыт үнемі – мұның бәрі адамның күнделікті өмір сапасына тікелей әсер етеді. Әсіресе пандемия кезеңінде логистиканың ел қауіпсіздігі мен тұрақтылығы үшін қаншалықты маңызды екеніне әлем куә болды. Жүк тасымалы тоқтаса, бүкіл жүйе тұралайды. Сондықтан логистиканы дамыту – бұл тек экономика емес, бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі деуге де себеп көп.
«Еуразиялық логистикалық парк» ЖШС-ның атқарушы директоры Роман Жужлевтің айтуынша, бұл кешен Алматы қаласындағы 700 мың шаршы метрден асқан қойма тапшылығын жойып қана қоймай, 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспары шеңберінде белгіленген міндеттердің орындалуына тікелей ықпал етеді. Оның пікірінше, мұндай ірі инфрақұрылымдық жобалар ел экономикасына серпін беріп, жаңа инвестициялар легін тартуға жол ашады. Атап айтқанда, кешен толық пайдалануға берілген соң, мұнда әкімшілік және өндірістік корпустар, кеңселер, медициналық пункт, қызмет көрсету нысандары жұмыс істейді деп жоспарлануда. Бұл 300-ге жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жоба аясында 30 жүк көлігі мен 50-ден астам жеңіл автокөлікке арналған арнайы тұрақ орындары да қарастырылған. Осы арқылы жоба тек жүк тасымалына қызмет көрсетіп қана қоймай, логистика саласына қатысты түрлі қосалқы қызметтерді ұсынатын тұтас бір экожүйе қалыптастырады. Кешеннің жобалау және құрылыс жұмыстары барысында Ресей Федерациясында жүзеге асырылған логистикалық хабтардың озық тәжірибесі ескерілген. Мұнда заманауи сақтау жүйелері, автоматтандырылған процестер, жылдам әрі тиімді тауар айналымын қамтамасыз ететін технологиялар, түрлі бизнес форматына икемделген жалдау шарттары қарастырылған. Бұл – болашақ резиденттер үшін икемді әрі тиімді шешімдер ұсынуға мүмкіндік береді. Жоба авторларының айтуынша, логистикалық парк әлі іске қосылмаса да, отандық және шетелдік компаниялар тарапынан оған деген қызығушылық жоғары. Қазірдің өзінде ұсынылған жалдау алаңдарына сұраныс ұсыныстан асып түскен. Жобаның алғашқы кезеңі 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде. Кейінгі жылдары кешеннің аумағы мен мүмкіндіктері кеңейтіліп, қосымша инвестициялар тарту көзделген. Есептеулерге сүйенсек, алғашқы он жыл ішінде логистикалық парктің жалпы кірісі 50 миллиард теңгеге жуықтайды, ал бюджетке түсетін салық түсімдерінің көлемі шамамен 18 миллиард теңге болады. Бұл өңірлік экономика мен мемлекеттік бюджет үшін елеулі кіріс көзіне айналатыны сөзсіз. Роман Жужлевтің пікірінше, Қазақстан болашақта халықаралық сауда мен транзиттің басты орталықтарының бірі болуға толық әлеуетке ие. Бұл ретте, Панфилов ауылдық округінде салынып жатқан логистикалық парк – осы бағыттағы нақты әрі маңызды қадам.
Сәруар Бақберген
Алматы облысы