Алматы тұрғыны жылына еріксіз 26 қорап темекі "шегеді" – зерттеу
Алматы қаласындағы ауаның ластануын тұрақты түрде бақылаумен айналысатын Almaty Air Initiative қоры 2025 жылға арналған ауа сапасы жөніндегі есебін жариялады.
Мониторинг деректеріне сәйкес, 2025 жылы қалада өмір сүретін орташа алматылық еріксіз түрде 518 тал темекіге (шамамен 26 қорап) тең зиянды ауа жұтқан. Бұл ауамен тыныстаудың өзі темекі шеккенмен бірдей әсер бергенін көрсетеді.
Есепте айтылғандай, 2025 жылы ұсақ дисперсті бөлшектердің — PM2.5-тің орташа жылдық концентрациясы 31,2 мкг/м³ болған. Бұл көрсеткіш Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған шектен алты есе жоғары. 2024 жылмен салыстырғанда қала ауасы шамамен 30 пайызға ластана түскен, бұған қолайсыз метеорологиялық жағдайлар себеп болған.
Зерттеуде PM2.5 бөлшектеріне ерекше назар аударылған, өйткені олар ауа ластануының ең қауіпті әрі денсаулыққа әсерін дәл сипаттайтын көрсеткіш саналады. Жалпы қалалық смог — әртүрлі ластаушы заттардың қоспасы. PM2.5 пен PM10-нан бөлек, ауада азот диоксиді (NO₂), күкірт диоксиді (SO₂), көміртек тотығы (CO), озон (O₃) және басқа да зиянды қосылыстар бар.
Қордың атқарушы директоры Жұлдыз Саулебекованың айтуынша, жыл бойындағы күндердің 60 пайыздан астамында алматылықтар халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сай келмейтін ауамен тыныстаған. «Таза» күндер саны 148 күнге дейін қысқарған, ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 16 күнге көп болған. Сонымен қатар, өткен жылы PM2.5 деңгейі ұлттық шекті рұқсат етілген концентрациядан 124 күн бойы асып түскен.
Ең қиын жағдай қыс айларында байқалған. Желтоқсан айында PM2.5-тің орташа деңгейі 62,4 мкг/м³-ке жетсе, 7 желтоқсан жылдың ең лас күні ретінде тіркелген: бұл күні көрсеткіш 145 мкг/м³ болған. Аталған деңгей Қазақстандағы рұқсат етілген нормадан төрт еседен, ал ДДСҰ-ның жылдық лимитінен шамамен он есе жоғары.
Есепте ауа ластануының артуы жылыту маусымының басталуымен тікелей байланысты екені де көрсетілген. Қазан айында жылу қосылғаннан кейін PM2.5 концентрациясы қала бойынша күрт өсіп, әсіресе жеке сектор орналасқан аудандарда айқын байқалған.
Еске салайық, 2025 жылдың соңында Алматыда атмосфералық ауаны қорғауға қатысты жаңа ережелер қабылданған. Ал смог пен ластанған ауаның маусымдық аллергияны қалай күшейтетіні және оның адам денсаулығына әсері туралы бұған дейін де сарапшылар пікір білдірген болатын.