Алматыда ардагер профессор Кәкен Қамзин алаяқтардың арбауына түсіп, үйінен айрылғалы отыр

Алматыда белгілі профессор Кәкен Қамзин қартайған шағында баспанасынан айырылу қаупімен бетпе-бет келіп отыр. Оны белгісіз алаяқтар алдап, үйін сатқызып жіберген.
Алдымен өздерін «Энергосбыт» қызметкерлері ретінде таныстырған адамдар Қамзиннің жеке деректерін – мекен-жайы мен ЖСН-ін біліп алған. Артынша басқа біреулер Ұлттық қауіпсіздік комитетінің атын жамылып хабарласып, үйін тартып алғалы жатқан күмәнді топтар барын айтып, шұғыл түрде үйін сату қажеттігін алға тартқан.
Алаяқтар оған үйін сатып, ақшаны «Ұлттық банктің арнайы қауіпсіз шотына» салу керек деген желеумен курьер арқылы қолма-қол ақша алып кеткен.
Қазір бұл факт бойынша Алматы қаласы Әуезов аудандық полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің тиісті бабымен тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Зейнет жасындағы профессор өз үйінде жалғыз тұрып жатыр.
Айбар Олжаевтың айтуынша, үйді сатып алған азаматтар пәтерді босатуын талап еткен.
Қазір профессор Қамзин өз үйінде қорғаныс шебі секілді баррикада құрып алған.