Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:32

Аралас мектеп дауы: №224 мектептің ата-аналары тағы да әкімдікке жиналды

1
Фото: Жас Алаш

Алматыда жаңадан ашылғалы жатққан 224 мектептің дауы әлі басылар емес. Әуелде тек қазақ тілінде білім беретін деп жоспарланған білім ордасы соңғы сәтте аралас мектепке айналуы мүмкін екені белгілі болды.

Бұл шешім қоғамда наразылық тудырды. Мектеп толықтай қазақ тілінде болсын деген ата-аналар осыдан бірнеше күн бұрын Алматы қаласы әкімдігіне жиналған. Алайда мәселе түпкілікті шешілмеген еді. 20 қазан күні ата-аналар мен белсенділер тағы да әкімдікке жиналып, аталған мектеп мәселесін талқылады.

Алматыда Бостандық ауданында орналасқан жаңа мектеп 2 500 орынға арналған заманауи білім ошағы. Жергілікті тұрғындар жылдар бойы қазақ тілінде оқытатын мектептің жетіспеушілігін айтып келген. Сондықтан көпшілік бұл ғимаратты таза қазақ мектебі болады деп сенген.

Алайда қазан айының ортасында ата-аналар жаңа мектептің мәртебесі өзгеріп, аралас жүйеде ашылатынын естіген. «Бізге баламызды қазақ мектебінде оқытуға мүмкіндік берсін!» деген ата-аналар тобы наразылық білдіріп, білім басқармасына өтініш түсірген. Олардың сөзінше, орыс тілінде оқитын балалар үшін қалада мектеп жеткілікті, ал қазақ мектебіне орын тапшы.

Алматы қалалық білім басқармасының өкілдері бұл мәселені «ата-аналардың сұранысына байланысты шешеміз» деп түсіндірді. Білім басқармасының басшысы Сайран Тәпенұлының айтуынша, қазір аталған мектепке мыңнан аса балаға өтініш түскен. 

Сайран Тәпенұлы
Фото: Жас Алаш

"1002 баланың 779-ы мемлекеттік тілде білім алуға өтініш берген, 223 ата-ана орыс тілінде білім алуға арыз берген. Оның ішінде 1000 оқушының тек 633-і сол ауданға жатады. Демек алдымен заңға сәйкес солар мектепке қабылданады. 663 оқушының 611-і қазақ тілінде оқуға өтініш берді. Бұдан бөлек 225 қазақ тілінде сабақ беретін мұғалым осы мектепке қабылданды. 12 ұстаз ауысып келеді. Орыс сыныптарында жұмыс істейміз деген оқытушылардан арыз түспеді. 7 ұсыныс қана келді. Келесі апта ІІ тоқсан басталады. Мектеп қазақ тілінде ашылады. Орыс тіліне тапсырған ата-аналарға "кадр мәселесі бойынша балаларыңызды қабылдай алмаймыз" деп айтып жатырмыз", - дейді Білім басқармасының басшысы.

Қалалық білім басқармасының басшысы алдағы уақытта орыс тілді ата-аналардан арыз түссе орыс сыныптарының да ашылуын жоққа шығармады. "Заң бәрімізге ортақ" дейді.

Дегенмен, бұл жауап ата-аналарды қанағаттандырмады. Олар «қазақ мектебі ашылады» деген бастапқы уәденің өзгергеніне наразы.