Алматыда 17 жастағы қызды зорламақ болған Үндістаннан келген студент ұсталды
Алматыда Алматы қаласында 17 жастағы мүмкіндігі шектеулі қызды зорламақ болды деген дерек бойынша Үндістан азаматы – студент ұсталды.
Бұл туралы Алматы қалалық полиция департаменті хабарлады.
Полицияның мәліметінше, жәбірленуші қыздың анасының арызы Алмалы аудандық полиция басқармасында тіркелген. Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тексеру жүргізілуде.
«Полиция қызметкерлері аталған ер адамды анықтап, ұстады. Тексеру нәтижелері мен қабылданатын процессуалдық шешімдерге сәйкес, заң талаптарына сай құқықтық баға беріледі», - деп нақтылады Алматы ПД.
Бұған дейін Алматы тұрғыны Анна Муленкова Facebook желісінде жазба жариялап, оның айтуынша, 17 жастағы мүмкіндігі шектеулі қызына шетелдік студент зорлық көрсетуге әрекеттенген. Әйелдің сөзінше, оқиға қала орталығында, қыз емтиханнан үйіне қайтып келе жатқан кезде болған.
Сондай-ақ анасы оқиғадан кейін полиция өкілдері мен елшілік тарапынан қысым көрсетіліп жатқанын айтып, әлеуметтік желі қолданушыларынан көмек сұраған.
Кейін бұқаралық ақпарат құралдары ұсталған күдіктінің С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің студенті екенін хабарлады.
Қазіргі уақытта тергеу жалғасуда, оқиғаның өзге деректері жарияланған жоқ.