Алматыда автобуста әйел жолаушының алтыны мен 4 млн теңгесін қолды қылған
Алматыда маршруттық автобуста қалта ұрлығы тіркелді. Полицияның хабарлауынша, күдікті адам көптігін пайдаланып, жолаушы әйелдің сөмкесінен байқатпай ақшаны, сондай-ақ алтын әшекейлерді ұрлап кеткен.
Жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын 4,1 миллион теңгеден асады.
Алматы қалалық полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының бастығы Асхат Даулетияровтың мәліметінше, жедел-іздестіру және тергеу шаралары барысында күдіктінің қылмысқа қатысы әшкереленген.
«Тінту кезінде ұрлық фактісін растайтын заттай дәлелдемелер, оның ішінде ұрланған мүліктің бір бөлігі тәркіленді. Сонымен қатар күдіктінің кінәсі қоғамдық көлік салонында орнатылған бейнебақылау камераларының жазбаларымен де дәлелденіп отыр», – деді ол.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда.